«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы экономикаға айтарлықтай әлеуметтік әсерін тигізді. Көлік инфрақұрылымының жағдайы жақсарды. Республикалық автокөлік жолдары, магистральды теміржол желілері, логистикалық инфрақұрылымдардың өткізу қабілеті артты. Бизнес үшін көліктік шығындар азайып, көлік тасымалының халыққа қолжетімділігі ұлғайды. «Нұрлы жол» бағдарламасының игілігін Атырау облысы да көріп отыр. Бұл ел экономикасының доноры атанып отырған аймақтың әлеуетін еселеп арттыруға серпін беруде. «Нұрлы жол» бағдарламасының мақсаты – тиімді және бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру, транзитті және көлік қызметін дамыту. Сонымен қатар технологиялық және институционалдық ортаны жетілдіру арқылы экономикалық өсуге және ел халқының өмір сүру деңгейін арттыруға жәрдемдесу. «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы аймақтың дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралған жиында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндама жасаған болатын. Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің баяндауынша, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдың 422 шақырымын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта жаңғырту қарастырылған. Бұл мақсатта биыл 34 млрд теңге бөлінген. Қайта жаңғыртылатын жобалар қатарына «Қандыағаш – Мақат» және «Атырау–Астрахан» тасжолдары кіреді. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған «Қандыағаш – Мақат» тасжолының 145 шақырымында қозғалысты жыл соңына дейін ашу жоспарда тұр. Ал ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау–Астрахан» Ресей елінің жол учаскесінде толық ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінге дейін жобаның 217 шақырым учаскесіне қатысты мердігерлік ұйымдармен келісімшартқа қол қойылып, дайындық жұмыстары жасалуда. Халықаралық автомагистральдың қалған 60 шақырымы республикалық бюджеттен жүзеге асырылып, жыл соңында пайдалануға беру көзделіп отыр. Екі бағыттағы жол-құрылыс жұмыстарына 600 адам, 382 арнайы техника тартылған. Жол құрылысына қажет 300 кәсіби маман дайындау жоспарлануда. Жуырда Атырауға арнайы іссапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық даму жұмыстарын көрді. Құрманғазы ауданына барған вице-премьер «Құрманғазы» өткізу бекетінің жұмысын және республикалық маңызы бар «Ақтөбе–Атырау–Ресей шекарасы» автожолы құрылысының барысын тексерді. «Құрманғазы» автомобиль өткізу бекеті 2004 жылы көпжақты қарым-қатынас орнату үшін ашылды. Тәулік сайын Ресей елінің шекарасы арқылы екі жаққа 4 мыңға жуық адам мен 1мыңнан астам көлік құралдары өтеді. Сондай-ақ Роман Скляр және Махамбет Досмұхамбетов «Ақтөбе–Атырау–Ресей шекарасы» автомобиль жолының қайта құру учаскелерін барып көрді. Бұл жерлерде мердігерлік ұйымдардың басшылары тұрақты жұмыс барысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары туралы баяндап берген болатын. Жауапты мамандардың айтуынша, жолдың жалпы ұзақтығы – 893 шақырым. Оның ішінде 545 шақырым жол Атырау облысының аумағынан өтеді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 432 шақырым қайта жаңартылады. Жол-құрылыс жұмыстары екі бағытта жүргізілуде. Вице-премьер нысандарды тексеруді қорытындылай келе, облыс басшыларына құрылысты уақытылы және сапалы аяқтау бойынша міндеттер жүктеп кеткен болатын. Жалпы, 2020 жылға жол-құрылыс жұмыстарына 41,1 млрд теңге бөлінген. Таратып айтсақ, республикалық бюджеттен – 26,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 14,7 млрд теңге бөлінген. Оған 180 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар, қала және ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарға 4 500 адам тарту көзделуде.
Қайнаған тіршілік күрежолдың бойында
Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Аймақаралық байланыстарды жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланысын нығайтады. Ел ішінен қосымша нарық ашатыны сөзсіз. Атырау облысында көлік инфрақұрылымын дамытуға өткен жылы 37 елді мекенге 230 шақырым жол салынды. Атырау облысы жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасынан алынған мәліметтерге сүйенсек, биылғы жұмыс қарқыны да бәсеңдемек емес. Тарқатып айтсақ, іске асырылудағы ірі жобалардың бірі облыстық маңызы бар «Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз» автомобиль жолының ұзындығы 123 шақырымдық «Қарабау-Миялы» аралығы қайта жаңғыртылды. Осы жолда орналасқан «Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз» автомобиль жолының ұзындығы 87 шақырымды құрайтын «Индер–Қарабау» аралығын қайта жаңғырту 2019 жылы басталып, қазіргі таңда жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Республикалық маңыздағы «Ақтөбе–Атырау» мен «Атырау–Астрахан» автомобиль жолдарын жалғайтын ұзындығы 26 шақырымдық Атырау қаласының солтүстік айналма автомобиль жолының жоба-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Құрманғазы ауданының «Ақкөл–Қызылоба–4-разъезд–Қиғаш» автожолын қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттамасы жасақталып, 2020 жылға жол құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Ұзындығы 282 шақырым облыстық маңызы бар «7-разъезд–Асан–Азғыр–Балқұдық–Сүйіндік» жолының бойында орналасқан 11 сорды жаңа технологиямен жөндеу жұмыстары жүргізілуде және осы жолдың 0-36 шақырым аралығын орташа жөндеуге жоба-сметалық құжаттамасы жасақталды. 5,5 шақырымдық Доссор кентінен айналма жол құрылысының техникалық экономикалық негіздемесі жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Осындай қыруар жұмыстармен қатар, облыстың жеті ауданы, таратып айтсақ Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер, Мақат, Жылыой аудандарының автомобиль жолдары мен ауданға кірер жолдар мен ауылішілік жолдары күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан тасжолдар төселетін болады. 2019 жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңыздағы жолдың жақсы және қанағаттанарлық күйдегі үлесі 57 пайызды құрады. 2020 жылы орындалатын жұмыстар нәтижесінде көлік инфрақұрылымы бағытындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру арқылы бұл көрсеткішті 61 пайызға жеткізу жоспарланған.