Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Визуалды өнерде Абай әлемін бейнелеу» тақырыбындағы республикалық жас суретшілер байқауы мәреге жетті. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіптік білім кафедрасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шығармашылық сайысқа колледж және мектеп бітіруші түлектер қатысып, өздерінің тырнақалды туындыларын ұсынды.
– Байқауға қағаз бетіне немесе кенепке түрлі-түсті бояумен (акварель, гуашь, акрил, майлы бояу) немесе графикалық құралдармен (тушь, перо, сангина, уголь, қарындаш, т.б.) Абай Құнанбайұлының шығармаларына арналып салынған жұмыстар қабылданды. Суретті салуға 2 сағат уақыт бөлінді. Zoom платформасы арқылы комиссия мүшелерінің бақылауымен қатысушылардың туындылары бағаланды. Алғаш рет өтіп отырған сайысқа 26 жас қылқалам шебері қатысып, бақтары мен баптарын сынады, – дейді Кәсіптік білім кафедрасының меңгерушісі Рахия Дарменова.
Байқауда Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы Жамал Әшірбекова, Кәсіптік білім кафедрасының меңгерушісі Рахия Дарменова, Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының мүшесі Марат Тұрғымбай және факультеттің білікті оқытушылары қазылық жасады.
Онлайн форматта өткен шығармашылық сайыста бірінші орынды «Желсіз түнде жарық ай» тақырыбындағы картинаны салған Қызылорда облысының Арал ауданындағы №260 мектептің 11-сынып оқушысы Фарида Жолмырзаева иеленді. Екінші орынға «Абайтану» туындысымен дайындық курсының тыңдаушысы Бүлдіршін Тұрдыбай лайық деп танылса, үшінші орын «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты суреттің авторы Алматы технология және флористика колледжінің студенті Меруерт Садықоваға бұйырды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын алған қатысушы Қыздар университетінде оқуға бір жылдық оқу ақысына 50 пайыздық, екінші орын алған қатысушы 25 пайыздық және үшінші орын алған қатысушы 15 пайыздық жеңілдік алады.
Айта кетейік, сайыс «Көркем еңбек және сызу» білім беру бағдарламасы тобы бойынша жүргізілді.