Ақтауда криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері кәмелетке толмаған қыз баланы зорлады деген күдікпен ер адамды ұстады. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, күдікті – Ақтау қаласындағы «Волна» спорт кешенінде каратэ жаттықтырушысы. «Ол 2005 жылы туған шәкіртіне 2019 жылдың желтоқсанынан бастап бірнеше мәрте зорлық әрекетін жасаған деген күдік бар. 39 жастағы жігіт лезгин ұлтының өкілі» деп те айтылады кей ақпарат көзінде. Бұл мәліметтің анық-қанығы тергеу толық аяқталған соң белгілі болады. – Бір білеріміз, Маңғыстау облысының Полиция департаменті басшысы бұл қылмыстық істі жеке бақылауына алды. Қазір осы дерек бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалып отыр. Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-бөлігі (Адам зорлау) және 122-бабы 3-бөлігі (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау) бойынша тергеу жалғасуда. Заңның бұл баптарымен қылмыскерге 12-ден 17 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бүгінгі таңда күдікті сот санкциясымен қамауға алынып, тергеу изоляторында жатыр. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Тергеу мүддесіне және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, істің егжей-тегжейі жарияланбайды, – деп атап өтті Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің басшысы Амангелді Досжанов. Тәртіп сақшылары қала тұрғындарын босқа арандатпауға шақырады. Өйткені әлеуметтік желілерде қазақ қызының жәбірленгені, ал ер адамның тергеу абақтысында емес, үй қамауында болғаны туралы ақпарат тарап кетті. Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақтау қаласы Полиция басқармасының 102 кезекші пультіне тұрғындардан шақыру келіп түскен. – Бұл шақыруға Ақтау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны шықты. Оқиға орнына топтасқандар қылмыстық жағдайды анықтау үшін барғаны белгілі болды. Барлығы да Ақтау қалалық Полиция басқармасына жеткізілді. Облыс тұрғындарына карантин кезінде үш адамнан астам топтармен жиналуға тыйым салынғанын еске саламыз, – деп атап өтті аймақтық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Әлеуметтік желі арқылы тараған ақпараттарға байланысты өңірдің 10-нан астам жас жігіті шаһардағы №5 шағынауданындағы №4 үйдің ауласына жиналды. Жастардың барлығы Ақтау қалалық Полиция басқармасына жеткізілді. Оған қатысушылардың бірі – Еркебұлан Талғатұлы. Ол: «1996 жылы өмірге келдім. Біз қазақ қызын зорлаған лезгин жігітінің абақтыға қамалғанын білген жоқпыз. Соны ойлап бардық. Барғаннан соң бізге полиция қызметкерлері бәрін түсіндірді. Енді көзіміз жетті. Бір білместік болды», – дейді. Тәртіп сақшыларының профилактикалық әңгімелесуінен кейін барлығы үйлеріне жіберілді. WhatsApp мессенджерінен жәбірленуші мен күдіктінің жоғарыда көрсетілген іс бойынша жеке мәліметтері көрсетілген зорлау туралы хабарламалар жіберілген. Бұл деректер полицияда расталғандай шындыққа сәйкес келмейді. Амангелді Досжановтың айтуынша, зорлыққа ұшыраған қыз туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан азаматтар ҚК-нің 147-бабы 5-бөлігімен (Адамның жеке өміріне қол сұғу) фактісімен адамның жеке басына қатысты мәліметтерді таратқаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар екенін ескертеді. Көпшілікті дүрліктіріп, жалған ақпарат таратқан тұлғаны анықтауға бағытталған жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағанбетов журналистерге арналған брифингте: «Елімізде ұлтараздықты қоздыру және көрінеу жалған ақпарат таратуға жария түрде шақыруға заңмен тыйым салынған. Мұндай әрекеттерге бой алдырғандар Қылмыстық кодекстің 174 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады» деп нақтылады. Көпшіліктің мазасын қашырған іс бойынша тергеу амалдары аяқталған соң қылмыстық іс сотқа жолданады.
Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ