Ақылы жолдар артады
Ақылы жолдар артады
146
оқылды
Елімізде Алматы – Қорғас, Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы–Қапшағай автожолдары ақылы. Олардың жалпы ұзындығы – 682 шақырым. Биыл республикалық маңызы бар авто­жол­дардың 5,7 мың шақырымында төлем алу жүйесі орнатылып, сынақ режимінде пайдалануға беру жоспарланған.  

Ақылы жолдың пайдасы

Еліміздегі ақылы жолдардың көбеюі қазынадан жолды күтіп ұстауға бөлінетін шығынды біршама азайтады. Сіздің төлеген қаржыңыз автомагистральдың өз шығынын өзі өтеуіне, көрсетілетін қыз­мет­терді дамы­туға, автожолдың сапасын арттыруға жұм­салады. Сол себепті Үкімет бірінші және екінші санаттағы автожолдарды күтіп ұс­тау­да қаржы тапшылығын жою мақсатын көздеп отыр. Ол үшін республикалық жол­дардың кей бөліктерін ақылы етті. Жұмыс жалғасуда. Экономикалық сарапшы Ға­лым­жан Керімбек бұл қадамның түпкі мәнін былайша бағамдайды: – Бұл инфрақұрылымның мақсаты – мемлекетте тиімді және бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру, транзитті және көлік қызметтерін дамыту, техноло­гиялық және институционалдық ортаны жетілдіру арқылы әлеуметтік-экономика­лық өркендеуге және халықтың әл-ауқаты мен тұрақты өмір сүру деңгейін нығайтуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар сарапшы аталған мақ­саттарға сәйкес, аумақтарды және олардың арасындағы көліктік байланыстарды инфра­құрылымдық қамтамасыз ету, тиімді транзиттік, экспорттық және логистикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы «Үлкен транзитті» тартуға және экспорттық сая­сатты іске асыруға көмек беру, инфра­құ­рылымдық кешенді технологиялық, ғылы­ми-әдістемелік және ресурстық қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы субъектілері мен тасымалдаушылардың экономикалық тиімділігі мен бәсекеге қабілетін арттыру, кө­лік инфрақұрылымын пайдалану және экологиялық қауіпсіздігін арттыру тә­різді міндеттерді орындау қажет екенін атап өтті. Өйткені жол – ұлттық экономи­ка­ның не­гізгі драйвері. Сол себепті Үкімет оны басты назарда ұстап келеді. Әрі ақылы жолдар қатарының көбеюі де содан. Алайда ақылы жолға көшпестен бұрын, жөні түзу жол салып алу мәселесі де алдан шығатыны бар. Орыс жазушысы Н.Гогольдің «орыстың екі проблемасы бар: ақымақтар және жаман жолдар» дегені ойға оралады. Алдыңғысын қайдам, соңғысы бізде де бар екені ақиқат. Автожолдарды салу бар да, оны тиімді қол­дану бар. Экономист-сарапшы Жангелді Шымшық эксплуатация көп шығынды талап ететіндіктен «шынайы» есептеу бо­луы қажет деген ойда. – Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет автожолдар салуға көп көңіл бөліп келеді. Шетелдік көптеген инвестициялар тар­тыл­ды. Экономика дамуының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуда. Қазіргі кезеңде «жол картасы» арқылы жол тораптарын кеңейтіп, салу жұмыстарын жалғастыруы­мыз қажет. Тұңғыш Президент айтқандай, автожолдар елордадан өзге өңірлерге күн сәулесіндей тарап жатуы қажет. Сонда сауда, жүк тасымалының көлемі артады. Біз әлі күнге дейін Нұр-Сұлтан – Алматы тас­жолын ретке келтіре алмай отырмыз. Мем­лекеттік тапсырыспен көптеген мекемелер алып алған да, оны толық талапқа сай жа­самаған. Сапасыз бөліктері көп. Ақысыз жолдар көбіне қараусыз қалғандықтан, сапа туралы айту қиын. Ол үшін заман талабына сай жаппай ақылы жолға көшу қажет, – дейді экономист.  

Ақы төлеу қалтаға ауырлық салмай ма?

Ақылы жолдар мемлекет үшін пайдалы екені түсінікті. Ал жолаушылар үшін қан­дай пайдасы бар? Халық ақшасын берген соң, жүріп өткен жолының сапалы болуын талап ете алады. Барар жеріне уақытылы, шар­шамай-шалдықпай жетуі тиіс. Соған сәйкес, тиісті мекемелер автожолдың кем-кетігін жөндеп отыруға міндетті. Тұрғын­дар­дың дені тарифтің қымбаттығын алға тар­тады. Жер­гілікті жеңіл автокөлік болса 100 шақырымға 100 теңге төлейді, транзиттік жеңіл автокөлік 200 теңге, автобустар орын санына бай­ланысты 1 000 теңгеден 3 100 теңгеге дейін, жүк кө­ліктері 4 200 теңгеден 5 200 теңгеге дейін төлем төлеуге міндетті. Бұл тек жолдың бір жағына төленетін баға. Енді оған қайтар жолдың төлемін қосыңыз. Қарапайым аза­мат­тар алыс жолға күнде шыға бермесі анық. Дегенмен ірі қалалардың төңірегінде орна­лас­қан радиусы ондаған шақырымға созылған елді мекендер тұр­ғындарының арасында жеке көліктері­мен қалаға қатынап жұмыс істейтіндері же­терлік. Оның ішінде жүк көліктері де бар. Осы мә­селені «Қазавтожол» ҰК-на айтып, «та­риф­ті төмендету жайы қарала ма?» деген сауал қойған едік. Компания мамандары алда­ғы уақытта тарифтің өзгертілмейтінін айтты. Бүгінгі күні жүргізушілердің қолай­лылығы үшін дифференциалды тариф енгі­зілген. Оның шарттары бойынша, жүргізу­шілер алдын ала төлем жасаса 50% жеңіл­дікке ие болады. Біз сұхбаттасқан экономика ғылым­дарының кандидаты, профессор Ғалымжан Керімбек те төлем тұтынушылардың қал­тасына салмақ салмайтындай, қолайлы болуы қажет деген пікірде. «Қазақстанның басқа елдермен салыстырғанда, жолдардың ұзындығы мен қашықтығын ескеруіміз тиіс. Міне, сондықтан жолдарды ақылы түрде пайдалану арқылы тиісті шығындарға қажетті қаражаттармен қамтамасыз ету іс-шаралары жүзеге асырылады. Мен эконо­мист ретінде жолдардың ақылы болғанын құптаймын, бірақ ол тұтынушылардың қалтасына салмақ салмайтындай, қолайлы болуы қажет. Бұл жерде жүк құралдары мен көрші мемлекеттердің көлік құралдарына басқаша тарифті енгізуді ұсынамын», – дейді маман. Қазіргі таңда «Нұр-Сұлтан–Шучинск» ақылы автожолында 2 төлем алу пункті бар. «Нұр-Сұлтан – Теміртау» тасжо­лының екі пунктінде – 8, «Алматы – Қап­ша­ғай» жолының бір пунктінде – 12, «Ал­маты – Қорғас» учаскесінің екі пунктінде 8 терминал жұмыс істейді. Ақылы авто­жолдарда орнатылып жатқан терминалдар Франция, АҚШ және Ресейден әкелінген. Жолдарда төлем алу жүйесін алдағы уа­қытта да енгізу мақсатымен 2019 жылы инвес­тициялық конкурстың қорытын­ды­лары бойынша Computer Vision Technologies ЖШС басқаратын Консорциуммен 11 мың шақырым жолда төлем алу жүйесін орнату бойынша келісім жасалған. Сөйтіп, «Қазавтожол» ҰК биыл реконструкциядан өткен ұзындығы 5,7 мың шақырымды құ­райтын жолда бақылау аркаларының мон­тажын аяқтап, тесттік пайдалануға бер­мек. Алдағы 4 жылда 5 мыңнан астам ша­қырым жолды ақылы жүйеге көшіру жос­парланып отыр.  

Шетелдік ақылы жолдар несімен ұтымды?

Дүниежүзінің 30-дан астам елінің жолдары ақылы. Әлемде төлемақы алудың үш түрлі жүйесі бар. Олар: ашық, жабық және гибрид жүйе. Мәселен, Қазақстандағы ақылы автомагистральдарда гибрид жүйе қолданылады. Бұл Шығыс Азияның дамы­ған елдерінде бар үрдіс. Гибрид жүйеде ашық және жабық тәсіл қатар қолданылады, сол себепті жолақысын радиоэлектрондық белгілер және бағытталған шот арқылы немесе қолма-қол төлем жасау арқылы да өтеуге болады. Ал Ресейде төлем өндіріп алудың ең қарапайым түрі саналатын жабық жүйемен жүргізіледі, көбіне қолма-қол алынады. Ақылы жолдан шығарда жол жүру деректері тексеріліп, тиісті төлемақы жасалады. Германия болса ашық жүйені дұрыс деп тапқан. Ақылы жолдардың сапасы өз алдына, жол бойында көрсетілетін қызмет түрлері де маңызды. Бұл жағынан АҚШ, Еуропа елдерін үлгі етуге болады. Олар бұл саланы ұлттық экономикаларының маңызды бөлі­гіне айналдыра білген. Мәселен, АҚШ-та ақылы автожолдар маңызды рөлге ие. Елде концессиялар қағидаты бар. Яғни, жол бойындағы жалға берілетін учаскелер му­ни­ципалдық органдарға емес, жеке тұлға­ларға беріледі. Сондықтан жол бойында объектілер ғана емес, ірі сервистік аймақтар да бар. Жолаушы жанармай құю стансалары, жөндеу шеберханалары, дүкендер, тамақ­тану және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары, орналастыру құралдары секілді қажетті қызметтердің толық жиын­тығын алуға мүмкіндігі бар. Еуропада да сондай. Мысалы, Италия сияқты туристік елде демалыс орындары әрбір 30-50 шақы­рым сайын орналасқан. Олар бірыңғай жоба бойынша жайғастырылған, қызметтер жиынтығы көрсетіледі. Технологиясы дамып, экономикасы артқан батыс елдері электромобильдер мен квадрокоптерлерді зарядтауға арналған қондырғыларды жаппай енгізуде. Ал бізге ондай деңгейдің ауылы әлі де алыс. Дегенмен мысықта­бандасақ та алға жылжып бара жатырмыз. Мұның өзі де олжа.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=