Киік тағдыры алаңдатады
Киік тағдыры алаңдатады
Ертеде көшпенділер ма­мыр айының басында аз ғана уақытқа созылатын күн­нің суытуын «құралайдың сал­қыны» деп атаған. Мұның да өзіндік мәні бар. Дәл осы уақытта киік төлдейді. Биыл да ел ау­мағында киіктің төл­деу мау­сымы жалғасып жатыр. Басынан қара бұлт арыл­маған осы дала сұлуы қазір өсіп-өнді ме? Қырғыны болса, оған не себеп? 1962 жылы Қазақстан же­рінде киіктерге авиасанақ өт­кізіліп, шамамен 650 мың бас анықталыпты. Ал 1971 жылғы санақта 1,3 млн киік бары жа­зылған. Осыдан кейін бұл аң жос­парлы түрде ауланып, Кеңес Одағы тұсында мемлекет қоры­на жыл сайын 3 млрд АҚШ дол­лары көлемінде пайда әкелген. Мұ­ның зардабы 1976 жылғы санақ­тан көрінгендей, 2 есеге азайып, 600 мың киік қалған. «Жы­ғыл­ғанға жұдырық» болып, дәл осы жылдары оңтүстікте қыс әдеттегіден қатты болды. Сол кезде халық 500 мыңға жуық ақбөкен аулаған екен. Бұл сөздің жалғаны жоқ. Өзіміз туып-өскен Сыр өңірінде үлкен кісілерден бұ­рындары ауыл ішінде ықтаған киікті адамдар қалай қырғанын талай естідік. Дегенмен өсімтал жануар 80 жылдары қайта 800 мыңға жеткенімен, киік қырғыны тыйылмады. 1984 жылы Еділ мен Орал құмында 250 мың, 1988 жылы Байқоңырдан зымыран ұшқан кезде бірнеше күннің ішінде 434 мың киік өлген екен. Соңғы 5-6 жылдағы жағдай да оңып тұрмағаны анық. 2015 жыл­ғы ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 180 мың шамасында киік қырылып қалды. Қазір елде 334 400 (2019 жылдың қорытынды санағы) мыңнан астам киік бар. Сонда сол жылы өлген киіктің саны қазір елде бар киіктің 55 па­йызға жуығына тең деген сөз. Шетелден шақырылған мамандар киіктің пастереллез (улану) ауруынан қырылғанын анықтады. Бірақ осы уланудың себебіне түрлі табиғи факторды келтіргенімен, ауру ошағын дөп басып айта ал­маған болатын. Киіктердің негізгі 5 популя­ция­сы бар. Соның негізгі үшеуі – Қа­зақстанда. Бетпақдала, Үстірт және Орал киіктері. 2018 жылға дейін киіктер орташа есеппен жылына 41 пайызға көбейіп отырған екен. Былтыр да жақсы өсім тіркелді. 2018 жылы елде 215 100 киік болса, 2019 жылы 334 мыңға жетіп, жылдық өсім 55 пайызды құраған. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет биыл күзде тағы санақ өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
– 2019 жылғы дерек бойынша, елдегі үш популяцияны қосқанда 334 400 киік бар. Биыл күзде санақ өтуі керек. Киік төлдеп жатқанын ескерсек, бұл сан біршама артқаны анық. Киіктер республикамыздың 10 облысында мекен етеді. Оларды әр өңірдегі аумақтық орман ша­руашылығы және жануарлар дү­ниесі инспекциясының қыз­мет­керлері мен «Охотзоопром» инспекторлары күзетеді. 123 млн гектар аумақта 200 инспектор бар. Бірақ киік қауіпсіздігі әлі өзекті. Төлдейтін маусымды ескеріп, 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында «Киік» акциясын ұйымдастырып, өзіміз бақылап жүрдік, – дейді маман.
Киік жайын айтқанда бра­коньерлердің де аты қоса шы­ғып жатады. Киіктің мүйізі өзіне қа­сірет болғандай. Тіпті, елдегі тө­тенше жағдай кезінде де бра­коньерлер тыйылмады. 11 сәуірде Қызылордада блок-бекетті екі Тойота Ланд Крузер автокөлігі айналып өтіп қашқан. Біреуі жолай аударылып қалып, адамдар екінші көлікке мініп, ізін суытып үлгерген. Аударылған көліктің ішінен киік еті мен 224 мүйіз, қару-жарақ табылған екен. Бұл бір ғана жағдай емес. 12 мамырда Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында 30 дана киік мүйізімен браконьер ұсталды. Астына мінген көлігі бұл жолы да Тойота Ланд Крузер. Байқасақ, браконьерлер жолсыз жерге арналған мықты темір тұлпарларды тізгіндейді, оның үстіне жарағы да сай. Инс­пектор Ерлан Нұрғалиев бр­а­ко­ньерлер қолынан қаза тапқан кез­де Қазақстанда қорықшыларға оқ өткізбейтін кеудешелер беру жайы қаралған. Бірақ бұл әңгіме де сол күйі жылы жабылды. Деген­мен заңсыз аңшылық жаса­ған­дар­мен олжа бөлісетін инс­пекторлар да бар сияқты. Мы­салы, жыл басында Қызылорда облы­сының Қармақшы ауданында «Охот­зоопром» қызметкерлері киік етімен ұсталды. Жалпы, 2019 жылы 700-ден астам киік браконьерлердің жемі болған. 641 ұша мен 284 киіктің мүйізі тәркіленген. Елдің табиғи ресурстарына 3,3 млрд теңге шы­ғын келген. Биыл да шығынсыз емеспіз. 18 браконьерлік оқиға тіркеліп, 383 ұша мен 594 киіктің мүйізі тәркіленген. Бұл 1 млрд тең­геден астам шығын екен. Қа­зақстанда браконьерлер 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бірақ жаза күшейгенімен тыйылып жатқан заңсыз аңшылар сирек.
– Біз өз аумағымызға тие­сілі Үстірт популяциясын бақылай­мыз. Өткен жылғы санақта 5 900 бас киік тіркелді. Киік көшпелі жануар болған соң Ақтөбе, кейде Қарақалпақстанмен шекаралас жерлерге дейін ауып кетеді. Оның үстіне, елсіз жерде аңшы көп. Браконьерлердің көбіне жақсы көліктер мінетіні жасырын емес. Бірақ инспекторлар бір-бірі­мен хабарласып отырып, ал­дын орағытады. Браконьерлер ауыз­дықталса, киік сөзсіз тез көбейер еді, – деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жа­нуар­лар дүниесі инспекциясы бас­шысының орынбасары Ғаббас Досатов.
    ТҮЙІН:  

Қазақ халқы мен киіктің та­биғаты бірдей секілді көрінеді кей­де. Көшпелі ғұмыр, даланың сырын ұғысқан ғұмыр. Бірақ сол киені адам өз қолымен құртып жат­қаны жанға батады. Қазақ «Аңсыраса – аңшы тоқтамайды» деуші еді. Тура біз­дің кебіміз.

 

 width=Мадияр ТӨЛЕУ