«Нұрлы жол» серпін береді
«Нұрлы жол» серпін береді
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы экономикаға ай­­тарлықтай әлеуметтік әсе­­рін тигізді. Көлік инфра­құры­­лы­мының жағдайы жақ­сарды. Рес­публикалық авто­кө­лік жол­дары, магистрал­ьды темір­жол желі­лері, логис­ти­калық инфра­құрылымдардың өткізу қабілеті артты. Бизнес үшін кө­ліктік шығындар азайып, кө­лік та­сы­малының халыққа қол­­жетім­ділігі ұлғайды. «Нұрлы жол» бағ­дар­ла­масының игілігін Атырау облысы да көріп отыр. Бұл ел экономикасының до­но­ры атанып отырған аймақтың әлеуе­тін еселеп арттыруға сер­пін беруде. «Нұрлы жол» бағдарламасының мақсаты – тиімді және бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру, транзитті және көлік қыз­метін дамыту. Сонымен қатар тех­но­логиялық және институционалдық ортаны жетілдіру арқылы эконо­ми­калық өсуге және ел халқының өмір сүру деңгейін арттыруға жәрдемдесу. «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы аймақтың дамуына ай­тарлықтай үлес қосуда. Премьер-Ми­нистр Асқар Маминнің төра­ға­лығымен өткен Үкіметтің се­лек­­­тор­­лық отырысында 2020-2025 жыл­­­дарға арналған «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру мә­се­лелері қаралған жиында Атырау облы­сының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндама жасаған болатын. Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің баяндауынша, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдың 422 шақырымын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында қайта жаңғырту қарастырылған. Бұл мақсатта биыл 34 млрд теңге бөлінген. Қайта жаң­ғыр­тылатын жобалар қатарына «Қандыағаш – Мақат» және «Атырау–Астрахан» тасжолдары кіреді. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған «Қандыағаш – Мақат» тасжолының 145 шақыры­мында қозғалысты жыл соңына дейін ашу жоспарда тұр. Ал ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау–Астрахан» Ресей елінің жол учаскесінде толық ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінге дейін жобаның 217 шақырым учаскесіне қатысты мердігерлік ұйымдармен келісімшартқа қол қойылып, дайындық жұмыстары жасалуда. Халықаралық авто­ма­гистральдың қалған 60 шақырымы республикалық бюджеттен жү­зеге асырылып, жыл соңында пайда­лануға беру көзделіп отыр. Екі ба­ғыттағы жол-құрылыс жұмыстарына 600 адам, 382 арнайы техника тар­тылған. Жол құрылысына қажет 300 кәсіби маман дайындау жоспар­лануда. Жуырда Атырауға арнайы іс­сапармен келген Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Роман Скляр «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық даму жұмыс­тарын көрді. Құрманғазы ауданына барған вице-премьер «Құрманғазы» өткізу бекетінің жұмысын және рес­публикалық маңызы бар «Ақтөбе–Атырау–Ресей шекарасы» автожолы құрылысының барысын тексерді. «Құрманғазы» автомобиль өткізу бекеті 2004 жылы көпжақты қарым-қатынас орнату үшін ашылды. Тәулік сайын Ресей елінің шекарасы арқылы екі жаққа 4 мыңға жуық адам мен 1мыңнан астам көлік құрал­дары өтеді. Сондай-ақ Роман Скляр және Махамбет Досмұхамбетов «Ақтөбе–Атырау–Ресей шекарасы» ав­томобиль жолының қайта құру учаскелерін барып көрді. Бұл жер­лерде мердігерлік ұйымдардың бас­шы­лары тұрақты жұмыс барысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары туралы баяндап берген болатын. Жауапты мамандардың ай­туын­ша, жолдың жалпы ұзақтығы – 893 шақырым. Оның ішінде 545 шақырым жол Атырау облысының аумағынан өтеді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде 432 шақырым қайта жаңар­тылады. Жол-құрылыс жұмыстары екі бағытта жүргізілуде. Вице-премьер нысандарды тек­серуді қорытындылай келе, облыс басшыларына құрылысты уақытылы және сапалы аяқтау бойынша мін­деттер жүктеп кеткен болатын. Жалпы, 2020 жылға жол-құры­лыс жұмыстарына 41,1 млрд теңге бөлінген. Таратып айтсақ, рес­пуб­ликалық бюджеттен – 26,4 млрд тең­ге, жергілікті бюджеттен – 14,7 млрд теңге бөлінген. Оған 180 ша­қырымға жуық жергілікті маңызы бар, қала және ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарға 4 500 адам тарту көз­делуде.  

Қайнаған тіршілік күрежолдың бойында

 Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Аймақаралық байланыстарды жақсарту елдің ішкі әлеуетін арт­тырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, эконо­микалық байланысын нығайтады. Ел іші­нен қосымша нарық ашатыны сөзсіз. Атырау облысында көлік инфра­құрылымын дамытуға өткен жылы 37 елді мекенге 230 шақырым жол салынды. Атырау облысы жолаушылар тасымалы және автокөлік жол­да­ры басқармасынан алынған мәлі­меттерге сүйенсек, биылғы жұ­мыс қар­қыны да бәсеңдемек емес. Тарқатып айтсақ, іске асырылу­дағы ірі жобалардың бірі облыстық маңызы бар «Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз» автомобиль жо­лының ұзындығы 123 шақырымдық «Қарабау-Миялы» аралығы қайта жаң­ғыртылды. Осы жолда орналасқан «Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз» автомобиль жолының ұзындығы 87 шақырымды құрайтын «Индер–Қарабау» аралығын қайта жаңғырту 2019 жылы басталып, қазіргі таң­да жол-құрылыс жұмыста­ры жүр­гізілуде. Республикалық маңыз­дағы «Ақтөбе–Атырау» мен «Атырау–Астрахан» автомобиль жол­­дарын жалғайтын ұзындығы 26 шақырымдық Атырау қаласының солтүстік айналма автомобиль жолы­ның жоба-сметалық құжат­та­­масы жасақталуда. Құрманғазы ауда­нының «Ақкөл–Қызылоба–4-разъезд–Қиғаш» автожолын қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттамасы жасақталып, 2020 жылға жол құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Ұзындығы 282 шақырым облыстық маңызы бар «7-разъезд–Асан–Азғыр–Балқұдық–Сүйіндік» жолының бойында орналасқан 11 сорды жаңа технологиямен жөндеу жұмыстары жүргізілуде және осы жолдың 0-36 шақырым аралығын орташа жөндеуге жоба-сметалық құжаттамасы жасақталды. 5,5 ша­қырым­дық Доссор кентінен айналма жол құ­рылысының техникалық эконо­микалық негіздемесі жасақ­талып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Осындай қыруар жұмыстармен қатар, облыстың жеті ауданы, тара­тып айтсақ Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер, Мақат, Жылыой аудандарының автомобиль жолдары мен ауданға кірер жолдар мен ауылішілік жол­дары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа­дан тасжолдар төселетін болады. 2019 жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңыз­дағы жолдың жақсы және қанағат­танарлық күйдегі үлесі 57 пайызды құрады. 2020 жылы орындалатын жұ­мыстар нәтижесінде көлік инфра­құрылымы бағытындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру ар­қылы бұл көрсеткішті 61 пайызға жет­кізу жоспарланған.    width=     Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы