Жақсылық жасап жарыссақ...
Жақсылық жасап жарыссақ...
325
оқылды

Біз той жасаудан жарысқанда алдымызға жан салмаймыз. Пәтер мен көлік ауыстырудан да өзгелерді шаң қаптыратындар бар. Кіл аяғы киім киюден де бәсекелесетін бикелер болады. Асылы, нағыз жарыс, нағыз бәсеке жақсылық жасау емес пе?! Бір қуанарлығы, соңғы айда қайырымдылық жасаудан әдемі жарыс басталғандай. Әттеген-айы, оның барлығы саяси науқанның көлеңкесінде қалып қойғандай. Біз бүгін қайырымы мол қадірлі іске ұйытқы болғандар туралы айтуды жөн көрдік. Олардың игі ісі өзгелерге ой салса деген ниет. Себебі, кейіпкерлеріміз байлығы асқан олигарх емес, жүрегі жұмсақ қарапайым жандар.

Жуырда ғана Атырау маңын­дағы Еркінқала елдімекенінде волонтерлер көпбалалы ана Мейрамгүл Әмірғалиева­ға үй салып берді. Мейрамгүл балалары­мен бірге жалдамалы шағын үйде тұрып келген-ді. Үлкен ұлы сал ауруына шал­дыққан. Кіші балалары мектепте оқи­ды. Еріктілер аумағы 105 шар­­шы метр бола­тын баспа­наны ақпан айында сала бас­таған. «Көпбалалы анаға кө­мек ретінде ақша жинауға Қа­зақстанның басқа аймақ­тарының халқы да үлес қосты. Құ­рылыс материалдарын алуға жергілік­ті кәсіпкерлер көмектесті. Үйді салуға отан­дық құрылыс материалдары қолда­нылды. Қажетті жиһаз бен тұрмыстық техниканы да сатып әпердік», – деді жер­гілікті кәсіпкер Асхат Бағыт.

Алматы облысының Райым­бек ау­да­нында демеу­ші­лер күні кеше көп­ба­лалы 18 отбасыға үй сыйлады. Райым­­бек ауданының қақ­па­сы саналатын Сарыжаз ауы­лындағы Исаевтар әулеті – 7 бала тәрбиелеп отырған отбасы. Жомарт жандар бас­панадан бөлек, тұрмыстық техника, үй жиһаздарымен де қамтама­сыз еткен. Ресми дерекке сүйенсек, соң­ғы екі айда Алматы облысында 60-тан аса көпбалалы отбасы демеуші­лер­дің көмегімен баспаналы болыпты.

Қызылорда облысының Қазалы ау­данында қайырым­ды жандардың қол­дауы­мен тұрмысы төмен және көп­бала­лы отбасыларға баспана кілттері табысталды. Игілікті істің жүзеге асуына «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының белсенді азаматта­ры ұйытқы болған. Қор тұр­мысы төмен және көп­балалы 5 отбасыға баспана сатып алды. Жалағаш ауданның орталығында тұра­тын көп­ба­лалы ана Гүлмира Ақылбаева да аудан кәсіпкерлерінің көмегімен Ораза айты мере­кесінің алғашқы күнінде 2 бөлмелі үйге қол жеткізді. Ал Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшылығы мен мектеп директорлары тұрмы­сы төмен «Арай» шағынауда­нында тұратын екі баланың анасы Гүлсара Қуа­нышбаеваға баспана салып, сыйлады. Он жылдан бері қабырғасы ажырап тұрған үйде өмір сүріп келген отбасы енді жаңа үйде тұрып жатыр.


Түркістан облысының Қа­зығұрт ауданында «Қа­зақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы, кәсіпкер Сырым Ертаев бүгінге дейін жеке өз есебінен тұрмысы төмен 10 отбасыға баспана сыйлапты. Соңғы екі жылда Алтынтөбе ауыл округінен тұрмысы төмен – 2 отбасыға, Қарабау ауыл округінен – 3 отбасыға, Жаңабазар ауыл округінен – 2, жалпы 7 отбасыға үй салып берді. Қайырымды ісін жалғас­тырған Сырым Жі­гер­ген ауылынан – 1, Қазығұрт ауылынан 2 отбасыға баспана тарту етті.

Әлемде қайырымды елдердің рейтингін жа­сайтын ұйымдар бар. Бұл рейтингте Қазақстан әр жылдары 150-дей елдің ішінде 80-94-орындарда жүреді. Екі жыл бұрын рейтингтегі көр­сеткішіміз былтырға қара­ғанда әлде­қайда жақсы бол­ған. Былтыр соңғы орынға сырғи бас­тап­пыз. Әрине, қайы­рым­ды­лықты рейтинг үшін, жар­нама үшін жаса­майтынымыз белгілі. Десе де, кейде осы рейтингті түзу­шілер қа­зақтан асқан қайырым­ды жұрттың жоқ екенін білсе дейсің...


Тұмар МЫРЗА