Рамазан айы да аяқталуға жақын қалды. Рамазан – айлардың сұлтаны, ал оның ең құнды, ең қасиетті түні – Қадір түні. Өйткені бұл түн бүкіл адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары түсе бастағанымен ерекше. Қасиетті түн оразаның соңғы он күнінде, оның ішінде тақ күндердің бірінде болады. Сондықтан ислам ғалымдары оның нақты уақытын айта алмайды. Мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін де құлшылықпен өткізіп, Жаратқанға жақындай түсу үшін де дәл атап көрсетілмесе керек. Десе де, Қадір түні Рамазан айының 27-і түніне сәйкес келеді деген риуаятқа сәйкес, мол үміт күтетін түн ретінде арнайы күн белгіленеді. Биыл қазақстандық мұсылмандар Қадір түнін мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түні күтеді.
Карантин талабы сақталуы тиіс
Елімізде індеттің кең таралуына байланысты тарауық және өзге де намаздар тек үйде оқылып келеді, көпшілікті жинап, ауызашар беруге шектеу қойылған. Құлшылық орны тек эпидемиологиялық жағдайы тұрақты аймақтарда ғана ашық. Азаматтар таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін мешітке келіп, пітір садақа беруіне болады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы осындай шешім қабылдады. Сондықтан Қадір түнін де үйде өткізу ұсынылды. Қадір түнінің маңызы жайлы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлынан сұраған едік. Бас мүфти қауіп толық сейіле қоймаған қазіргі кезеңде Қадір түнінде әр адам өз үйінде мінәжат етуі қажет екенін баса айтты. «Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 07:00-мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Осы Үндеуге түсіністік танытып, карантин талаптарын сақтайсыздар деген сенімдеміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.Рамазан моральдық кемелдікке жетелейді
Рамазан ашты тойдыратын, көңіл күйі жоқ адамды күлдіретін, мұқтаждың жағдайына қарайласып, кедейге байдың үлесін таратып, зекетін беретін ай. Соған сай сауаптардың да еселенетін айы. Жақында Түркістан облысын топан су басып, көптеген отбасы қиын жағдайда қалғаны белгілі. Мемлекеттің көмегінен бөлек аймақтардағы мешіттер де Түркістан облысына қолұшын созып жатыр. Бас мүфти Қасиетті Қадір түнінде су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға дұға етуге үндеді. «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір кешінде Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар. Осы ретте барша қауымды қасиетті Қадір түнінде Түркістан облысындағы тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізге дұға жасауға үндейміз. Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсылықта жүздесуді нәсіп еткей», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы жерлестерімізге әр облыстағы мешіттердің қолдауымен азық-түлік тиелген жүк көліктері жіберіліп, «Зекет» қорының ұйымдастыруымен, облыстағы мешіттердің атсалысуымен 10 миллион теңге аударылды. Сондай-ақ Төлеби ауданындағы тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізге де қайырымдылық көмек беру жоспарланып отыр.Алла, әлем және адам арасындағы шынайы байланыстың кілті берілген түн
Қадір түнінің маңызы Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Кейбір ғалымдар Қадір түнінің мың айдан артық екенін айтады. Мың ай шамамен сексен төрт жыл деп есептесек, бұл түн, осыншама жыл бойы жасаған құлшылықпен тең дәрежеде болады екен. Басты шарт түні бойы көз ілмей отыруда емес, басты шарт – құлшылықта. Діндер тарихына терең көз жүгірткен елімізге белгілі дінтанушы Досай Кенжетай адамзатты үлкен трансформацияға ұшыратқан дін ислам діні екенін айтады. Бүгінгі ғылыми жетістіктер, технологиялық, техникалық жаңалықтар, психоаналитикалық ұстанымдар, рухани, болмыстық, теологиялық талдаулар, ислам дінінің ғылымға жол ашуы арқылы қалыптасты. Сондықтан бүгінгі Батыс, Шығыс және Будда әлемі сенсе де, сенбесе де, мойындаса да, мойындамаса да Қадыр түнінің мәніне терең үңілгені дұрыс деген пікірін білдірді. Қасиетті Қадір түнінде Алла аяттары арқылы адамзаттың бүгінгі беталысын реттейтін үлкен жүйенің негізін жіберген. Ол негіз Құранда болатын. «Ақыл, ғылым және ерік. Ақылы бар адамда жауапкершілік болады, еркі бар адамда иелік сезімі болады, ғылымы бар адамда өлшем болады. Жауапкершілік адамның өзін тануынан басталады. Өзін таныған адам ғана Алланы таниды. Ерікті адам тек Аллаға ғана құл, адамзатқа ұл болып, бар әлемді өзіне тиесілі бауыр-туыс ретінде көреді. Ал өлшемі бар адам осылардың жақсы-жаманын ажыратып, салыстырып, үш уақытты тұтастандырып, Алла, әлем және өзін байланыстыра алады. Сонда ғана адам Алланың бір және бар ұстанымын сезіне алады», – дейді Досай Кенжетай. Қадара етістігі арабша өлшемді білдіреді. Ғалым Досай Кенжетай бұл өлшем адамзатқа жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, жарық пен зұлматтың, махаббат пен ғадауаттың, имандылық пен асылықтың және сол секілді дүниелердің аражігін ажыратып бергенін айтады. «Адамзат тарихы шындығында Құраннан бұрынғы және Құраннан кейінгі деп бөлінеді. Себебі тарих тек саяси оқиғалар тізбегі ғана емес, ол адамдық рухани әлемінің ой-санасының тарихы. Адамның адам екенін, өзара тең жаратылғанын, жаратылысының бір екендігін осы Қадыр түні әйгіледі. Қала берді ер мен әйелдің де бір екендігін осы Қадір түні анықтап берді. Бұрын әйел ерден төмен, құлдар мен ақсүйектер, небір касталар, сыныптар, дәрежелер мен деңгейлер жаратылыстан деп келген адамзат енді Құран арқылы оларды да Алла жаратқан деп таныды. Сол кезеңдегі Арабия түбегіндегі ахлақи азғындық деңгейін тарихтан оқып отырып, Алланың адамзатты ең төменгі азғындық сатысынан ең жоғары моральдық кемелдікке қалай алып шыққанын көруге болады. Сол кеңістік, сол уақыт аралығы, пайғамбардың ұстаздығы арқылы Алла адамзатқа мейіріммен үлгі жол салып берді», – деді Досай Кенжетай. Дінтанушының сөзінен түйгеніміз, бүгінгі мәселе осы үлгіні негізге ала отырып, әртүрлі ұлттар мен түрлі қауымдар өз кеңістігінің мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асыруы шарт. Қорыта айтсақ, Қадір түнін ғибадатпен өткізіп, өзі үшін, әке-шешесі үшін, туған-туыстары мен барша мұсылмандар үшін, ел ертеңі мен ұрпақ қамы үшін тілек тілеу ойымызды тазартып, санамызға сілкініс әкелуі қажет. Рамазан айы тек құлшылық айы емес, мейірімнің, қамқорлықтың, ізгі істердің, сыйластықтың, адам бойындағы ізгі қасиеттерді аша түсетін, соған барынша ұмтылыс жасайтын кезең екенін ұғынсақ деймін.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ