Диана Германиядағы ән байқауына қатысады
Диана Германиядағы ән байқауына қатысады
310
оқылды

Диана Еркін – өте талантты әнші. Дауысымен әлем музыканттарын тәнті еткен қаршадай қыз жақында Германиядағы балалар ән байқауына (Voice Kids Germany) қатыспақ. Әдетте бұған тек еуропалық таланттар ғана қатысып, бақ сынай алады. Сондықтан Диана мұндай әйгілі еуропалық додаға қатысқалы отырған алғашқы қазақстандық әнші болмақ. Оның керемет таланты, ғажайып вокалы, осыған дейін жиған халықаралық тәжірибесі мен музыкалық қабілеті – Германия халқы мен ондағы атақты сарапшыларды да таңғалдырады деген үміт басым. Осы орайда 12 жастағы талантты қызымызбен сұхбаттасып, алдағы жоспарлары жайлы сұраған едік.

– Диана, жақын арада «Голос. Дети. Германия» байқауының кастингіне қатысқалы жатыр екен­сіз. Байқаудың іріктеу бәсекесіне қалай шақырту алдың?

– Бәрі Украинада өткен Еуро­видениенің балалар академиясы жобасынан басталды. Сол байқау­дың 5 маусымында өнер көрсет­кен болатынмын. Конкурсқа 7 мемлекеттен 11 үміткер қатысқан. Мен солардың арасынан үздік шығып, Гран-при иелендім. Осы жобаға қатысар алдында еуро­па­лық музыканттар мен мұғалім­дерден сабақ алып жүретінмін. Сондай сәттердің бірінде герма­ниялық музыкалық редактор Верена Янссонмен танысып қалдым. Олар мені Германиядағы жобаға қатысып көруге шақырды.

– Жалпы, өнерге деген қызы­ғу­шылық қай кезден басталды? Дауыс қабілетіңді қашан бай­қадың?

– Алматы қаласында тудым. 4 жасымнан бастап өнерге шындап қызықтым. Әрине, бастапқыда туыстарымның алдында, балабақ­шада ән салдым және бұл өзіме қатты ұнайтын. Сол кезден бастап өзімді жетілдірдім. Оған ата-анам, ұстаздарым көп көмектесті. Әлі де қолдап келе жатыр. Әннен бөлек сурет салғанды, би биле­генді жақсы көремін. Өз басым әнші жақсы билей де алу керек деп есептеймін. Сондықтан тұрақ­ты түрде хорегорафия сабақтарына қатысамын. Бір қызығы, ата-анамның өнерге қатысы жоқ. Туыстарымның ішінде де ән салған, биге құштар болған жандар жоқ екен. Әулетте ән айту қабілеті маған ғана бұйырған.

– Жаныңа қандай әндер жақын?

– Өзімді жанр тұрғысынан шек­тегім келмейді. Дауыс мүм­кіндігіме сенемін және барлық жанрдағы әндерді орындауға тырысамын. Соның ішінде рок жанрын бөле-жара айта аламын. Көбіне шетелдік әндерді тыңдаймын. «Нирвана» тобының тыңдаушысымын. Сондай-ақ өзіміздің халық әндерін де сүйіп тыңдаймын. Олардың мағынасы өте ауқымды және дауысты шынықтыруға, жаттықтыруға өте ыңғайлы. Ондағы әуен мен мазмұн шетелдік әндерден артық болмаса кем емес. Ал қазақстан­дық әншілер­ден Жанар Дұғалова­ны өзіме үлгі тұтамын. Екеуміз бірігіп дуэт те айтқан болатынбыз. Болашақта сондай биікке жетемін деп үміттенемін.

– Қазіргі сәтте Германиядағы конкурсқа дайындық қалай жүріп жатыр?

– Бұл күндері біз ұстаздары­мызбен бірге қандай әндер орындаймыз дегенді ақылдасып жатырмыз. Жиырма шақты әннің тізімін жасап шықтық. Соның ішінен 2-3 әнді таңдап аламыз. Қазіргі сәттегі мақсатым – Герма­ниядағы ән байқауында жеңіске жету. Ал келешекте Еуровидение байқауының бас жүлдесін иеле­нуді армандаймын. Одан бөлек, әрине кәсіби сауатты, репертуары тартымды әрі бай әнші болғым келеді. Әлемге қазақ атын шығар­сам деймін.

– Рақмет!


P.S.

Sting Tribute музыкалық жобасында Диананың вокалдық мүмкіндігін байқаған танымал украиналық композитор Михаил Брунский оны өзінің еуропалық мюзиклі «Алладинге» қатысуға шақырған. Ол жерде талантты әрі жас қазақ әншісі кішкентай Будурдың рөлін ойнамақшы. Көп ұзамай-ақ әдемі әрі қуатты дауыс иесін еуропалық сахналардан көріп қалатын сәт те алыс емес сияқты.