Субсидияның да сұрауы болуы керек
Субсидияның да  сұрауы болуы керек
222
оқылды
Біздің елде кәсіпкерлік субъектісін қаржылай қолдаудың түрлі тетігі бар.  Жеңілдетілген несие, гранттан бастап субси­дияға дейін беріледі. Әдетте, субсидия десе, ауыл шаруа­шылығы саласы еске түседі. Себебі шет мемлекеттердің ба­сым бөлігінде субсидия негізінен осы салаға ғана беріледі екен. Ауыл шаруашылығы шығыны ақталмағанымен, аса қажет сала. Ал біздің елде бұдан басқа салалар да субсидия ала береді. Өңірлерде кәсіп ашамын, өнім өндіремін, жұмыс орнын құрамын, салық төлеймін дегендерге субсидия беріледі. Субсидия ақша  ғана емес, салық жеңілдіктері түрінде де беріледі. Қазақстанда осындай көмек алатын салаларда есеп жоқ. Субсидия алғандардан алмағандарды санап шығу оңай. Субсидия, әрине бюджеттен беріледі. Мысалы, биыл республи­ка­лық бюджеттен Еңбек және халық­ты әлеуметтiк қорғау ми­нистр­лiгi арқылы облыстық бюд­жеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюд­жет­теріне мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға жұмыс беру­шінің, яғни кәсіпкерлік субъекті­сінің шығынын субсидиялауға ағымдағы нысаналы трансферттер үшін 34 млн 337 мың теңге қарас­тырылған. Айтпақшы, бала 1 жас­қа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем алушыға міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялауға да ақша бюджеттен бөлінеді. Ал Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі ар­­қылы тасымалдаушының обли­гациялары бойынша купон­дық сыйақаны субсидиялауға 14,5 млрд теңге бөлінеді. Жүйелі авиа­тасы­малдарды субсидиялау үшін 5 млрд теңге, әлеуметтік маңызы бар об­лысаралық қатынастар бойынша теміржол көлігімен жүретін жо­лаушы тасымалын субсидиялауға 33 млн теңге, әлеуметтік маңызды қатынастар бойынша жолаушы тасымалдаушы компаниялар не­сиеге немесе лизингке вагон (кон­тейнер) сатып алса, оның сыйақы мөлшер­лемесін субси­дия­лауға 6 млрд теңге қарастырыл­ған. Кәсіпкерлерге субсидия «Биз­нестің жол картасы», ал ауыл шаруашылығы саласы үшін субсидия «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдар­ла­ма­лары арқылы таратылады. Мы­салы, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масын жүзеге асыру үшін рес­пуб­ликалық және жергілікті бюд­жеттерде барлығы 2 трлн 947,1 млрд теңге (РБ – 1 829,5 млрд теңге, ЖБ – 849,9 млрд теңге, басқа көздер – 267,8 млрд теңге) көзделген. Биыл аталған бағдарлама шеңберінде 745,6 млрд теңге жұмсалады. Оның 451 млрд теңгеден астамы субсидияға бағытталады. Сол субсидияның 249 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 202 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен беріледі. Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына жалпы 461 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жұмсау жоспарланып отыр. 311 млрд теңге республи­калық бюджеттен, 150 млрд тең­ге жергілікті бюджеттен бөлінеді. Биыл игерілетін 127 млрд тең­геден астам қаржының 97 млрд теңгесі республикалық бюд­жеттен, қалғаны жергілікті бюд­жеттен алынады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының «Ағым­дағы жағдайды талдау» бөлімінде «Бизнестің жол картасы – 2020» іске асыру «жұмыспен қамтуды 2,6-дан 2,8 млн адамға дейін болмашы ғана өсуіне ықпал ет­кенін» айтады. Демек, жаңа бағ­дарламаны жасаушылар алдыңғы бағдарламаның жұмыспен қамту көрсеткіші ауыз толтырып ай­тарлықтай болмағанын мойын­дап тұр. Жалпы, бұл бағдарла­маның кілтипаны туралы кезінде Мәжіліс депутаты Нұртай Са­бильянов мәселе көтерген. Де­пу­тат сол мәселенің әлі де өзекті екенін айтады. «Бизнестің жол картасы арқылы кәсіпкер субсидияны «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы алады. Кәсіпкер екінші деңгейлі банктен 14 па­йызбен несие алса, қалған 7 па­йызын мемлекет төлейді. Мем­лекет өтейтін 7 пайыз Бизнестің жол картасы бағдарламасында қарастырылған қаржыдан төле­неді. Қалған 7 пайызын кәсіпкер өзі жабады. Әдетте, субсидия өнім өндіретін салаларға бері­леді. Алайда БЖК-на талдау жа­сағанда субсидия алғандардың сауда-саттықпен айналыса­тын­дар мен делдалдар екенін, яғни өнім өндірмейтіндер екенін анық­­тадық. Біз бұл мәселені 4 жыл бұрын көтеріп, нәтижесінде саудамен айналысатын кәсіпкер­лерге субсидия бермеу туралы қау­лы шығаруға қол жеткіз­дік», – дейді ол.  

Субсидияны арзан несиеге алмастырсақ...

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айтуынша, шет мемлекеттерде ауыл шаруа­шылығы саласынан басқа салаға субсидия берілмейді. Басқа салаға 1-2 пайыз мөлшерлемемен несие беріледі. Кәсіпкер ақшаны 5-10 жылда қайтарады. Нұртай Салихұлы егер біз осыған көш­сек, онда кәсіпкер қазіргідей 14 пайыздық несиенің 7 пайызын емес, 1-2 пайыздық ставканың несиесін қайтарып отырар еді деп санайды. Несиені Қазақстан Даму банкі немесе «Даму» қоры арқылы берсе, мейлі 1-2 пайыз болмаса, 3-4 пайыздан берсін, кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге тәуелді болмайды. Ал мына жағдайда екінші деңгейлі банктерді ғана қолдап отырға­нымызды айтады. Ол ауыл шаруашылығы саласынан басқа салаға субсидия емес, жеңілдетілген несие беруді ұсынады. Ал арзан несие алған­дардың жұмысын қадағалау ма­ңызды. Өйткені БЖК арқылы субсидия немесе грант алып, жұмыс орнын ашпаған, салық төлемеген кәсіпкерлер жоқ емес.    width=   «Мұндай бақылаудан ауыл шаруашылығы саласы да шет қалмауы тиіс. Бұл салаға 25 жыл­дан бері субсидия беріліп келеді. Содан бері әр өңірде әрі кетсе 4-5 жақсы фермер қалыптасты. Себебі әкімдер соларға жағдайды жасап қойған, астанадан келген басшыларды соларға ғана апа­рады. Ал жері бар, шөбі бар, мал баға алатын басқа фермерлер субсидия алу үшін әкімдік табал­дырығын тоздырып жүр. Олар бүгінде үміттенуді де қойған, бір малды екеу қылып күн көріп жүр. Егер соларды да қолдайтын болса, онда ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімімен қам­тамасыз етуде мәселе туындамас еді», – дейді Н.Сабильянов.  

Субсидия алғандар инвестиция құя ала ма?

Жоғарыда біздің елде мемле­кеттен қаржылай қолдау алмаған сала некен-саяқ екенін айттық. Ол рас, кезінде Дағдарыстан ке­йін қалпына келтіру бағдарла­масы бойынша Mega сауда және ойын-сауық орталығы 3,1 млрд теңге субсидия алған бола­тын. Ол аздай Меga-ның қо­жайы­ны – миллиардер Нұрлан Сма­ғұлов 2014 жылы зейнетақы қо­рынан 15 млрд теңге алды. Мил­лиардер ол ақшаны 18,5 пайыз мөлшерлемемен алғанын, оның 10 миллиардын қайтарға­нын айтып ақталғаны есте. Одан кейін Меga-ның құрылысына Ұлттық қордан 36 млрд теңгені 3 пайызбен қарызға алғанын есті­ген жұрт жағасын ұстаған. Бұлай миллиардер болғаны бар болсын деп әжуаға айналдырғандар да табылды. Ал миллиардер Меga халықаралық деңгейдегі сауда және ойын-сауық орталығы болғандықтан, оған мемлекет қаржылай қолдау көрсетуі керек деп табандап тұрып алған. Жалпы, ірі кәсіпкерлер же­ңілдетілген несиеден де, қайта­рымсыз субсидиядан да бас тарт­қысы келмейді. Мұның мы­салын күні кеше басы дауға қалған «Азия авто» компания­сынан да байқадық. Мемлекет компанияны өз міндетіне сал­ғырт қарағаны үшін қаржылық қолдаудан қағып тастап еді, жанұшырып кетті. Айтқандай, мемлекеттен миллиардтап суб­си­дия алған осы компания шет­елге 72 млн доллар инвестиция құй­ған. Өзі жыларман болып мем­лекеттен қаржылай қолдау алады да, ақшаны сыртқа салады. Се­бебі оған тоқтау салар норма біздің заңда қарастырылмаған. Financial Freedom қоғамдық қорының директоры, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірін­ше, бізге ондай заң нормасы артық болмас еді. «Мұндай заң нормасы қажет. Мысалы, мемлекеттік қолдауды пайдаланып отырған мемлекет­тік компанияның мейлі жеке­меншік компанияның болсын өкілі шетелге инвестиция құю­дың, шынында да тиімді екенін, пайда әкелетінін арнайы комис­сия алдында дәлелдей алса ғана рұқсат ететін заң нормасы қа­жет», – дейді ол. Ал депутат Нұртай Сабилья­нов ондай норма қажет емес, бастысы, кәсіпкерлік субъекті мемлекет алдындағы міндетте­месін орындаса болғаны деп санайды. Оның айтуынша, кә­сіп­керлік субъектісі шетелде фи­лиалын немесе машина са­татын дүкен ашамын, соның ғи­маратын саламын десе, біз оған тыйым салу арқылы биз­неске қысым көрсеткен болып шығамыз. Ол мемлекетке осынша мер­зімде автокөліктің бір бөлшегін шығаруға міндеттеме алды ма, соны орындасын. Орындамаса, мемлекет заң шеңберінде, келі­сім­шартқа сәйкес әрекет етеді. «Біз мемлекет есебінен бе­рілетін жеңілдіктердің нәти­жесін сұрауға міндеттіміз. Себебі бұл халықтың ақшасы, одан нәтиже шығуы керек. Субсидия кәсіпкерге жұмыс орнын ашсын, халық жұмысқа орналасып, жағ­дайын жақсартсын, ішкі нарық­ты қамтитын өнімдер шығарсын деп беріледі. Бірақ кәсіпкерлер субсидия алған соң мұны ұмы­тып кетеді. Мысалы, Аягөзде ет өңдейтін цех ашамыз дегендерге бюджеттен 500 млн теңгедей ақша бөлінді. Оған су мен электр жарығы тартылатын болған. Ал кәсіпкер жеңілдетілген несие алып цех салуы тиіс еді, міне 3 жыл өтті, цех та жоқ, ақша да жоқ. Мұндай жағдай өте көп», – дейді ол.  

Бар мәселе бағдарламада ма?

Жалпы, кәсіпкерлік субъек­тілері мемлекет тарапынан өзге елде жоқ қолдауды алғанды бі­леді де, жауапкершілікті неге ұмы­тады? Мемлекеттік бағдарла­малар арқылы берілетін мил­лиард­тардың сұрауы кімнен? Әлде, мембағдарламаларда қа­ралған қаржы кәсіпкерлік субъектісін дамытуға жетпей ме? Нұртай Сабильяновтың пікі­рінше, мұның бір себебі, Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды Парламенттің қатысуынсыз қа­былдайды. Сөз басында айтыл­ған Бизнестің жол картасы да, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы да қоғам талқы­лауынан өтпеген. Мұндай бағ­дарламаны жасағандар үшін «Ата­мекен» кәсіпкерлер палата­сы бата берсе, жетіп жатыр деп ойлайды. Ал әр саланың мүддесін қорғайтын қауымдастықтар барын ұмытып кете береміз. Ұлт­тық палатаға қарағанда мәселені әр саланың өз қауымдастығы жіті білсе керек еді. «Мемлекеттік бағдарламалар заң арқылы қабылдануы керек деп санаймын. Себебі бағдар­ламаға бөлінетін қаржы бюджет арқылы өтеді. Ал бағдарламаға бюджеттен ақша бөлуге бола ма, болмай ма дегенді бағдарлама жасалып жатқанда анықтап алуымыз керек. Әрине, бағдар­лама аяқталар жылы мына бағ­дарлама керемет, 10 мың кәсіп­керлік субъектісі қолдау алды, пәленбай млрд салық төледі деп есеп береді. Ал егер сол 10 мың кәсіпкерге жеке-жеке талдау жүргізсек, 10 мыңның 1 мыңы ғана жақсы жұмыс істегенін дә­делдеуге болады. Мұндайда бағ­дарлама тиімді болды дей аламыз ба?» – дейді депутат. Кез келген кәсіпкерлік субъек­тісіне бөлінген қолдау қаржы нәтиже беруі керек, әри­не. Сондықтан да мемлекеттік бағдарламалардағы әр жобаны ғылыми тұрғыда сараптап, эко­номиканың дамуы тұрғысынан зерттеп отырып жасау маңызды. Ол үшін уақыт пен төзім керек. Ал біз қашанда асығып жүреміз. Алғашқы бағдарламаның қоры­тындысын қорытып үлгермей жатып, жаңасын іске қосып жі­береміз. Салдарын бәріміз тар­тамыз.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ