Стационарлық және үй карантинімен жалпы 9 мыңнан астам қамтылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты. «Стационарлық карантинде еліміз бойынша 3 мыңнан астам, ал үй карантинінде 6 мың адам бар. Стационарларда адамдар тәулік бойы дәрігер мен мейірбике тарапынан бақылауда болады. Осы орайда хаттамаға сәйкес дене қызуы өлшеніп, препараттар беріледі. Үй карантиніндегі адамдар арнайы форманы толтырып, карантин тәртібін бұзғаны үшін белгіленген жауапкершілік туралы ескертіледі. Сонымен қатар, тазалық шараларын жүргізу, бөлмені желдету және басқа да қажетті ережелер түсіндіріледі», - деді вице-министр онлайн тәртіпте өткен баспасөз мәслихатында. Бұдан бұрын хабарланғандай, Людмила Бюрабекова Қазақстанда коронавируспен қайтадан ауырғандар тіркелмегенін жеткізді. Сонымен қатар, ол күзде коронавирустың екінші толқыны келсе, карантиндік шаралар қабылдануы мүмкін екенін айтты.