Түлектер кешін өткізуге тыйым салынады - әкімдік
Түлектер кешін өткізуге тыйым салынады  - әкімдік
© astana.gov.kz
125
оқылды
Аттестат тапсыру оқу орындарының аулаларында өтеді. Одан кейін түлектер мектеп жылдары туралы естелік ретінде ағаш отырғызады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты. 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша 6 515 елордалық оқушы аттестат алады. Салтанатты рәсім 3 маусымда қаланың барлық орта оқу орындарында өтеді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы. «Елордада карантин режимінің сақталуына байланысты аталмыш іс-шаралар барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, мектеп аулаларында өтеді. Оқушылар рәсімге мектеп формасымен қатысады. Аттестат тапсырғаннан кейін «түлектер аллеясында» көшет отырғызу акциясы жоспарланған. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы ескертеді: бітіру кештерін өткізуге қатаң тыйым салынады», – деді А.Зарлыққызы. Биыл 6 199 елордалық оқушы немесе оқушылардың жалпы санының 95%-ы ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсырады. Оның ішінде 3 665 қазақ, 2 495 орыс, 39 ағылшын тілінде. Бұл ретте ҰБТ өткізу форматы өзгеріссіз қалады: ұзақтығы 3 сағат 50 минут тест екі блоктан – 3 негізгі пән (20 тапсырма) және 2 бейіндік пәннен (30 тапсырма) тұрады. ҰБТ-ға 11-сыныптың төртінші тоқсанының тапсырмалары енгізілмейді. Карантин режимін ескере отырып, тест басталар алдында емтихан тапсырушылардың температурасы өлшеніп, оқушылар арасында қауіпсіз қашықтық сақталады. Сондай-ақ қосымша санитарлық шаралар қабылданады. Бұдан басқа, оқушыларды ҰБТ өтетін жерге тегін жеткізу қамтамасыз етіледі; ата-аналар өз балаларының уақытында келуін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. ҰБТ басталғанға дейін үй-жайлардың өртке қарсы қауіпсіздігі тексеріледі, медициналық көмек және құқықтық тәртіпті қорғау ұйымдастырылады. Биыл «Алтын белгіге» 359, үздік аттестатқа 379 түлек үміткер.