Былтыр күзде «Отандастар» қорының жағымды жаңалығы бар екенін естігенбіз. Қордың вице-президенті Талғат Әдуов шетелдегі қазақтарға арнайы куәлік беру жөнінде бастама бар екенін, бұл жобаны Мемлекет басшысына 2020 жылдың көктемінде таныстыру жоспарланғанын айтқан. Бірақ қордың вице-президенті айтқан көктем де аяқталып қалды. Санаулы күндерден соң жаз шығады. Ал біз «Қазақ куәлігі» жайлы бастаманың не Президентке, не Елбасына таныстырылғаны жайлы естімедік. Мазмұны ерекше куәлік жайлы бастамаға коронавирус кедергі келтірді ме, өзге себептер бар ма, ол жағы бізге беймәлім. Тек мұндай куәліктің пайдалы тұстары мол боларын ғана білеміз. Алайда өткен күздегі жаңалық биыл ізім-қайым болған соң жобаның тағдыры қалай болып жатқанына қатысты «із кесіп» көрдік.
Ерекеше куәлік биылдан қалмай қолданысқа енуі мүмкін
Негізі, «Отандастар» қорының шетелдегі қазақ диаспорасы мен ирридентасы үшін ұсынбақ болған «Қазақ куәлігі» жобасы қандастарды қолдау мақсатында әзірленіп жатқан арнайы бағдарламаның құрамына кірген құжаттардың бірі болса керек. Қор өкілдері бағдарламаны 2020 жылдың көктемінде мемлекет басшылығына таныстырмақ болған. Алайда әзірге бағдарлама жобасы Президентке жетпеген тәрізді. Нормативтік құқықтық актілер базасынан ондай құжат таппадық. Сөйтсек, бағдарлама да, онымен ілесіп жүрген «Қазақ куәлігі» жобасы да әзірге жоғарыға жетпепті. Шамасы, жауапты тұлғалар құжатты алдымен салалық министрлікте таныстырып, кем-кетігін толықтырып болған соң ғана ел басшысына ұсынуды жоспарлаған болуы керек, «Отандастар» қоры мамандары «Қазақ куәлігіне» қатысты жобаның бағдарламамен бірге маусым айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде талқыланатынын, оған Сыртқы істер министрлігінің де мамандары қатысатынын айтты. Демек, «Қазақ куәлігі» із-түзсіз кеткен жоқ. Тек мамандар оны пысықтап, шетелдегі қазаққа қандай үлгіде ұсыну керек екенін пісіріп алмаққа бекініпті. Бәлкім, содан соң ғана тұтас бағдарлама, соның ішінде «Қазақ куәлігі» жобасы Президенте немесе Елбасына таныстырылуы мүмкін. Біздің пайымдауымызша, құжатты Үкімет жыл соңына дейін қабылдауы ғажап емес. Бірақ бәрібір көктем деп жүргенде, жазға да жетіп қалдық. Тек иігіліктің ерте-кеші жоқ деген уәжді көңілге медет қыламыз.Біз бірінші емеспіз
Негізі, жаһанда өз ұлтының өкілдеріне қамқорлық жасап, бас-көз болатын мемлекеттер аз емес. Мұндай елдер түрлі тәсіл арқылы диаспораларын қолдап, қажет кезінде өз мүддесі үшін пайдаланып отыратыны бар. Дегенмен түрлі кұжаттың қилы мақсаты болады. Айталық, Еуропа одағының Blue Card-ы мен АҚШ-тың Green Card-ы этникалық мақсат көздемейді. Бұл карталарға ие болған азаматтар АҚШ пен Еуропада емін-еркін өмір сүріп, кәсіппен айналысуға және басқа да игіліктерді қолдану мүмкіндігіне ие болады. Яғни, Еуропа жұрты мен америкалықтар өздеріне қаржы құйып, бірнеше адамға болса да жұмыс тауып бере алатын шетелдіктерді көкіректен итере қоймайды. Ал «Поляк картасы» мен Түркияның «Көк картасының» мазмұны бөлек. Түркияның «Көк картасы» бұрын Түркия азаматы болған, кейіннен азаматтықтан шығып кеткен адамдарға және олардың балаларына берілетін құжат. Мұндай құжаттың пайда болуына өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Еуропаға көшіп кеткен түріктердің Түркиямен байланыс орнатуда құқықтық кедергілерге кездесуі себеп болды. Әрі еуропалық түріктердің ұрпағын атажұртынан ажыратпау үшін де белгілі бір шара қолдану қажет еді. Сол себепті ресми Анкара қос азаматтықтың алдын алу һәм өз қандастарына қосымша мүмкіндік беру үшін «Күлгін карта» жобасын бастады да, кейін ол «Көк картаға» айналды. Мұндай картасы бар адам үшін Түркияда ықтиярхат алудың қажеті жоқ. Жұмыс істеу рұқсатын алмай-ақ жеке секторда қызмет істей береді. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда жұмысшы, келісімшартпен жұмыс істейтін персонал бола алады. Олар Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алып, оны сату құқына да ие. Электронды үкімет қызметін пайдаланады. Жеке зейнетақы алғанда мемлекеттік жарналарды пайдалана алады. Қысқасы, түркиялықтардың бірқатар құқын пайдалана алады. Ал поляктар 2007 жылы енгізген бұл карта арқылы құжат иесі осы ұлттың өкілі екенін айғақтайды да, Польшада бірқатар жеңілдікке ие болады. Атап айтқанда, ұлттық визаны тегін алады, бұл виза өз кезегінде Польша шекарасын көп мәрте кесіп өтуге мүмкіндік береді. Карта өз иесіне Польшада ресми түрде жұмыс істеп, кәсіпкерлікпен айналысуға, Польшаның барлық музейін тегін аралауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай картасы бар адам Польшада пойызбен жүру үшін 37 пайыз жеңілдік алады. Әрі төтенше жағдайда жедел медициналық жәрдемді тегін пайдаланады. Елде білім алудың тегін жүйесін қолданады. Ең бастысы, мемлекет бюджетінен шетелдегі поляктарды қолдауға арналған қаржы алады. Бұл дегеніңіз – карта иесі Польшаға көшіп келсе, оның отбасының әр мүшесіне 5 400 евро беріледі деген сөз.Мұндай құжаттың пайдасы қандай?
Әлбетте, мұндай құжаттың түрлі пайдалы тұсы бар екенін мамандардың көбі біледі. Құжат шетелдегі қазақтарға сайлау және сайлану құқығынан басқа барлық құқықты береді деуге де болады. Яғни, «Қазақ куәлігі» бар Қазақстан территориясында емін-еркін жүріп-тұруына, бизнеспен айналысуына, меншік иесі болуына, заңды түрде жұмысқа тұруына, тегін білім алуына, медициналық қызмет жүйесін қолдануға толық мүмкіндік туғызады. Әрі шетелдегі диаспораның атамекеніне қаржы құйып, ондағы өзгерістерге араласуына мүмкіндік туғызады. Әрине, Қазақстан жоспарлап отырған «Қазақ куәлігі» шетелдегі қандастарымызға тура Польшадағыдай қаржы ұсына алмаса да, бірқатар жеңілдіктер жасауы мүмкін. Ең бастысы, мұндай құжаттар этностың ішкі байланыстарын нығайту мақсатын көздейді. Одан бөлек, «Қазақ куәлігінің» Қазақстанға қыдырып, туысын іздеп келетін азаматтар үшін тигізетін пайдасы зор. Әдетте, олар тіркеу, жұмыс істеу мәселесінде түрлі кедергіге ұрынып қалатыны бар. Сонымен бірге еліміздегі дайындық бөлімдерінде оқып жатқан қазақ диаспорасының жастары да құқықтық тұрғыда шетелдік болып саналатынын ескеру керек. Айталық, олар медициналық көмек алу қажет болған жағдайда сақтандыру талап етіледі. Азаматтарына жедел медициналық көмек тегін көрсетілуі тиіс елдер тізімінде қазақ диаспоралары мекен ететін мемлекеттің бірқатары болмауы да мүмкін. Одан бөлек, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін қандастарымыз да көп. Әсіресе, Өзбекстан мен Моңғолиядан келіп еңбек еткісі келетіндердің қарасы басым. Мұндайда олар көбіне заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр болады немесе қаптаған қағазбастылық сынағынан өте жүріп ықтиярхат алулары керек. Оның өзінде тіркеуге тұрғызатын танысы болса ғана. Демек, «Қазақ куәлігі» осындай мәселелерді де шешетін құжат болуы тиіс. Ең бастысы, елге келген соң қазақ екенін дәлелдеуге мәжбүр болатын бауырларымызға бұл куәлік орасан зор пайда тигізгелі тұр.Құжаттың тағы бір қыры бар
Негізі, мұндай құжаттың кейде дау тудыратын тұстары да кездеседі. Айталық, 2011 жылы Беларусьтің конституциялық соты Польшаның «Поляк картасы туралы заңын» халықаралық нормаларға сәйкес келмейді деп мәлімдеген. 2012 жылы беларусьтар депутаттарға поляк картасын қолдануға тыйым салып, шенеуніктердің мұндай карта алуына тыйым салған. Әрі Беларусьте азаматтардың Польшаға көптеп кеткісі келетіні, сол үшін өздерін поляк ретінде жазғызуға ұмтылатыны байқалған. Ал Варшава мұндай заңсыздықтың алдын алу үшін поляк ұйымдарының беруін мойындаса, екіншісін мойындамай келді. Демек, «Қазақ картасының» да осындай қырлары туындап қалуы мүмкін. Яғни, заңсыз тәсілдер арқылы өздерін қазақ етіп жазғызғандар да бұл куәлікке қол жеткізуге ұмтылуы бек мүмкін. Сондықтан куәлікті даярлау барысында бірқатар шараны ескеру қажет болатын шығар. Түрлі құрылымдардың тізе қоса жұмыс істеуі тиіс. Онсыз «Қазақ куәлігінің» пайдасымен қатар зияны тиюі мүмкін.