Фестиваль тазалыққа үндейді
Фестиваль тазалыққа үндейді

Әлем әншілерін бір шаңырақ астына жинап, жаздың жадыраған күндерінде халыққа әсерлі де әдемі көңіл күй сыйлау үшін әр қалада ән-күй кештерін өкізіп тұру дәстүрге айналған. Соның бірі, Алматыда «Медеу» мұз айдынында 15-16 маусым аралығында өтетін, Star of Asia Almaty.kz 2019 фестивалінің үшінші маусымы болмақ.

Star of Asia музыкалық фестива­лі – жыл сайын өтетін халықаралық шара. Бір сахнада Оңтүстік Корея, АҚШ, Грузия, ҚХР, Жапония, Әзірбайжан, Үндістан, Түркия, Өзбекстаннан келген өнерпаздар және қазақстандық танымал әртістер ән шырқайтын болады. «Фестивальдің бірінші күнінің хедлайнері – Ninety One тобы бола­­ды» дегенді айтты ұйымдасты­ру­шылар деп хабарлайды Интер­факс-Қазақстан баспасөз орта­лы­ғы. 15 маусымда қала тұрғындары үшін Тайланд әртісі Golf Pitchaya және Outlandish тобы өнер көрсе­теді. Фестивальдің екінші күні МОТ, Dan Balan, НАZИМА сияқты орындаушылардың әндерімен құ­лақ құрышын қандыруға мүм­кін­дік бар. 2-күннің хедлайнері – Оңтүстік Кореядан келген танымал K-POP Pentagon тобы. Фестиваль күндері көрерменді қаладан Медеуге және кері бағытта арнайы авто­бустар тасымалдайтын бола­ды. Автобус билетінің құны – 150 теңге. Халықаралық музыка фестивалі екі күн бойы 118 елде трансляциаланады. Сондай-ақ Алматы қаласында фестиваль аясында арнайы акция жүргізіліп жатыр. Star of Asia 2019 музыкалық байқауына барғысы келген аза­мат­тар көшеден жиналған қоқысты фестиваль билеттеріне айырбастай алады. Осы акция арқылы фести­ва­ль­ді ұйымдастырушылар «Тұты­ну мен өндірістің ұтымды моделіне көшуді қамтамасыз ету» атты БҰҰ-ның №12 тұрақты даму саласын­дағы мақсаттарына қолдау білдір­мек екен. Айта кетейік, 2017 және 2018 жылдардағы бағдарлама­ларға ARASH, K-POP тобы, Оң­түс­тік Кореядан ASTRO тобы, американ­дық әнші Anastacia, Serebro, Сева­ра, Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас, Ziruza, MadMen, ULYTAU тобы қатысқан болатын.


Әділ БЕК