Барымташылар ірі қараны мылтықпен атып, жайылымнан ұрлаған
Барымташылар ірі қараны мылтықпен атып, жайылымнан ұрлаған
© Сурет ғаламтордан
134
оқылды
Алматы облысында бір топ барымташы сиырларды атып өлтіріп, жайылымнан ұрлаған. Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел ақпаратты тексеру барысында полицейлер жайылымдардағы сиырларды атқан барымташылар тобын қолға түсірді. Тәркіленген аңшы мылтықтары да заңды тіркелмегені анықталды.
«Ақжар ауылының маңында орналасқан жайылымнан екі сиырдың ұрланғаны туралы ақпаратты алған соң, күдіктілердің қайту жолын жорамалдап, тұзақ ұйымдастырдық. Алайда, барымташылар өте сақ қимылдады. Екі жеңіл автокөлік арқылы ұрланған олжаны тасымалдаған олар полицейлерді көріп, сезіктенген. Сақтық үшін күдіктілер бекетке жетпей сиыр етін түсіріп, оны жасырған. Алайда, жүксіз кетіп қалуға тырысқан күдіктілер ұсталды», - дейді Алматы облысы Қаратал аудандық полиция бөлімінің бастығы Рауан Абдраимов.
Автокөліктерді тексеру барысында қан ізі бар екі ұңғылы аңшы мылтығы және басқа да дәлелдер табылды. 23,25, 29 және 34 жастағы төрт күдікті ұрлық жасағадарын толық мойындап, сойылған сиырларды жасырған орындарын көрсетті.
«Ұсталған азаматтардың 2018, 2019 және 2020 жылдары жасалған ірі қара ұрлығының тағы бес эпизодына қатыстылығы дәлелденді. Күдіктілер етті базарларға және өзінің таныстарына өткізген, ал түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Қылмыстық топтың барлық қатысушылары қамауға алынды. Ал оларға мал етін тасымалдауда көмектескен автокөлік арнайы тұраққа қойылды», - деп толықтырды Р.Абдраимов.