Алматыда биыл 30 мың оқушы 1-сыныпқа барады
Алматыда биыл 30 мың оқушы 1-сыныпқа барады
© Сурет ғаламтордан
177
оқылды
Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа шамамен 30 мың оқушы қабылданады. Бұл туралы Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева брифинг барысында айтты.
«1 маусымнан 30 тамызға дейін 1 сыныпқа баратын балалардың заңды өкілдерінен bilimalmaty.kz порталы арқылы өтініштер қабылданады.
Аталған процедура бойынша қазір ата-аналар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.Жалпы болжамды мәліметтерге сәйкес, 1сыныптарға 30 мыңнан астам бала қабылданады»,– дейді Ләззат Жылқыбаева. Оның айтуынша, қазір қаладағы мектептерде оқушылар орнының жетіспеушілігі өзекті болып отыр. Қала бойынша шамамен 30 мыңдай орын тапшы болып тұр. Жыл сайын өсіп отырған контингентті ескеретін болсақ, келесі жылы оқушы орны бұдан әрі өсуі мүмкін.
«Бүгінгі күні мемлекеттік мектептердің 40 пайызына көп салмақ түсіп отыр. Осыған байланысты Алматы әкімдігі тарапынан білім беру ұйымдарын қарқынды салу бағдарламасы әзірленген. Бұл бағдарлама қаланың шеткі аудандарында мектептерді салу арқылы іске асырылады»,– дейді ол.
Мәселен, осы жылы Алатау, Наурызбай, Түркісіб аудандарында 9 мектеп және 13 мектепке қосымша ғимарат салу жоспарланған. Нәтижесінде 2020-2021 жылдары 20 мыңға жуық оқушы орны іске қосылмақ.
«Сонымен қатар, республикалық және жергілікті бюджеттің қаржысымен 2 мектептің құрылыс жұмысы аяқталуда және қосымша 8 мектепке ғимарат салынып жатыр. Олар аяқталса, 5 мыңнан астам оқушы орны іске қосылады. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік және әлеуметтік жауапкершілік аясында осы жылы 5 мектептің құрылысы және қосымша 2 ғимарат салу басталады. Бұл 6 мыңға жуық оқушыны қамтиды. Сондай-ақ, 4 жекеменшік мектептің құрылысы жүріп жатыр, - дейді Ләззат Жылқыбаева.
Оның айтуынша, 2020-2021 жылдары білім беру ұйымдарын қарқынды салудың арқасында 47 463 қосымша оқушы орыны іске қосылады. Бұл мектептердегі орын жетіспеушілігін 80 пайызға азайтады. Сонымен бірге, 2020 жылдың жаз маусымында жоспарлы түрде алты мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталады.