Қара жерге қимайсың, қайран Ерді...
Қара жерге қимайсың, қайран Ерді...
213
оқылды
Бейсен Құранбектің қазасы – қалың қазақты күңірентіп кетті. Барша қазақ Бейсенін жоқтап жатыр... Халық ақ пейі­лімен шын сүйген ұлын ғана осылай жоқтайтын шығар. Елорда аспаны да кеше тү­неріп тұрды. Бір сәт күңіреніп, күркіреп, жоқтап, ағыл-тегіл ақта­рыла жылап та алды... Бұл – Бейсенін жоқтаған қазақтың көз жасы еді... Жақсы ағаның Facebook-тегі ең соңғы жазбасы әлі есімізде. «Үш нәрсені терең түсіндім. Білу – бөлек, түсіну – басқа. Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұй­қысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім... Бірінші, ұстазым жиі айтатын «бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол – ниеттің, тілектің, батаның күші» деген сөздің рас екенін. Екінші, халқымыздың «басты байлық – денсаулық» деп бірауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай, оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым. Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған «Байлық – қолға ұстаған мұз, Бақыт – басқа қон­ған құс, Бала – артта қалар із, бұл өмірдің қызығы – Сіз бен Біз» деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім. Менің ешқандай «заслугам» жоқ туған күнімде ақжарма ті­легін ақтарған баршаңызға мың қайтара алғыс айта отырып, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді. Бар болыңыздар!!!»... Біз оның бұл қиындықты жеңетініне сенген едік... Амал нешік... «Қайғысындай қазақтың – қайран тұлғаң, Қалай ғана сияды денең көрге?»... Теңдессіз талант, шын шебер, адал азамат! Жаның жәннатта болсын!

Айқындықтар

   

Қазақ елінің жүрегіне батқан ауыр қаза

Бейсен Құранбектің қазасы – қазақ журналистикасының ғана емес, қалың Қазақ елінің жүрегіне батқан ауыр қаза. Айтуға – ауыр қаза. Бейсен Құранбек – қазақ тележурналистикасына жан бітір­ген жігіт. Оның «Айтуға оңай» мен «Қарекет» бағдарламалары – халықтық хабарлар. Елдің мұңын мұңдады. Жоғын жоқтады. Жанын беріп жұмыс істеді. Қазақта «жанын шүберекке түйіп» деген сөз бар. Яғни, бар­лығын жиып қойып, елге қызмет жасау. Бейсен Құранбек сол – «жанын шүберекке түйген» жігіт. Сегіз қырлы, бір сырлы. Жақсы десең – жақсы, жайсаң десең – жайсаң! Елдің назарында болды. «Назарланып» қалған да шығар... Бейсен өлген жоқ! «Өлді деуге бола ма ойлаң­даршы, Өлмейтұғын артына сөз қал­дырған!» деген Абай сөзі осы Бейсен Құранбектей азаматтарға арналған тәрізді... Бейсенді – сүйікті Бей­сен Құранбегін жоқтаған от­басына, ел-жұртқа, телевизия сала­сындағы әріптестерге көңіл айтамын.  

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор

   

Сен алысқа аттанып кеттің...

Ол ұзақ ауырды... Қиналды. Таңғы жетіде үзіліп сала берді. Осыдан 6 ай бұрын туған күнінде: «Еее, бауырым, міне, тағы оздың, енді 10 ай бойы сен менен үлкен болып жүресің. Маған жеткізбес алыстағы «қылаң болған» До­санды қуып жеттің. «Ағаң бол­дым!» дейсің ғой жымиып. Соның өзі қызық дәурен, бірі құйрық, бірі жал болып, пен­делік пен пақырлықтың басы­нан қарғып, жарық дүниеде жа­рысып, жарасып жүргенге не жетсін, Бейсеке! Бақ деген біреуге – атақ, біреуге – мансап, сенің ба­ғың – 96 жастағы апам. Атақ пен мансапты шұлғаулыққа алмай, елордадан оралып, анаң­ның қо­лына су құйып жүр­сің. Қариядан уыстап алған ме­йіріміңді «Қарекет» арқылы қа­лың жұртқа тамшылата тараттың. «Қаруыңды ал, аттандық» десе, «қайда» деп сұрамастан атқа қонатын досы бар адамда арман жоқ шығар?» деп едің бірде. Жігіттер арасынан Азаматын іздеп отырасың. Соны тосын жет­кізесің. Сен өзі «біртүрлі» ойлайсың ғой. Сол ойларыңмен көпке қадірлісің» деп жазып едім... Амал нешік, Алла оны біздің арамыздан ерте алып кетті. Саба­ғынан ерте үзіліп түсті. Бақұл бол, бауырым!  

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, публицист