Nur Otan партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев облыс әкімінің тапсырмасымен Мойынқұм ауданына барып, ондағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Алдымен Балабек Жанбекұлы аудан әкімдігі білім бөлімінің ғимаратына ат басын бұрып, ондағы абаттандыру және жылу трассасының жөндеу жұмыстарын тексерді. Абаттандыру жұмыстарының сметалық құны 8 693 мың, ал ғимараттың жылу трассасы құны 9 985 мың теңгені құрап отыр. Кездесуде мердігер С.Жылыбаев жүргізіліп жатқан жұмыстардың жайын баяндап, жұмыспен қамту орталығы арқылы бірнеше азаматты жұмысқа қабылдағанын айтты. Өз кезегінде Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары аталған істерді тиянақты түйіндеуді тапсырды. Бұдан соң Балабек Нарбаев білім бөліміне қарасты Мойынқұм ауылындағы педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің жөндеу жұмыстарын және М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің санитарлық торабының құрылыс жұмыстарын көрді. Қызмет жайын «Талас-сервис құрылыс» ЖШС-нің жетекшісі Н.Қалымбетов баяндады. Әңгіме барысында аталған түзету кабинетінің жөндеу жұмыстарының сметалық құны 5 432 мың теңгені құрайтыны белгілі болды. Nur Otan партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев Бірлік, Айдарлы ауылдарында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының жай-жапсарымен де танысты. Кездесу соңында аудандағы атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы арта түсетіні айтылды.
А.ЖАСАНҰЛЫ