Шығысқазақстандық екі спортшы рекорд орнатты
Шығысқазақстандық екі спортшы рекорд орнатты
Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Темірлан Айтан мен Ораз Басаров жақында рекорд орнатып, «КИнЭС» Қазақстан рекордтар кітабына үміткер атанды. Олар пластикалық бөтелкені қолданып, кеудені жерден көтеру (отжимание) жаттығуын жасаған. Бокстан спорт шебері, халықаралық турнирлердің үш дүркін жеңімпазы Темірлан Айтан 1 литрлік пластикалық екі бөтелкеден денені көтеру жаттығуын 120 мәрте жасады. Оның ішінде 111 мәрте жасалғаны таза есепке алынды. Атап айтарлығы, бұл жаттығуды жасау барысында бөтелкенің тепе-теңдігін сақтау өте қиынға түседі. Сондай-ақ қол күрестіруден Қазақстанның 10, Азияның тағы да 10 дүркін және әлемнің 6 дүркін чемпионы Ораз Басаров дәл осы жаттығуды бір бөтелке арқылы 54 рет жасады. Айта кетсек, бір бөтелке арқылы жасауда қолдағы күштен бөлек буынға да салмақ түседі екен. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, екі спортшының да көрсеткіштері видеоға жазылып, «КИнЭС» Қазақстан рекордтар кітабының редакциясына жолданбақ.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы