Біздің елде кәсіпкерлік субъектісін қаржылай қолдаудың түрлі тетігі бар. Жеңілдетілген несие, гранттан бастап субсидияға дейін беріледі. Әдетте, субсидия десе, ауыл шаруашылығы саласы еске түседі. Себебі шет мемлекеттердің басым бөлігінде субсидия негізінен осы салаға ғана беріледі екен. Ауыл шаруашылығы шығыны ақталмағанымен, аса қажет сала. Ал біздің елде бұдан басқа салалар да субсидия ала береді. Өңірлерде кәсіп ашамын, өнім өндіремін, жұмыс орнын құрамын, салық төлеймін дегендерге субсидия беріледі. Субсидия ақша ғана емес, салық жеңілдіктері түрінде де беріледі. Қазақстанда осындай көмек алатын салаларда есеп жоқ. Субсидия алғандардан алмағандарды санап шығу оңай. Субсидия, әрине бюджеттен беріледі. Мысалы, биыл республикалық бюджеттен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi арқылы облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға жұмыс берушінің, яғни кәсіпкерлік субъектісінің шығынын субсидиялауға ағымдағы нысаналы трансферттер үшін 34 млн 337 мың теңге қарастырылған. Айтпақшы, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем алушыға міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялауға да ақша бюджеттен бөлінеді. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы тасымалдаушының облигациялары бойынша купондық сыйақаны субсидиялауға 14,5 млрд теңге бөлінеді. Жүйелі авиатасымалдарды субсидиялау үшін 5 млрд теңге, әлеуметтік маңызы бар облысаралық қатынастар бойынша теміржол көлігімен жүретін жолаушы тасымалын субсидиялауға 33 млн теңге, әлеуметтік маңызды қатынастар бойынша жолаушы тасымалдаушы компаниялар несиеге немесе лизингке вагон (контейнер) сатып алса, оның сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 6 млрд теңге қарастырылған. Кәсіпкерлерге субсидия «Бизнестің жол картасы», ал ауыл шаруашылығы саласы үшін субсидия «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламалары арқылы таратылады. Мысалы, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерде барлығы 2 трлн 947,1 млрд теңге (РБ – 1 829,5 млрд теңге, ЖБ – 849,9 млрд теңге, басқа көздер – 267,8 млрд теңге) көзделген. Биыл аталған бағдарлама шеңберінде 745,6 млрд теңге жұмсалады. Оның 451 млрд теңгеден астамы субсидияға бағытталады. Сол субсидияның 249 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 202 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен беріледі. Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына жалпы 461 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жұмсау жоспарланып отыр. 311 млрд теңге республикалық бюджеттен, 150 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінеді. Биыл игерілетін 127 млрд теңгеден астам қаржының 97 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті бюджеттен алынады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімінде «Бизнестің жол картасы – 2020» іске асыру «жұмыспен қамтуды 2,6-дан 2,8 млн адамға дейін болмашы ғана өсуіне ықпал еткенін» айтады. Демек, жаңа бағдарламаны жасаушылар алдыңғы бағдарламаның жұмыспен қамту көрсеткіші ауыз толтырып айтарлықтай болмағанын мойындап тұр. Жалпы, бұл бағдарламаның кілтипаны туралы кезінде Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мәселе көтерген. Депутат сол мәселенің әлі де өзекті екенін айтады. «Бизнестің жол картасы арқылы кәсіпкер субсидияны «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы алады. Кәсіпкер екінші деңгейлі банктен 14 пайызбен несие алса, қалған 7 пайызын мемлекет төлейді. Мемлекет өтейтін 7 пайыз Бизнестің жол картасы бағдарламасында қарастырылған қаржыдан төленеді. Қалған 7 пайызын кәсіпкер өзі жабады. Әдетте, субсидия өнім өндіретін салаларға беріледі. Алайда БЖК-на талдау жасағанда субсидия алғандардың сауда-саттықпен айналысатындар мен делдалдар екенін, яғни өнім өндірмейтіндер екенін анықтадық. Біз бұл мәселені 4 жыл бұрын көтеріп, нәтижесінде саудамен айналысатын кәсіпкерлерге субсидия бермеу туралы қаулы шығаруға қол жеткіздік», – дейді ол.
Субсидияны арзан несиеге алмастырсақ...
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айтуынша, шет мемлекеттерде ауыл шаруашылығы саласынан басқа салаға субсидия берілмейді. Басқа салаға 1-2 пайыз мөлшерлемемен несие беріледі. Кәсіпкер ақшаны 5-10 жылда қайтарады. Нұртай Салихұлы егер біз осыған көшсек, онда кәсіпкер қазіргідей 14 пайыздық несиенің 7 пайызын емес, 1-2 пайыздық ставканың несиесін қайтарып отырар еді деп санайды. Несиені Қазақстан Даму банкі немесе «Даму» қоры арқылы берсе, мейлі 1-2 пайыз болмаса, 3-4 пайыздан берсін, кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге тәуелді болмайды. Ал мына жағдайда екінші деңгейлі банктерді ғана қолдап отырғанымызды айтады. Ол ауыл шаруашылығы саласынан басқа салаға субсидия емес, жеңілдетілген несие беруді ұсынады. Ал арзан несие алғандардың жұмысын қадағалау маңызды. Өйткені БЖК арқылы субсидия немесе грант алып, жұмыс орнын ашпаған, салық төлемеген кәсіпкерлер жоқ емес.Субсидия алғандар инвестиция құя ала ма?
Жоғарыда біздің елде мемлекеттен қаржылай қолдау алмаған сала некен-саяқ екенін айттық. Ол рас, кезінде Дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасы бойынша Mega сауда және ойын-сауық орталығы 3,1 млрд теңге субсидия алған болатын. Ол аздай Меga-ның қожайыны – миллиардер Нұрлан Смағұлов 2014 жылы зейнетақы қорынан 15 млрд теңге алды. Миллиардер ол ақшаны 18,5 пайыз мөлшерлемемен алғанын, оның 10 миллиардын қайтарғанын айтып ақталғаны есте. Одан кейін Меga-ның құрылысына Ұлттық қордан 36 млрд теңгені 3 пайызбен қарызға алғанын естіген жұрт жағасын ұстаған. Бұлай миллиардер болғаны бар болсын деп әжуаға айналдырғандар да табылды. Ал миллиардер Меga халықаралық деңгейдегі сауда және ойын-сауық орталығы болғандықтан, оған мемлекет қаржылай қолдау көрсетуі керек деп табандап тұрып алған. Жалпы, ірі кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеден де, қайтарымсыз субсидиядан да бас тартқысы келмейді. Мұның мысалын күні кеше басы дауға қалған «Азия авто» компаниясынан да байқадық. Мемлекет компанияны өз міндетіне салғырт қарағаны үшін қаржылық қолдаудан қағып тастап еді, жанұшырып кетті. Айтқандай, мемлекеттен миллиардтап субсидия алған осы компания шетелге 72 млн доллар инвестиция құйған. Өзі жыларман болып мемлекеттен қаржылай қолдау алады да, ақшаны сыртқа салады. Себебі оған тоқтау салар норма біздің заңда қарастырылмаған. Financial Freedom қоғамдық қорының директоры, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, бізге ондай заң нормасы артық болмас еді. «Мұндай заң нормасы қажет. Мысалы, мемлекеттік қолдауды пайдаланып отырған мемлекеттік компанияның мейлі жекеменшік компанияның болсын өкілі шетелге инвестиция құюдың, шынында да тиімді екенін, пайда әкелетінін арнайы комиссия алдында дәлелдей алса ғана рұқсат ететін заң нормасы қажет», – дейді ол. Ал депутат Нұртай Сабильянов ондай норма қажет емес, бастысы, кәсіпкерлік субъекті мемлекет алдындағы міндеттемесін орындаса болғаны деп санайды. Оның айтуынша, кәсіпкерлік субъектісі шетелде филиалын немесе машина сататын дүкен ашамын, соның ғимаратын саламын десе, біз оған тыйым салу арқылы бизнеске қысым көрсеткен болып шығамыз. Ол мемлекетке осынша мерзімде автокөліктің бір бөлшегін шығаруға міндеттеме алды ма, соны орындасын. Орындамаса, мемлекет заң шеңберінде, келісімшартқа сәйкес әрекет етеді. «Біз мемлекет есебінен берілетін жеңілдіктердің нәтижесін сұрауға міндеттіміз. Себебі бұл халықтың ақшасы, одан нәтиже шығуы керек. Субсидия кәсіпкерге жұмыс орнын ашсын, халық жұмысқа орналасып, жағдайын жақсартсын, ішкі нарықты қамтитын өнімдер шығарсын деп беріледі. Бірақ кәсіпкерлер субсидия алған соң мұны ұмытып кетеді. Мысалы, Аягөзде ет өңдейтін цех ашамыз дегендерге бюджеттен 500 млн теңгедей ақша бөлінді. Оған су мен электр жарығы тартылатын болған. Ал кәсіпкер жеңілдетілген несие алып цех салуы тиіс еді, міне 3 жыл өтті, цех та жоқ, ақша да жоқ. Мұндай жағдай өте көп», – дейді ол.Бар мәселе бағдарламада ма?
Жалпы, кәсіпкерлік субъектілері мемлекет тарапынан өзге елде жоқ қолдауды алғанды біледі де, жауапкершілікті неге ұмытады? Мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін миллиардтардың сұрауы кімнен? Әлде, мембағдарламаларда қаралған қаржы кәсіпкерлік субъектісін дамытуға жетпей ме? Нұртай Сабильяновтың пікірінше, мұның бір себебі, Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды Парламенттің қатысуынсыз қабылдайды. Сөз басында айтылған Бизнестің жол картасы да, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы да қоғам талқылауынан өтпеген. Мұндай бағдарламаны жасағандар үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бата берсе, жетіп жатыр деп ойлайды. Ал әр саланың мүддесін қорғайтын қауымдастықтар барын ұмытып кете береміз. Ұлттық палатаға қарағанда мәселені әр саланың өз қауымдастығы жіті білсе керек еді. «Мемлекеттік бағдарламалар заң арқылы қабылдануы керек деп санаймын. Себебі бағдарламаға бөлінетін қаржы бюджет арқылы өтеді. Ал бағдарламаға бюджеттен ақша бөлуге бола ма, болмай ма дегенді бағдарлама жасалып жатқанда анықтап алуымыз керек. Әрине, бағдарлама аяқталар жылы мына бағдарлама керемет, 10 мың кәсіпкерлік субъектісі қолдау алды, пәленбай млрд салық төледі деп есеп береді. Ал егер сол 10 мың кәсіпкерге жеке-жеке талдау жүргізсек, 10 мыңның 1 мыңы ғана жақсы жұмыс істегенін дәделдеуге болады. Мұндайда бағдарлама тиімді болды дей аламыз ба?» – дейді депутат. Кез келген кәсіпкерлік субъектісіне бөлінген қолдау қаржы нәтиже беруі керек, әрине. Сондықтан да мемлекеттік бағдарламалардағы әр жобаны ғылыми тұрғыда сараптап, экономиканың дамуы тұрғысынан зерттеп отырып жасау маңызды. Ол үшін уақыт пен төзім керек. Ал біз қашанда асығып жүреміз. Алғашқы бағдарламаның қорытындысын қорытып үлгермей жатып, жаңасын іске қосып жібереміз. Салдарын бәріміз тартамыз.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ