Қазақстан қандай өніммен өзін толық қамтамасыз ете алады? Мұндай сұрақ қойылғанда сөз жоқ, ұн өнімдері, күріш, жұмыртқа өндірісі туралы айтуға болады. Аталған азық түрлерімен ішкі нарықты қамту 100 пайызға жетпегенімен, соған тақау. Оның ішінде өсімдік майы өндірісі де бар. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы ұн өндірісі бойынша сұранысты 99,6% қамтамасыз етсек, күріш – 97,5%, жұмыртқа – 97,4%. Ал қазақстандық мазмұн жөнінен күнбағыс майының нарықтағы үлесі 78%-ды құраған. Шындығында, еліміздің агроөндірістік кешенінде соңғы жылдары қарқын алған өндіріс – май өндірісі. Егістік шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы арқылы майлы дақылдар алқабы ұлғайтылып, сәйкесінше өнім өндіру көлемі артқан. Биыл еліміздегі егістіктің жалпы көлемі 22,5 миллион гектар болды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 238 мың гектарға көп. Сондай-ақ осы көлемнің 3 миллион гектардан артық алқабына майлы дақылдар егіліп жатыр. Еске сала кетейік, 2019 жылы майлы дақылдар алқабы 2,887 миллион гектар болған. Осыдан 10 жыл бұрын (2009 жылы) аталған көлем – 1,2 миллион гектардың маңайында еді. Айта кетейік, Қазақстанның майлы дақылдар алқабының аумағы Орталық Азия елдеріндегі майлы дақылдар егістігінің 90%-на тең. Мәселен, Өзбекстанда аталған дақылдар 40 мың гектарға егілсе, Қырғыз Республикасындағы көлемі – 30 мың гектар. Түркіменстан мен Тәжікстанда көрсеткіш төмен. Оған қоса, көрші елдердің егетіні негізінен күнбағыс майы дақылы. Зығыр, соя және рапс өндірісі аймақта Қазақстанда ғана өсіріледі.
ЭКСПОРТ КӨБЕЙДІ
Егістік алқабын әртараптандыру майлы дақылдар экспортын арттырып отыр. Energyprom.kz порталының хабарлауынша, биылғы екі айдың өзінде (қаңтар-ақпан) күнбағыс майы экспорты 19,6 мың тоннаға жетті, бұл 2019 жылғы қаңтар-ақпандағы көрсеткіштен 41,6%-ға көп. Осыған байланысты аймақтағы мемлекеттерде өсімдік майына қажеттілік оны өндіру көлемінен үш есеге артып отыр. Дегенмен ішкі тұтыну нарығында импорттың үлесі де бар. Негізінен күнбағыс майы Ресейден, сондай-ақ пальма майы Ресей мен Малайзиядан жеткізіледі. 2020 жылдың 22 наурызында Қазақстан ауылшаруашылық өнімінің бірнеше түрі бойынша экспортқа шектеу қойғаны белгілі. Оның ішінде күнбағыс майы да бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 2 сәуірде жекелеген тауар түріне арнайы квота енгізіліп, тазартылмаған күнбағыс майына ай сайынғы квота 10 000 тоннаны құрады. Министрлік бекіткен квота бойынша ішкі нарыққа кепілдендірілген күнбағыс майы – 3 мың тонна, яғни экспорт көлемінің 30% болып белгіленді. Майлы дақылдар өндірісінде өнімді өңдеу ісі әлі де болса көңіл аударарлықтай. 2018 жылы тазартылмаған шикі май экспорты 1 млн тоннаға жеткен. Бұл 2016 жылдан – 73,4%-ға, 2017 жылдан 21,6%-ға көп. Яғни, сыртқа сату көлемі жыл сайын артып келеді. Дегенмен экспортқа шикізат емес, дайын өнім шығару мәселесі алға қойылып отыр. 2020 жылдың қаңтар-наурызында еліміздегі тазартылмаған май өндірісінің көлемі 44,4 мың тонна болған. «Бұл былтырғы жылдың осы кезеңінен 19,5% артық» деп хабарлайды energyprom.kz. Ал тазартылған май өндірісі биылғы үш айда 29,3 мың тоннаны құрады. Осылайша, күнбағыс майының жалпы көлемі 73,6 мың тонна болды. Былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында елімізде өндірілген тазартылған майдың көлемі – 132,7 мың тонна, ал тазартылмаған май өндірісі 190,1 мың тонна болған. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың мәліметінше, республикада майлы дақылдарды өңдейтін ірілі-ұсақты 52 кәсіпорын бар, олардың жылдық қуаты 2 млн тоннаға жетеді. «2019 жылдың 9 айында тазартылған және тазартылмаған майдың көлемі 343,5 мың тоннаға жетті. Одан бөлек, соңғы 5 жыл ішінде зығыр майына сұраныс 34 есе артқанын көріп отырмыз», – дейді министр. Зығыр майы демекші, Қазақстан 2018 жылы зығыр өндіруден алдыңғы орынға шықты. Бүгінгі күні экспорт көлемі де артқан, бірақ шикізат күйіндегі үлес 40% көлемінде. Ел Үкіметі зығыр майын 100% дайын өнім күйінде шығаруды жоспарлап отыр. «Біз алдағы 2-3 жыл ішінде майлы дақылдарды өңдеуде 100%-дық деңгейге жетеміз деп ойлаймын», – деді С.Омаров. Қазіргі күні Семейде өсімдік майын шығаратын ірі зауыт салынып жатыр. Жобаның құны – 11 млрд теңге. Жыл соңына дейін ашылады деп жоспарланып отырған кәсіпорын 1 000 тоннадан артық күнбағыс майын шығарады. Зауыт өнімі ішкі нарықты қамтып қоймай, көршілес Ресей мен Қытайға экспортқа шығарылады.БАҒА КӨРСЕТКІШІ ҚАНДАЙ?
Биыл барлық азық-түлік бағасы бірнеше пайызға қымбаттағаны белгілі. Десек те, өсімдік майы өндірісімен өзімізді қамтамасыз ету көрсеткіші (ішкі нарық 350 мың тонна) өскелі өзге азыққа қарағанда «сұйық май» құны айтарлықтай көтерілген жоқ. Сәуір айында күнбағыс майының орташа бағасы литріне 434 теңгені құрады, яғни былтырғы бағадан 0,3%-ға ғана жоғары. Сәуірдегі көрсеткішпен айтсақ, ең жоғары баға Ақтауда (484 теңге), Нұр-Сұлтанда (476 теңге) және Атырауда (454 теңге) тіркелген. Салыстыру үшін айта кетсек, 2019 жылы қаңтарда республика қалаларындағы күнбағыс майының орташа бағасы литріне 433,2 теңге болған. Былтыр да ең жоғары баға Ақтау, Атырау және Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Майлы дақылдан дайын өнім алудың шығыны жайында мәлімет табу мүмкін болмады. Дегенмен ашық дереккөздерге сүйенсек, 2014 жылы 1 000 литр күнбағыс майының өзіндік құны 229 688 теңге болыпты. Айта кетсек, өсімдік майы бойынша өндірістің негізгі көлемі (тазартылған және тазартылмаған майдың 85%) Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Өңірде «Май» АҚ, «Өскемен майзауыты» ЖШС, «Шығысауылшарөнімі» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының мәліметінше, былтыр майлы дақылдар 485,5 мың гектар жерге егіліп, 596 мың тонна өнім алыныпты. Оның 90%-ы күнбағыс, қалғаны соя мен рапс дақылы. Атап айтқанда, 557 мың тонна күнбағыс, 29 мың тонна рапс өндірілген. Сондай-ақ 2019 жылы қаңтар-желтоқсан аралығында облыс Ресей, Өзбекстан және Қытайға 219,5 мың тонна күнбағыс майын сатқан. Дәл қазіргі сәтте елімізде 3 млн гектар алқапқа майлы дақыл егіліп жатыр. Демек, алдағы уақытта да экспорттық көрсеткіш жоғарылай түсері белгілі. Егер күзде коронавирус тағы қайталанып, шекара жабылып қалмаса, өсімдік майы биыл да сауданың негізгі көзіне айналмақ.