Су аз болса да, тасқын көп
Су аз болса да, тасқын көп
407
оқылды
Су тапшылығы XXI ға­сырда адамзаттың бас ау­руына айналды. Осы бір ащы шындықты небір мү­йізі қарағайдай ғалымдар мен саясаткерлер мойын­даған. Соңғы 50 жылда әлем халқы 4-5 есе көбей­ген және бұл қарқын қа­таймаса, бәсеңдемейтіні анық. Жер бетіндегі су қо­ры азайып барады. Су мәселесі Қазақстанда да ерекше байқалады. Енде­ше неге жылда тасыған судың астында қаламыз? Мамандар Қазақстанның ин­дустриалды дамуына су тапшы­лығы кәдімгідей бөгет болуда деседі. Елдегі су ресурстарын 1 шар­шы шақырым ауданға шақ­қандағы көрсеткіш көршілес мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Құм басып жатқан Түркіменстанның өзінде Қарақұм каналы салынғаннан кейін біз мүлдем артта қалдық. Ең қызық парадокс: көктем сайын өңір-өңірде еріген қар суы жа­йылып, ондаған елді мекенді тас­қын алып жатады. Үйлер қирап, қора-қопсы құлап, мыңдаған адам жөңкіле жосылатын алапат су апаттары 2015 пен 2017 жыл­дары бірнеше облысты қамтыған. Жылда қайталанатын табиғат құбылысынан биліктің аузы күйген шығар деп үміттенесің. Бірақ үміт ақтала бермейді. Мысалы, биыл ерте көктемде Ішкі істер министрінің орын­басары Юрий Ильин 5 облыста жағдай қиын болады деп болжады. Сөзбе-сөз келтірейік. «Олар – Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары. Біз жергі­лікті атқарушы органдармен бірге өзен арналарын қопсыту, мұзды жару және тағы басқа шаралармен бастап кеттік. Ал Түркістан облы­сында су тасқыны болмайды», – деді шенеунік. Алайда табиғат болжамға көн­бейді екен. Жақында Мақтаарал­дағы тұтқиыл оқиға елдің есін шығарып, Үкіметтің үрейін ұшыр­ды. Әрине, бір қарағанда бұл жерде билікті жазғыру орын­сыз сияқты. Біреудің кесірі бі­реуге тиіп, су Өзбекстаннан ағып келді ғой. Дегенмен көршімен арада алыс-беріс, барыс-келіс бар, дипломатиялық қарым-қа­ты­нас бар. Иен аралды жалғыз өзіміз жайлап отырған жоқпыз. Қазақ басшылары сәл қырағылық танытып, күні бұрын қамданса, қауіптің алдын алуға болар ма еді?! Сонымен, тақырыптағы са­уал­ға жауап ізделік. Көктемде су тасқынынан зардап шегіп, жазда суға жарымайтынымыз қалай? Эколог Мұсағали Дуамбековтің пікірінше, басты себеп – жергі­лікті билік өкілдерінің дұрыс жұ­мыс істемеуі, өзен табандарының бітіп қалуы. – Қазір еліміздің жазық ай­мақтарында да су тасиды. Бұл ауыл шаруашылығы саласының дұрыс жұмыс істемеуі кесірінен. Өйткені бізде өзен арналары функциясын жөнді атқармайды. Біршамасы бітеліп қалған. Табаны қоқысқа толы. Көптеген өзен қажетті су мөлшерін өткізе алмай­ды. Сондықтан таулардан кішкене артық су келсе, мөлшерден сәл артық қар жауса, өзен ернеуінен асып, тасқынға айналады, – дейді маман. Ал эколог Мэлс Елеусізов су тасқыны проблемасын ғаламдық жылынумен байланыстырады. – Жер шарының темпера­турасы жарты градусқа көтерілді. Табиғат соны сезген секілді. Бү­гінде үлкен мұздықтар еріп жатыр. Алатау мұзының 40 пайызы еріп кетті. Осы жарты градус мұхит суларын буландырады. Соның әсерінен жауын-шашын көбейді. Ал Қазақстанда температура 0,75 градус көтерілген. Сол себепті су тасқыны мәселесі өздігінен ше­шілмейді, – деді Елеусізов. Танымал экологтың ойын­ша, соңғы 200 жылда адамзат мұ­найды көп жаққандықтан, атмосфераға көмірқышқыл газы шектен тыс бөлінеді. Сондықтан ағашты мо­лынан егу керек. Қазақстанда Ал­маты, Шығыс Қазақстан, Жам­был облыста­рында ғана орман бар, басқа жерде жоққа тән. Кө­мірқышқыл газын сол ағаш жұ­татыны белгілі. Сондай-ақ қо­қысты азайтып, өңдеу ісін жолға қойған жөн. Ондай жұмыстар аста-төк ақ­шаны қажет етпейді. Рас, тасқынның алдын алуға мемлекет жыл сайын қомақты қаражат жұмсайды. Әйтсе де, нәтиже шамалы. Шулаған жұрт, шұбырған мал, қаншама мате­риалдық шығын өз алдына, кісі шығыны да болады кейде. Мем­ле­кеттік органдар қатер бар еке­нін ескерткеннен өзге қандай қай­ран қыларын білмей дағдарады. Ресми статистикаға жүгінсек, Қазақстандағы тұщы су қоры – 190 текше шақырым. Су қой­маларының көлемі – 95 текше шақырым, өзен суы – 101 текше шақырым, жерасты суы – 95 текше шақырым, мұздықтар – 58 текше шақырым. Оның жартысы ғана республика аумағында қа­лыптасады, қалғаны Орталық Азия мемлекеттерінен, Ресейден және Қытайдан ағып келетін өзен суларынан құралады. Мұны бі­реулер жай ғана сан деп қабылдауы мүмкін. Ал шаруашылықтан сәл-пәл хабардар адам бұл деректен суды үнемдеу керегін, жауын-шашынның суын тиімді пайда­лану керегін ұғынар еді. Қарапа­йым ауызсудың қымбаттай түсуі де әркімді ойландыруы тиіс.  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ