Білім басқармалары ашықтықтан қашық па?
Білім басқармалары ашықтықтан қашық па?
216
оқылды
Білім және ғылым министрі ашықтық саясатын қолдайтынын сан мәрте айтты. Биыл өткен министрліктің алқа отырысында да А.Аймағамбетов «Біз барынша ашықтықты қолдаймыз» деген болатын.  Бірақ облыс пен аудандағы білім бөліміне сауал қойып,  нақты жауап ала алмай жүрген мұғалімдер аз емес. «Ашықтық, бақылау мен есеп – жемқорлықпен күресудің жолы». Бұл тәмсіл қоғамның қозғаушы күшін айқындап берді. Бақылау бар жерде жүйе боларын, есеп сұралған мекемеде жұмыс жүретінін, ал ашықтық сенімнің іргетасы екенін көрсетті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов барынша ашық­тық саясатын ұстанып, білім жүйесінің бұған бірте-бірте «еті үйреніп» келеді. Бірақ әлі де біреу сын айтса көз аларта қарап, жауап бере алмай жалтаратындар бар. Мәселен, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Айнұр Жамалбекқызының айтуынша, түйткілді мәселе төңірегінде сауал қойса, білім басқармасы өкілдері басын ала қашады. «Білім бөлімдерінің басқарма басшылары өзекті проблема жө­нін­де нақты сұрақ қойсаң, жалпылама жауаппен құтылады. Тағы да тере­ңі­рек сұрақ қояйын десең, жауап беру­ге құлқы жоқ. Сөздің ашығы, аңшы­ны көрген аңдай орманға қашады. Жалта­рып, сұра­ғыңа қатысы жоқ ойына түскен жа­уа­бын береді. Кім­нен қашатыны тү­­сініксіз. Аң кім, аңшы кім, сол жа­ғын түсіне алмай жүрміз. Бұрынғы бю­ро­кратия әлі де бар. Ми­нистр толы­ғы­мен болма­са да, біртіндеп жойып ке­леді. Күр­меуі көп мәселе болған­дықтан, әлі де күту қажет», – дейді Айнұр Жамал­бекқызы. Белсенді ұстаз Айман Сағидулла да әріптесінің айтқанымен келіседі. Мұғалімнің айтуынша, облыс пен аудандық білім басқармаларының басшылары министр айтқандай ашық емес. Мұғалімдермен қарапа­йым түрде сөйлесе алмайды. Ұстаз олардың өзін өзгеден үстем ұстай­тынын айтты. Министр ғана ашық саясатты ұстанып, мұғалімдермен емен-жарқын сұхбаттасатынын жеткізді. Атырау облысы Қызылқоға ауданында білім беретін ұстаз Айгүл Төрешқызы да Білім басқармасына наразы екенін атап өтті. «Бізде ашықтық жоқ. Ауданда ешкім білім басшыларына пікірін ашық айта алмайды. Ашық пікір айтқаным үшін бірнеше рет жиналысқа салды. Соттасқан кезім де болды. Шындық айтатын мұғалімнің соңына түсіп, қалай да қысым көрсетуге тыры­сады. Facebook парақшасына сұрақ қойсаң, жауап бермейді. Парақшасы жақында ашылған. Көпке дейін достық қабылдамай жүрді», – дейді Айгүл Төрешқызы. Осыған орай, ашықтық саясаты жөнінде Алматы облысы Білім бас­қармасына сауал жолдадық. Басқар­маның баспасөз хатшысы Інжу За­манбекқызының айтуынша, бас­қарма басшысы Майгүл Тлеутау­қызы халықты қабылдау күнінде бар­лық сұраққа рет-ретімен жауап береді. Әрі басқармада Call-орталық жұмыс істейді. Орталыққа мұғалім мен ата-ана кез келген уақытта хабарласып, сауал қойып, жауап алады. Мұғалімдермен кездесуде олардың ойын барынша ашық айтып, өзекті мәселелерге баса на­зар аударады екен. Министр білім саласы қызмет­керлерінің сұрағына толыққанды жауап беруге тырысады. Осыған дейін бірнеше тікелей эфир, бейне­конференция өткізді. Аппаратта өткен жиналысты да әлеуметтік желіге жүктеді. Қоғам мен жауапты тұлға арасындағы ашық саясаттың үлгісін көрсетті. Сон­дық­тан құзы­рын­дағы қызмет­керлерінен ашық­тықты талап етуі заңды. Карантин кезіндегі жағдай білім жүйесіне оң әсер етті. Еліміздің түкпір-түкпірінде ашық есік күн­дері, бейнеконференция, жиналыс, қоғамдық талқылау онлайн формат­та өтті. Соның ішінде Білім басқар­малары да әлеуметтік желі арқылы мұғалімдермен жүздесіп, сұрақта­рына жауап берді. Ұстаздар да мұ­ның тиімді тұсын жоққа шығармайды. «Басқарма басшысы міндетін атқарушы «Тараз 24» ақпараттық агенттігі арқылы онлайн жиын өт­кізді. «Жамбыл адалдық алаңы» жо­басы аясында тікелей эфирге шық­ты. Сонда сауалымызды қой­дық. Тіке­лей эфирді күллі Қазақстан тама­шалап отырған соң, сұраққа жөнді жауап берді», – дейді ұстаз Айнұр Жамалбекқызы. Мұғалім айтқандай онлайн форматтың артықшылығы көп. Журналистер қауымы да министр­лікке қояр сауалын тікелей эфирде айтып, қажетті жауабын алды. Білім басқармалары да Facebook пен Instagram арқылы вебинар, сұхбат өт­кі­зіп, пайдалы кеңес берер тұлғалар­мен онлайн кездесу өткізді. Сөзі­міз­ге дәлел ретінде Алматы облысы Бі­лім басқармасы мәліметін ұсынамыз. «Алматы облысы Білім басқар­масы басшысы осы аралықта мұға­лімдермен 3 рет онлайн кездесу өткізді. Оған 800-ге жуық ұстаз қатысып, бірқатар мәселені талқы­лады. Мектеп директорларымен, аудандағы білім басшыларымен де онлайн кездесу өткізді. Сондай-ақ 8-10-сынып оқушыларымен «Бі­лімге ұмтыл, жас дос» онлайн конферен­циясын ұйымдастырды. Жақында ғана басқарма басшысы ата-ана­лармен онлайн кездесу өт­кізіп, оларға алғысын айтты. Қа­шық­тан оқу кезе­ңінде табанды бо­лып, баласының білім алуына ба­рынша жағдай жасаған ата-ана­ларға онлайн алғыс­хат табыстады», – дейді Алматы об­лысы Білім басқар­масының баспа­сөз хатшысы Інжу Заманбекқызы. Оффлайнда ашықтық саяса­ты­нан қашық жүретін Білім басқарма­лары онлайнда барынша оң жауап берді. Әрине, көпке топырақ шаш­паймыз. Бұрыннан білім саласында ашық жауап беретін қызметкерлер бар. Бірақ жоғарыдағы пікірлерге мән берсеңіз, ашық қоғам қалып­тастыру үшін әлі де өзгеріс қажет екенін түсінесіз.

 width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ