Шымкент қаласының әкімі, Nur Otan партиясы филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов шағын және орта бизнес субъектілерін дағдарыс жағдайында қолдау мәселелері бойынша жиын өткізді. Мәжіліске аудан әкімдері, тиісті салалық басқармалар мен Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы және Shymkent ӘКК қатысты. Онда төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар жобасын қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков таныстырды. – Жобада дағдарыс нәтижесінде неғұрлым зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерін анықтап, олардың қызметін қалпына келтіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несиелер беру, кәсіпкерлердің қолданыстағы несиелерін қайта қаржыландыру қарастырылған. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді ынталандыру, жұмыс орындарын сақтау және құру, кадрларды даярлау және қайта даярлау, микроқаржы ұйымы мен «Бизнес үшін үкімет» орталығын құру және кәсіпкерлік субъектілерін сервистік қолдау, дағдарыстан өту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық қамту сынды іс-шаралар да қамтылған, – деді басқарма басшысы. Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі мен Шымкент қаласында енгізілген карантиннің нәтижесінде қиын жағдайға түскен кәсіпкерлерді қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шараларды құптайтынын айтқан қала басшысы аталған шаралар жұмыс орындарын сақтау мен жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін өткізуін қамтамасыз етуге бағытталуы қажет екеніне де тоқталды. Жобада әзірленген тиісті жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Шымкент қаласында заңға сәйкес әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлескен микроқаржы ұйымын құрып, оның жарғылық капиталын қалыптастыруға тиісті қаражат бөлу көзделіп отыр. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлерді өңірлік бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемесі төмен несиемен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлуді қарастыру мәселесі де талқыланды.
Әбілмансұр ЖАСАН