Еуразия ұлттық университеті салалық журналистиканы дамытуды қолға алды
Еуразия ұлттық университеті салалық журналистиканы дамытуды қолға алды
5,121
оқылды
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналист мамандарын даярлауда жұмыс берушілер сұранысын ескере отырып, жаңашыл бағыттағы тілшілерді оқытуды жүзеге асырып келеді. Биылғы жылы университетте ақпараттық жүйелер, дизайн, журналистика сала мамандары бірлескен «Цифрлық медиаменеджмент» оқу бағдарламасы бойынша алғашқы түлектеріне диплом береді. Қазіргі ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің қоғам үшін маңызын ескерсек, аталмыш білім беру бағдарламасының бітірушілері медиа саласында цифрлық технологияның мықты мамандары ретінде сұранысқа ие. Тіпті бүгінгі күні бітірушілердің көпшілігі арнайы шақыртумен тұрақты жұмысқа орналасқан. 2020-2021 оқу жылында журналистика және саясаттану факультетінде екі бірдей инновациялық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Атап айтар болсақ, магистратура бойынша халықаралық журналистика, бакалавриатта спорт журналистикасы білім беру бағдарламалары бекітілді. Білім беру бағдарламалары халықаралық қатынас, дене тәрбиесі мен баспасөз және баспа ісі, телерадио және қоғаммен байланыс кафедраларының ұсынысы негізінде дайындалды. Салалық журналистиканы дамытуда кәсіби мамандардың біліктілігі аса қажет. Осы мәселені ескере отырып, халықаралық журналистиканы оқытуда геосаясат, әлемдік медиакарта, ақпарат берудің халықаралық тәжірибелері мен дипломатиялық қарым-қатынас салалары бойынша арнайы курстар жүргізіледі. Спорт журналистикасы білім беру бағдарламасы спорт теориясы мен практикасын қарастырып қана қоймай, әртүрлі спорт жарыстары мен олимпиада ойындарынан репортаж дайындау, ұлттық спорт түрлерін насихаттау және танымал спорт тілшілерінің шығармашылық шеберханасы жайлы толыққанды базалық білім береді. Халықаралық журналистика білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар халықаралық шолушы, шетелдік ақпарат агенттіктерінің тілшісі, елшіліктің баспасөз қызметінің маманы, халықаралық ақпарат агенттіктерінің тілшілері, халықаралық басылым редакторы біліктілігін алады.