Қадір түніндегі құлшылық
Қадір түніндегі құлшылық
Рамазан айы да аяқталуға жақын қалды. Рамазан – айлар­дың сұлтаны, ал оның ең құнды, ең қасиетті түні  – Қадір түні. Өйт­кені бұл түн бүкіл адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары тү­се баста­ғаны­мен ерекше. Қасиетті түн оразаның соңғы он кү­нінде, оның ішінде тақ күндердің бірінде болады. Сондықтан ис­лам ға­лым­дары оның нақты уақытын айта алмайды. Мұ­сылмандар Ра­мазан айының соңғы он түнін де құлшылықпен өт­кізіп, Жарат­қанға жақын­дай түсу үшін де дәл атап көр­се­тіл­месе керек. Десе де, Қа­дір түні Рамазан айының 27-і түніне сәй­кес келеді деген риуаятқа сәй­кес, мол үміт күтетін түн ретін­де арнайы күн бел­гіленеді. Биыл қазақстандық мұсыл­мандар Қадір түнін мамыр айы­ның 19-ынан 20-сына қараған түні күтеді.  

Карантин талабы сақталуы тиіс

Елімізде індеттің кең та­ралуы­на байланысты тарауық жә­не өзге де на­маздар тек үй­де оқылып келеді, көпшілікті жи­на­п, ауызашар беруге шектеу қойылған. Құлшылық орны тек эпидемиологиялық жағдайы тұрақ­ты аймақтарда ғана ашық. Азаматтар таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін мешітке келіп, пітір садақа беруіне болады. Ко­ронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы осындай шешім қа­­былдады. Сон­дықтан Қадір тү­нін де үйде өткізу ұсынылды. Қа­дір түнінің маңызы жайлы Қа­зақстан Мұсылмандары ді­ни басқармасының төрағасы Нау­рызбай қажы Тағанұлынан сұраған едік. Бас мүфти қауіп толық сейіле қоймаған қазіргі кезеңде Қадір түнінде әр адам өз үйінде мінәжат етуі қажет екенін баса айтты. «Биыл­ғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 07:00-мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Осы Үндеуге түсіністік та­нытып, карантин талаптарын сақ­тайсыздар деген сенімдеміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.  

Рамазан моральдық кемелдікке жетелейді

Рамазан ашты тойдыратын, көңіл күйі жоқ адамды күлдіретін, мұқ­таждың жағдайына қарай­ла­сып, кедейге байдың үлесін тара­тып, зекетін беретін ай. Соған сай сауаптардың да еселенетін айы. Жақында Түркістан облысын топан су басып, көптеген отбасы қиын жағдайда қалғаны белгілі. Мем­лекеттің көмегінен бөлек ай­мақтардағы мешіттер де Түркістан облысына қолұшын созып жатыр. Бас мүфти Қасиетті Қадір түнінде су тасқынынан зардап шеккен аза­маттарға дұға етуге үндеді. «Қа­зақстан Мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір кешінде Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қа­тысып, насихат тыңдауға то­лық мүмкіндік бар. Осы ретте барша қауымды қасиетті Қадір түнінде Түркістан облысындағы тас­қын судан зардап шеккен жер­лестерімізге дұға жасауға үн­дейміз. Жаратқан Жаббар Иеміз жер бе­тінен жұқпалы індетті жойып, жақ­сы­лықта жүздесуді нә­сіп еткей», – деді Наурызбай қа­жы Тағанұлы. Түркістан облы­сы Мақтаарал ауданындағы жер­лестерімізге әр облыстағы ме­шіттердің қолдауымен азық-тү­лік тиелген жүк көліктері жі­бері­ліп, «Зекет» қорының ұйым­­­дастыруымен, облыстағы мешіттердің атсалысуымен 10 миллион теңге аударылды. Сон­дай-ақ Төлеби ауданындағы тас­қын судан зардап шеккен жер­лес­терімізге де қайырымдылық көмек беру жоспарланып отыр.  

Алла, әлем және адам арасын­дағы шынайы байланыстың кілті берілген түн

Қадір түнінің маңызы Құран­ның сол түні түсе бастауында жа­тыр. Кейбір ғалымдар Қадір тү­­нінің мың айдан артық екенін ай­тады. Мың ай шамамен сексен төрт жыл деп есептесек, бұл түн, осын­шама жыл бойы жасаған құл­шы­лықпен тең дәрежеде болады екен. Басты шарт түні бойы көз іл­мей отыруда емес, басты шарт – құлшылықта. Діндер тарихына терең көз жү­гірткен елімізге белгілі дін­та­ну­шы Досай Кенжетай адам­затты үлкен трансформацияға ұшыратқан дін ислам діні екенін айтады. Бү­­гінгі ғылыми жетістіктер, тех­но­логиялық, техникалық жаңа­лық­тар, психоаналитикалық ұста­нымдар, рухани, болмыстық, теологиялық талдаулар, ислам дінінің ғылымға жол ашуы арқылы қалыптасты. Сондықтан бүгінгі Батыс, Шығыс және Будда әлемі сенсе де, сенбесе де, мойындаса да, мойындамаса да Қадыр түнінің мәніне терең үңілгені дұрыс деген пікірін білдірді. Қасиетті Қадір түнінде Алла аяттары арқылы адамзаттың бүгінгі беталысын рет­­тейтін үлкен жүйенің негізін жі­берген. Ол негіз Құранда бола­тын. «Ақыл, ғылым және ерік. Ақы­лы бар адамда жауапкершілік бо­лады, еркі бар адамда иелік сезімі болады, ғылымы бар адамда өлшем болады. Жауапкершілік адам­ның өзін тануынан басталады. Өзін таныған адам ғана Алланы таниды. Ерікті адам тек Аллаға ғана құл, адамзатқа ұл болып, бар әлемді өзіне тиесілі бауыр-туыс ретінде көреді. Ал өлшемі бар адам осылардың жақсы-жаманын ажыратып, салыстырып, үш уа­қытты тұтастандырып, Алла, әлем және өзін байланыстыра алады. Сонда ғана адам Алланың бір және бар ұстанымын сезіне алады», – дейді Досай Кенжетай. Қадара етістігі арабша өлшемді білдіреді. Ғалым Досай Кенжетай бұл өлшем адамзатқа жақсы мен жаманның, ақ пен қар­а­ның, жарық пен зұлматтың, махаббат пен ғадауаттың, иман­дылық пен асылықтың және сол секілді дүниелердің аражігін ажыратып бергенін айтады. «Адамзат тарихы шындығында Құраннан бұрынғы және Құраннан кейінгі деп бөлінеді. Себебі тарих тек саяси оқиғалар тізбегі ғана емес, ол адамдық рухани әлемінің ой-санасының тарихы. Адамның адам екенін, өзара тең жаратылғанын, жаратылысының бір екендігін осы Қадыр түні әйгіледі. Қала бер­ді ер мен әйелдің де бір екен­дігін осы Қадір түні анықтап бер­ді. Бұрын әйел ерден төмен, құл­дар мен ақсүйектер, небір касталар, сыныптар, дәрежелер мен деңгейлер жаратылыстан деп келген адамзат енді Құран арқылы оларды да Алла жаратқан деп таныды. Сол кезеңдегі Арабия түбегіндегі ахлақи азғындық дең­гейін тарихтан оқып отырып, Алланың адамзатты ең төменгі азғындық сатысынан ең жоғары моральдық кемелдікке қалай алып шыққанын көруге болады. Сол кеңістік, сол уақыт аралығы, пайғамбардың ұстаздығы арқылы Алла адамзатқа мейіріммен үлгі жол салып берді», – деді Досай Кенжетай. Дінтанушының сөзінен түйгеніміз, бүгінгі мәселе осы үлгі­ні негізге ала отырып, әртүрлі ұлттар мен түрлі қауымдар өз кеңістігінің мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асыруы шарт. Қорыта айтсақ, Қадір түнін ғибадатпен өткізіп, өзі үшін, әке-ше­шесі үшін, туған-туыстары мен барша мұсылмандар үшін, ел ертеңі мен ұрпақ қамы үшін тілек тілеу ойымызды тазартып, санамызға сілкініс әкелуі қажет. Рамазан айы тек құлшылық айы емес, мейірімнің, қамқорлықтың, ізгі істердің, сыйластықтың, адам бойындағы ізгі қасиеттерді аша түсетін, соған барынша ұмтылыс жасайтын кезең екенін ұғынсақ деймін.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=