700 отбасын қуантпақ
700 отбасын қуантпақ
255
оқылды

Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр кентінде 11 көпбалалы отбасы қоныстойын тойлады. Енді олар абаттандырылған, жиһазбен жабдықталған жекеменшік үйлерде тұрады. Әр үйдің жанында жер учаскесі мен шаруашылық құрылыстар бар. Бақша егіп, үй шаруашылығын жүргізуге жағдай жасалған. Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен «Астана Моторс» компа­ния­сының президенті Нұрлан Смағұлов келді. Бұл үйлерді «Астана Моторс» өз есебі­нен жөндеп, абаттандырып, оларды көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға сыйға тартты.

Фарида Комекованың жеті баласы бар. Бұл күнді ол ұзақ күтті. Бұрын отбасы жалдамалы екі бөл­меде тұрып келген бола­тын. Енді жанұя 12 соттық жер учаскесі бар үлкен төрт бөлмелі үйге ие болды.

– Біз күйеуіміз екеуміз де жұмыс істейміз, бірақ баспаналы болу шешілмеген қиын мәселе бол­ған еді. Бүгін біз үшін ең ба­қыт­ты күн, – дейді көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Фарида Көмекова.

Ләззат Ахмағанбетова тұрғын үй кезегінде 13 жыл тұрды. Оның бес баласы бар.

– Соңғы күнге дейін баспана­лы болатынымызға сене алмадым, – дейді көпбалалы ана.

Жаңа қоныстанушыларға кілттерді табыс ету нағыз мерекеге айналды. Ерлан Қошанов Елба­сы­ның тапсырмасы бойынша өңірде көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл жанұялардың әрқайсысы үшін ең өзекті мәселе – баспа­на­сы­ның болмауы. Бұл мәселені шешуге кәсіпкерлер көмектесуде. Биыл кезекте тұрғандар қатары­нан 700 отбасы пәтер кілттерін алады. Олардың үштен бірі бизнесмендердің көмегімен жаңа баспанаға қоныстанады.

– Тәуелсіздігіміз қалыптаса баста­ғаннан бері мемлекет кәсіп­керлерді қолдап келеді. Бүгін бизнес аяқтарына нық тұ­рып, мемле­кетке әлеуметтік мәселе­лер­ді шешуге көмектесетін кез келді. Балаларымыз бен неме­ре­леріміз осындай жомарт адам­дардан үлгі ала отырып, өсіп-өнуі тиіс. Дәл осындай шаралар «Туған жер» идеясын – өзінің ту­ған жері­не, Отанына көмек көр­сету кере­гі­нің нақты мысалы, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Ол «Астана Моторс» компа­ния­сына көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткені үшін рақмет айтты. Сондай-ақ жергілікті мек­теп­тің талантты түлектері елі­міздің үздік жоғары оқу орын­дарында білім алу мүмкіндігіне ие болып отырғанына да алғысын білдірді. Оған Нұрлан Смағұлов құрған Білім қоры көмектеседі.

– Ақадыр – менің кіші Ота­ным. Бұл жерде менің әкем өсіп, балалық шағын өткізген. Бұл жер – менің ата-бабаларым үшін ыстық болған мекен. Табысқа жеткен кез келген адам өзінің Отаны алдындағы қарызын қай­та­руы тиіс. Мен бүгін жерлес­тері­ме кө­мек­тесіп жатқаныма қуаныш­ты­мын. Біздің компания қайырым­ды­лықпен белсенді түрде айна­лы­­сады, адамдарға көмектеседі.Бұл – біздің тұжы­рым­дамамыз, біздің өмір салты­мыз және біздің философиямыз, – деді Нұрлан Смағұлов. Ол ком­па­ния бұдан кейін де Ақадыр тұрғындарына көмектесетініне уәде берді.

2011 жылы «Астана Моторс» бала­лар-жасөспірімдер спорт мектебін салды. Онда балалар бассейні мен күрес залы бар. Спорттық нысанда дзюдо, самбо, қазақша күрес, футбол чемпио­наттары өтеді. Мектеп тәрбие­ленушілері әрдайым халықаралық жарыстарға шығып, жүлделі орындарға ие болады.

Шет ауданында барлығы 41 көпбалалы отбасы тұрады. Биыл Шет ауданы Ақадыр кентінде 70 пәтерлі тұрғын үй қалпына келті­ріліп, пайдалануға берілген. Биыл кентте 32 пәтерлі үй салы­нады. Келесі жылы тағы екі көп­қабатты үй пайдалануға беріледі.

Қарағанды облысында биыл 3 мыңға жуық пәтер беріледі, оның 700-ге жуығын кезекте тұр­ған көпбалалы отбасылар иелене­ді.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы