Қынжылсақ та мойындауымыз қажет: Қазақстан автокөлік жасаушы державаға айнала алмады. Елде айналдырған 2 автозауыт қана бар, олар сол бойы машиналарды шетелден шашылған күйде әкеліп құрастырумен айналысуда. Яғни, импортқа тәуелді сала. Мемлекеттен мол демеуқаржы алғанымен, удай қымбат өнімдері бәсекеге қабілетсіз. «Азия Авто» айналасындағы дау елдің көңілін қалдырып, тіптен түңілте түсті. Баласына көңілі толмаса қазақ: «іштен шыққан шұбар жылан» деп торығып жатады. Кез келген ата-ана бар жақсысын баласының аузына тосады. Ал егер ол әке-шешесінің тілін алмаса, іске қырсыз болса, есейсе де масыл болып отырса не істемек керек? «Айналайын, енді өз күніңді өзің көр!» деп есті ата-ана бөлек шығарар еді. Биліктің зор арман-амбициясының бір туындысы – қос автозауыт мемлекеттің төл перзенті секілді. Оларды байыту үшін, тіпті «Отандық өндірушіні қолдайық!» деген ұранмен барлық мемлекеттік органдар солар құрастырған көліктерге көшірілді. Осы орайда, телеарналардан таралып, дүмпуі жер жарған дауылпаз даңғыры мен керней дауысы «отандық автокөліктердің шетелдік баламаларына қарағанда қымбат екеніне және бюджетке басы артық салмақ түсіретініне» назар аудартқан бірқатар министрдің үнін басып тастады. Оларды жатжұрттық автоиндустрияның лоббистері деп күстәналаған сарапшылар табылды. Бұл ретте елде құрастырылатын қарапайым марка немістің «мерседесінен» қымбатқа түсетіні көп ескерілмеді. Енді не болды?
Ақшадан уәде күшті
Таяуда «Азия Авто» басшылығы шу көтерді. Ол кәсіпорынды күйретіп жатыр деп биік лауазымды билік өкілдерін кінәлады. Дегенмен мәселенің мәнісі мүлдем басқаша болып шықты. Биылғы 14 мамырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіпорындарымен келісімнің бұзылғаны туралы ақпарат жариялады. Ведомство осы кәсіпорындармен арада жасалған моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қатысты қасақана жалған ақпарат таратылып жатқанын ескертті. Сондықтан түсініктеме беруге бел буыпты. Министрлік Қазақстанның және Еуразиялық одақ елдерінің 10 кәсіпорнымен автокөлікті өнеркәсіптік құрастыру жөнінде 19 келісім бекітті. Дәл осы келісімдер аясында әр компания өзіне міндеттеме алды: нақтылай кетсек, олар көлік бөліктерін балқытып біріктіру, бояу және құрастыру технологияларын Қазақстанда жолға қойып, жергілікті мазмұн үлесін ұлғайтуы тиіс. – «Азия Авто» және «Азия Авто Қазақстан» өнеркәсіптік құрастыру туралы міндеттемелерін орындамады. Ал өзге кәсіпорындар шанақ-кузовты дәнекерлеудің және бояудың технологиялық жабдықтарын іске қосу міндеттемелерін жоспар-кестеге сай орындауда, – деді ИИДМ. Негізсіз айыптаулар шымбайына батса керек, меморган 2002 жылғы 20 желтоқсанда салтанатты түрде ашылған Өскемендегі автозауыттың мемлекеттен тоқтаусыз қолдау көріп келгенін еске салды. – Кәсіпорын өз қызметін бастаған күннен бері қосымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, мемлекеттік преференциялар иеленді. Бұдан бөлек, төлеген утилизациялық алымы да қайтарылып, ынталандырылды. Министрлік келісім аясында өзіне міндеттеме алған отандық кәсіпорындардың барлығына мемлекеттік қолдау көрсетеді, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері. Үкімет ұзақ жыл компанияға қазақстандық болғаны үшін еш шартсыз қолдау көрсетіп келді. 2010 жылғы 24 маусымда «Азия Авто» АҚ-мен арада моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылады. Онда автозауыт 2017 жылғы 1 маусымнан бастап автомобиль шанағын дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операцияларды Қазақстанда жолға қоюға уәде етеді. «Бірақ ол міндеттемені орындаған жоқ. Ал «Азия Авто Қазақстан» АҚ 2012 жылғы 19 желтоқсанда бастапқы мемлекеттік тіркеуден өтті. Кәсіпорын сол бойы пайдалануға да берілген жоқ. 2012 жылы «Азия Авто Қазақстан» 2019 жылғы 1 желтоқсаннан бастап көлік шанағын балқытып, біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесін ала отырып, көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойды. Алайда ол да міндеттемесін орындамады», – дейді ИИДМ.«Үш секірдің, тұтылдың»
Билік өз сөзінде тұрмайтын компаниямен келісімін сақтау үшін барын салыпты. Тіпті, мерзімді созбалаңға салуына рұқсат етіпті. – Автозауыттың өз міндеттемелерін орындауға дайын емесін ескере отырып, оны іске асыру мерзімін ұзарту мақсатында 2017 жылдың басында қос компания көпжақты келісімге қол қою туралы министрлікке өтініш білдірді. Сол жылғы 7 сәуірде ведомство олармен бірге міндеттемелер мерзімін 2019 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартатын көпжақты келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, өндіруші келесі жылдың 1 сәуіріне дейін уәкілетті органға жоспардың орындалуы туралы мәліметті, яғни келісім кезеңін жүзеге асыру кестесін ұсынуы тиіс. Нәтижесінде, 2020 жылғы есепте «Азия Автоның» 10 жылдай уақыт бұрын өз мойнына алған міндеттемелерін енді көпжақты келісім аясында да аяқасты етіп отырғаны расталды, – деп мәлімдеді ИИДМ. Осыдан кейін келісім дереу бұзылған болар? Жоқ. Министрлік ары қарай екі компанияға анықталған бұзушылықтарын 1 ай ішінде жою қажет деп 11 сәуірде жазбаша түрде хабарлама жібереді. Олар бұл жолы да ескертуге мән бермеді. Бұл төзім теңізін тасытқан соңғы тамшыға айналыпты: өз уәдесінде тұрмаған, тіпті соңғы ескертуге де құлақ аспаған өндірушімен келісім бұзылып отыр. Заң талабы – осылай!Отандық өнім орнына ресейлік шипажай
«Азия Авто» меморганның айыптауына жауап берді. Оның бас директоры Ержан Мандиев өз уәдесінде тұрмаудың бірнеше себебін атады: біріншіден, бұған теңгенің девальвациясы себеп болған көрінеді. Соның кесірінен, өткен жылы холдинг 97 млн доллар жоғалтқан деседі. Екіншіден, оның байламынша, компания сапалы құрылыс жүргізуге бағдарланған, бұл «ұзақ уақытты талап етеді». Рас, авто шанағын дәнекерлеп, бояйтын бір цех салуға он жылдай уақыттың неге жетпегені белгісіз. Мысалы, 1963 жылы Италияның Ferrari концернін бәсекелестікте шаң қаптыру үшін Американың Ford жеңіл көлік жасау компаниясы небәрі 3 жылда автожарыстарға арналған зымыран-көлік өндірісін жолға қойған. Адал бәсекелестіктің ғаламат қуаты деген – осы. Жария етілген дерекке жүгінсек, «дәнекерлеу мен бояу цехын салсын» деп осы уақыт бойы мемлекеттің салықтардан босатуы арқасында «Азия Авто» 374 миллион доллар ақша үнемдепті. Тиісінше, ел бюджеті осынша табыстан қағылды. Мұның сыртында облыс әкімдігі «Бизнестің жол картасы» аясында оның инфрақұрылым құрылысына 20 миллион доллардай көмек берген. Қазақстанда мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамаған компания Ресейдің Сочи қаласында 5 миллион долларға санаторий сатып алыпты. Енді оны әлеуметтік жоба ретінде көрсеткісі келеді. Негізі, «Азия Автоны» ресейлік «АвтоВаздың» бірегей импорттаушысы саналатын «Бипэк Авто» құрған болатын. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, компания қызметкерлерінің басым көпшілігі – ресейліктер. – Шынында да, Қара теңіз жағалауында санаторийіміз бар. Корпоративтік университетіміздің оқу сессияларының бір бөлігі сонда өтеді. Қызметкерлеріміз Ресей мен Қазақстанның 31 қаласынан сол жерге ұшып барады. Бизнес-жаттықтырушының басым көпшілігін Ресей нарығынан жалдаймыз. Ендеше кездесулердің Сочиде өтуі қисынды. Холдингтің үздік жұмыскерлері өз демалысын Сочиде өткізеді. Олардың Сочиде демалу құнының бір бөлігін компаниямыз субсидиялайды, – дейді «Азия Авто» бас директоры Ержан Мандиев. Үкіметтен зор қолдау көрген автозауыт өз еліміздің шипажайларындағы демалысты субсидияласа, орынды әрі әділетті болар еді.ЕАЭО талабына сәйкес келмейді
Қазақстан аты отандық, тегі импорттық автозауыттарын шетелдік бәсекелестерінен ұдайы қорғаштап келеді. Тіпті, осы мақсатта утилизациялық алым дегенді ойлап тауып, Армения, Қырғызстан, Моңғолия мен Беларусьтен арзан көлік әкелінуіне тосқауыл қойылды. ИИДМ дерегінше, жеңілдікті автонесиелендіру үшін 2015 жылдан 2019 жыл аралығында бюджеттен жалпы сомасы 42 миллиард теңге бағытталды. Осы қаражаттың 21,7 миллиард теңгесі «Сарыарқа автоөнеркәсіпке», ал 20,3 миллиарды «Азия Автоға» арналды. 2019 жыл қорытындысында барлық қаражат толық игерілді. Бүгінде «револьверлік» тәсілмен қаржы қайта игерілуде. 2019 жылы Ұлттық банк жеңілдікті автонесиелендірудің төл бағдарламасын іске қосты. Оны қаржыландыру биылға қарастырылды. Бұл бағдарлама аясында 5 жыл бойы, яғни 2024 жылға дейін жыл сайын 20 миллиард теңге бөлініп отырады деп жоспарланған. Алайда қазақстандықтар, тіпті 4% арзан кредитке ұсынылса да, «отандық» көлікке көп құлшынбай, кез келген жолмен өзге елдерден автокөлік айдап әкелуге ұмтылады. Оған тоспа қою шаралары әлеуметтік кернеуді өршітуде: қарапайым қазақстандықтар сырттан арзан әрі жаңа көлік әкелу мүмкіндігінен қағылды. Биылғы 11 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссияның қорытынды отырысында Үкіметке инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша жергілікті мазмұн үлесін 40-тан 60-70 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды. Демек, инфрақұрылымға жауапты ИИДМ дәнекерлеу және бояумен шектеле бермей, автоиндустриядан отандық материалды және құрал-жабдықты барынша молынан пайдалануды талап еткені жөн. «Азия Авто» көлік қозғалтқышын Қазақстанда шығаруға инвестиция салмайтынын кесіп айтты. Соған қарамастан салықтық жеңілдіктер ала бергісі келеді. Е.Мандиев егер мемлекет одан айырса, сатылатын автомобильдердің бағасына кері әсер етіп, оны қымбаттататынын жеткізді. Салыстыру үшін айтсақ, отандық автокәсіпорын KIA Sportage кроссоверін биыл 9,2-12,2 миллион теңге аралығында ұсынады. Ал қазақстандықтар 2018 жылы жасалған дәл осындай KIA Sportage жаңа көлігін Армения автосалондарынан 10 мың 300 долларға (4,3 млн теңгеге) айдап әкеліпті. Бірақ утилизациялық алым кесірінен оның бағасы екі еседей қымбаттап шыға келген. Аты ғана отандық көліктердің онсыз да удай бағасы ары қарай өссе, оның халыққа және мемлекетке қажеті қанша? Бұл бүкіл елді асырайтын ауыл шаруашылығы емес. Бұқара жеңіл көліксіз-ақ күнін көреді. Шалқыған бай адамдар отандық кәсіпорындар құрастыратын Ресей, Қытай, Корей көліктеріне қызықпайды. Сонда қазіргідей дағдарыс шағында бұл саланы ары қарай дотациялаудың қажеті қанша? Айтпақшы, «Азия Авто» қағылған салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың игілігін Ресей, Беларусь автоконцерндері көріп отыр. Өйткені 10 кәсіпорынмен автокөлікті өнеркәсіптік құрастыру жөнінде 19 келісім бекітілген. Қазақстанда құрастырылған көліктерді дамыған елдер түгіл, іргедегі қос алпауыттың да алмайтыны анықталуда. Instagram парақшасындағы тікелей эфир кезінде: «Неге отандық зауыттар ішкі нарықты қыспаққа ала бермей, халықаралық нарықты игермейді?» деген сауал қойылды. Өз жауабында «Азия Авто» Ресейге жеңіл көлік экспорттауға Еуразиялық одақ регламенті мүмкіндік бермейтінін мәлімдеді. «Қазақстандық автокөліктерді Ресейге экспорттау қашан басталады? Жаңа өндірісте дәнекерлеу мен бояу іске қосылғанда ғана. Сонда ғана ол өнім қазақстандық деп танылады және одақ ережесі бойынша Ресей нарығына еркін қол жеткізе алады» деп түсініктеме берді компания. Е.Мандиев «Азия Авто» 2017 жылға дейін Қытайға 1 мыңнан астам «темір тұлпар» сата алғанын айтады. 2018 жылы ҚХР көршісінің мұндай өнімінен бас тартып, тосқауыл қойып тастапты.