18 мамыр – Халықаралық музей күні Елбасы кітапханасының ресми сайтында «Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесі ашылды. Экспозицияда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевқа әр жылдары тарту етілген күмістен жасалған дипломатиялық сыйлықтардың топтамасы ұсынылған. Сыйлықтар мазмұны жағынан көпқырлы және Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын сипаттайды. Көрменің негізгі идеясы – Елбасының дипломатиялық қайраткерлігінің серпінін бірізділікпен көрсету. Көптеген халықтар мәдениетінде күміс ерекше орын алады. Көрме жәдігерлері қолданылу мақсатына қарай топтастырылып, көптеген елдер мен халықтардың сәндік-қолданбалы және зергерлік өнер техникасы мен тәсілдері жөнінде ақпаратпен толықтырылған. «Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесінің әрбір бұйымы шығу тегінің географиясын, түрлі дайындау техникасын, пішінін көрсетеді, әлемнің белгілі бір халқына тән әшекейдің дәстүрлі тәсілдерін терең түсінуге және зерделеуге мүмкіндік береді. «Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесі 8 тараудан тұрады, онда: асханалық күмістер, шайға арналған жиынтықтар, құмандар, сәндік тәрелкелер, құмыралар, мүсіндер, қобдишалар және жазуға арналған заттар бар. Көрме барлығы 126 сақтау бірліктен тұрады» делінген Елбасы кітапханасының ресми сайтындағы ақпаратта. Аталған көрме – Елбасы кітапханасының «Музей жинағы» зерттеу бағдарламасының нәтижесі және оның Халықаралық музей күніне орайластыруы да кездейсоқ емес. Өйткені Қазақстан тәуелсіздігі жылдары жасақталған жәдігерлердің тереңдігі мен саналуандығы музейтану қызметінің көпжақты бағытын құруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Елбасы кітапханасы елімізде, шетелдерде қоғамдық-саяси бағыттағы жобаларымен қатар, қор жинақтарына негізделген мәдени байланыстарымен де танымал. «Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесін Елбасы кітапханасының сайтынан мына сілтеме presidentlibrary.kz арқылы тамашалауға болады.
Әділ БЕК