Шымкент қаласындағы Солтүстік-батыс шағынауданының 40-66 жер учаскесі иелерінен мынандай мәтінде хат келді. «Осында тұрғанымызға 10 жылға жуықтаса да, көшеміздің аты жоқ. Көшемізге асфальт тұрмақ тас төселмеген. Жаңбыр жауса лай, батпақтан үйден шығу мүмкін болмай қалады. Әкімшілікке барып шаршадық. Қаладағы автомобиль жолдары басқармасы басшысының да есігін тоздырдық. Бір-біріне сілтеп, сан сылтау айтып шығарып салады. Ашуымызға тиетіні – айналамызда басшылар тұратын көшелердің барлығы жөнделіп, асфальт төселген. Біз сияқты қарапайым адамдар ортада қалып кеттік. Қашанғы осылай отыра береміз?» деп жазыпты арызданушы Жанат Зейденова мен Айгүл Тамен. Көрсетілген телефон нөмірлері арқылы байланысып, айтылған мекенжайды зорға таптық. Бастапқыда қала шетіндегі көшелердің бірінің мәселесі шығар дегенбіз. Жоқ, қаланың орталығында-ақ орналасыпты. Жарықтандырылған, асфальтталған зәулім-зәулім үйлері бар көшелердің арасында бар-жоғы 11 үйі бар кішкене көше өркениеттен ада болып қалып кетіпті. Тарақтас және Әлімтау көшелерінің ортасында ат қойылмай қалып кеткен кішкене көше бір жақта, яғни оң жақтағы үйлер келесі көшенің еншісінде. «2010 жылы осында келгенімізде айналамызда жалғыз үй бар еді. Бастапқыда көшемізге тас төселген болатын. Кейін 2014 жылы газ кіргізушілер тасты қопарып тастады. Міне, 6 жылдан бері топырағы шыққан көшеден жаңбыр жауса, балшыққа батып көлік те, бала-шаға да жүре алмайды», – дейді осы көшенің тұрғыны Бекзат Майлыбаев. «Тасы қопарылған алғашқы 3 жылда мүмкін жөндеп берер деген үмітпен, үндемей күттік. Қарасақ, айналамыз толық асфальтталып қойды. Қайран болмаған соң көше тұрғындары жиналып, арыз жазып әкімшілікке бара бастадық. Сандалып жүргенімізге тағы 3 жыл болып қалыпты. Еш нәтиже жоқ. Әр барғанымызда әртүрлі себеппен шығарып салады. Өткен жылдың күзінде жолға жауапты басқарманың басшылығында қызмет ететін Абай есімді азаматқа барғанымызда қарамағындағы Қайрат есімді бөлім басшысына көзімізше тапсырма берді. Қайрат бізге бір аптаның ішінде тас төсеп береміз деп шығарып салған. Осылайша, аяқтан тозып, алданып жүрміз», – дейді тұрғындар. Басқарма басшысы қоғамдық көлік жүргізуге уәде берген екен. Онысы бір апта жүріп, қайта тоқтаған. Осылайша, көше тұрғындарының дауысын әзірге ешкім естімей тұр. Мұндағы тағы бір мәселе, электр жарығы. Электр энергиясы арнайы трансформаторға жалғанбаған. Тұрғындар өздерінің күшімен келесі көшеден жарық тартып алыпты. Тарақтас көшесіндегі үйлердің үстімен өткен сымдар өте қауіпті. Енді сол Тарақтас көшесінің тұрғындары бұған қарсылық танытып отыр. Кәріз жүйесі болса да қосылмаған. Міне, жол азабынан бөлек, қордаланып қалған осынша проблема бүгінде көше тұрғындарының әбден титығына тиіп тұр. Ендігі олардың алаңға шығып, наразылық шараларын жасаудан басқа амалы қалмай отыр. Сонымен, біз де осынау көше мәселесінің мәнісі жайлы жауап алу үшін жауапты тұлғаларға орналасқан жерден интернет арқылы белгі жіберіп, зорға түсіндірдік. Себебі көшеге атау қойылмаған. Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Баймендиев бұл көшенің құрылысы биыл жоспарда жоқ екенін жеткізді. «Көше тұрғындары алдымен кәріз жүйесіне қосылуы керек. Кәріз жүйесіне қосылмай біз жол салмаймыз. Негізінен мұнда кәріз жүйесінің жұмыстарын атқару үшін коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы мердігер компания белгіленген. Алайда олар ақша жоқ деп жұмысын атқармай отыр. Яғни, мұнда біздің еш кінәміз жоқ. Кәріз жүйесіне қосылсын, сосын ақша бөлінсе жолды да жөндейміз», – дейді бөлім басшысы. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының кәріз жүйесіне жауапты маманы Алмас Шитенов көше тұрғындарын кәріз жүйесіне қосуға жоба әзірленгенімен, бюджеттен қаржы қаралмағанын айтады. Қолбайлау болып тұрған қаржы мәселесі шешілсе, бұл жұмыстар да аяқталмақ. Өздеріңіз көріп тұрғандай, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» болып тұрған бұл мәселе дәл мына қарқынмен биыл да, тіпті келесі жылы да шешілетініне күмәніміз бар. Жауапты тұлғалар тарапынан жанашырлық та байқалмайды. Бірі-біріне сілтеп, тұрғындарға да мардымды жауап берілмей, сырғытпа жауаппен шығарып сала берген. Рас, айтса айтқандай, миллион тұрғыны бар Шымкент қаласында коммуналдық проблема шаш етектен. «Үшінші мегаполис мәртебесін иеленген Шымқала күннен-күнге көркейіп келеді, көз тартатын көрікті жерлері көп» деп мақтанып жүрміз ғой. Алайда проблемасы да соншалықты көп екенін жасыруға болмайды, сырттан келген қонақтарға көрсету үшін орталықты әспеттеп, әрлей бергеннен не пайда? Жыртықтарымыз жан-жақтан сығалап тұрса?! Тіпті, көшелеріміздің ұзындығы жағынан абсолюттік рекорд орнатып айды аспанға бір-ақ шығардық. Одан бөлек, қала шетіндегі 40 елді мекенді өзіне қосып, Шымкент қаласы миллион тұрғыны бар қала ретінде танылғаннан кейін, қала тұрғындары «КИнЭС-2018» атты Қазақстанның рекордтар кітабының өкілдері тіркеген әлемдік рекордты да орнатты. Құр мақтангершілік, жалаң цифр! Қазір 2 000-ға жуық көшесі бар Шымкент қаласының аумағы 117 мың гектарды құрап, кейбір алпауыт қалалардың жер көлемінен де асып түсті. Алайда 2 000 көшесі бар деп ауыз толтырып айтқанымен, жоғарыдағыдай проблемаға толы. Тіпті, 10 жылдан бері көше атауынсыз отырған тұрғындарды аяйсың іштей. (Әлі қанша жыл отырары белгісіз). Олар түгілі өзіміз жауапты сала мамандарына көшенің орналасқан жерін бір рет түсіндіреміз деп әлекке түстік. Шаһарда бұрыннан бар 40 елді мекеннің проблемасы аз болмаған, оған сырттан қосылған 40 елді мекеннің 40 түрлі жанайқайын қосыңыз. Рас, Түркістан облысынан бөлініп, өз алдына шыққанына 2 жылға жуықтаса да Шымкент қаласының даму жоспары әлі күнге дейін бір жүйеге түсе алмай жатыр. Қалай жүйеленсін, 2 жылда 3 әкім ауысса, оның әрқайсысы өз командасын жасақтаумен уақыты кетеді. Ал біз жазған мәселелер осылайша жоғары жақтағы саяси ойындардың тасасында майда-шүйде күйінде қалып кете береді. Мегаполис атауының кез келген қалаға берілмейтінін, яғни ол үшін қалада адамдарға заманауи жағдайлар жасалған болуы, тұрғындардың қауіпсіз, жайлы өміріне қажетті жағдайдың барлығы да жасалуы керегін ескерсек, Шымшаһар мегаполиске қаншалықты лайық деген ой келеді кейде...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы