Бейбіт күннің батырлары қандай қошеметке де лайық
Бейбіт күннің батырлары қандай қошеметке де лайық
788
оқылды

Көзсіз ерлік, батырлық тек соғыс алаңында ғана болмайды. Бейбіт заманда да орын алады. Олай болса, өз өмірін басқа жанның ғұмыры үшін тәрк еткендерді ұмытпауымыз керек. Ажалға қарсы тұрып, түрлі табиғи апатта жедел қимылдап, батылдық танытқандар арамызда жүр. Оларды ұлықтағанымыз абзал.

Білім және ғылым ми­нистрі Күләш Шәмші­динова үш баланы өрттен құтқарған студент Нұрсұлтан Исма­ғұ­лов­ты марапаттады. Ол – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Ақпарат және технологиялар факультетінің 2-курс студенті. Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен шыққан өрт кезінде батылдық танытып, үш баланың өмірін сақтап қалған болатын. Оқыс оқиға Бейбітшілік көшесінде болды. «Өз өмірін тәуекелге тігіп, қиындыққа түскен адам­ға көмек қолын созуға ұмтылатын жастар мақтауға тұрарлық. Әрине, осындай батыл да ержүрек баланы өсіріп, тәрбиелеген Нұрсұл­тан­ның ата-анасына алғыс айтқымыз келеді. Осындай жігерлі балалардың қалып­та­суы барысында мектеп пен білім ордаларындағы ұстаз­дар­дың атқаратын рөлі ора­сан. Біздің ортақ мақсатымыз – өскелең ұрпақтың күшті, жігерлі, батыл болып өсуіне барынша, қолымыздан кел­ген­­ше әрекет ету. Нұрсұл­тан сияқ­ты жастар – біздің зама­ны­мыздың нағыз батыр­лары», – деп атап өтті, ер­жүрек сту­дент­ті мара­паттаған Білім және ғылым министрі К.Шәмші­динова.

Сонымен бірге, қалалық Төтенше жағдайлар департа­мен­ті жас жігітке батылдығы мен өжеттігі үшін алғыс айтты.

Петропавл қаласында «Суға батқандарды құтқар­ға­ны үшін» медалімен ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшісі Сергей Гайдай марапатталды. Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сал­танатты шараға департа­мент басшылық құрамы мен қызметкерлері, азаматтық қор­ғау органдарының арда­гер­лері, БАҚ өкілдері қатыс­ты. Департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев суға кеткендерді құтқаруға ой­ланбастан шешім қабыл­да­ған Сергей Гайдайдың ерлігі мен батылдығын ерекше атап өтті.

«Сергейдің жасағаны – ерлік. Оны қызметінен тыс уақытта жасады. Ол әйел адам мен оның баласына төнген қауіптен үрейленбей, бейжай қарамай суға секіріп, оларды жағаға шығарып, зардап шегу­шілерге қажетті алғашқы көмекті көрсеткен. Сергей Николаевич «Ар-намыс және борыш – Отанға қызмет ету» атты ұранмен өмір сүріп, қызмет атқарып жүрген аза­мат. Бүгін марапат өз иесін тапты», – деді Ерік Сарыбаев.

Осындай ерлік иелерін мадақтау орнына даттау да белен алғаны өкінішті. Қара­ғандыда суға батқан ер адамды құтқарған полицей көпшілік­ке өкпелі екенін айтады. Себебі, желі қолдану­шы­лары оның ерлігіне күмән келтіріп, сөгіп жатыр.

Бұған дейін оның суға бат­қан ер адамды құтқарып қал­ға­ны туралы ақпарат тара­ған еді. Желіде жарияланған видео­да полицейдің ерлігі көр­­сетіледі. Бұған сүйсін­ген­дер де, кері пікір жазғандар да бар. Оқиға ойдан құрас­ты­рыл­ған деп сөккендердің қара­сы көп.

«Егер сол адамның жаны­нан өтіп кетсем, мені көмек­тес­педі деп айыптар еді. Енді өтірік істеді деп жатыр. Адам­ның көңіліне келеді екен. Ешкімге жақпайсың», – дейді полицей Дастан Азамбаев.

Ал суға батқан ер адам балық аулап жүріп суға кетке­нін айтады. Суда жақсы жүзгенімен аяғы тартылып қалған. Сол себепті, жағаға жете алмай қалдым дейді.

Жыл басынан бері елімізде 76 адам суға кеткен, оның ішін­де – 40 бала. Бұл қаңтар айы­нан басталған есеп. Әри­не, жоғарыда аты аталғандай ержүрек жігіттер оқиға болған жерлерден табылса, бұл сан азырақ болар ма еді?! Елде балық аулауға, шаруашылыққа және шомылуға қолданы­ла­тын 50 мың су қоймасы бар. Барлық өңірдегі құтқарушы­лар­дың саны – 1 380. Олардың саны бір су қоймасына 1 құт­қа­рушыдан қоюға да жет­пей­ді екен.

Сақ болайықшы, ағайын. Тек рұқсат етілген жерлерде суға түсіп, жаз рақатын бірге көрейік. Айтпағым, бейбіт күннің батырларын мадақ­та­сақ, несі айып?! Ақ-қарасын білмей қаралау көңілге кірбің ұялатары анық. Әр айтқан сөзге абай болған жөн-ау!