Қазақстан 16 аурухана салуға мұқтаж ба?

Қазақстан 16 аурухана салуға мұқтаж ба?

2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасы аясында бүкіл республикадағы аурухана инфрақұрылымын жаңғырту мә­селесі көтерілген еді. Ведомство мәліметінше, еліміздегі ескірген 40 нысанның орны­на халықаралық деңгейдегі көпбейінді 16 аурухана (облыстық көпбейінді ауру­хана, қалалық көпбейінді аурухана, университеттік клиника) салынбақ. Бұл ауру­ханалар заманауи техникалық шешімдерді ескере отырып, жоспарланатыны айтылған. Алайда Қазақстан жаңа 16 аурухана салуға мұқтаж ба? Өткен аптада Мәжіліс халық арасында көп дүрбелең тудырған Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексті қабылдағаны белгілі. Соңғы екі аптада екпеге қарсы­лығын білдіргендер саны артып тұр. Халық жалпыға бірдей міндетті екпе егуге үрейленіп отырса, меди­циналық қоғамдастық өкілдерін толғандырып отырған басқа мәселе бар. Олар Қазақстанның барлық облысы мен Нұр-Сұлтан және Ал­маты қалаларында «16 жоғары тех­­нологиялық көпсалалы емхана­лар салу қажет пе?» деген пікірді алға тар­тады.  

Емхана салған тиімді ме?

Академик Төрегелді Шарма­нов­тың ойынша, ауруханаларды дамыту – мемлекет үшін де, адам­дар үшін де қиын болмақ. Ол «Ка­раван» газетіне берген пікі­рінде: «Қазір денсаулықтың жайын емес, аурудың санын ойлап отырған се­кілдіміз. Біз керісінше аурудың алдын алуды, яғни алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек беруді ойлауымыз керек. Бізге нақты осы саланы дамыту қажет. Егер ауру­ханаларды шексіз сала беретін бол­сақ, онда бүкіл елді ауруға ай­налдыратын боламыз. Оның үсті­не, емдеу бағасын да қымбаттатып жібереміз. Мәселен, АҚШ – меди­цинасы дамыған мемлекеттің бірі. Әрі медицинасы да қымбат. Онда ақысыз емдеу жоқ. Төлем кез кел­ген жағдайда халықтың мойнына түседі. Ал мұндай көп ақшаны ха­лықтың қалтасы көтере бермейді» деген пікірді айтады. Рас, емдеу арқылы денсаулықты қайтара алмайтынымыз анық. Мәселен, адамның бір мүшесін алып тастасақ, ол сау адам болып шыға ма? «Оның өмірін жақсартуға болады. Сол үшін аурудың алдын алғанымыз дұрыс. Оны емсіз жаза алмайтын жағдайда ғана дәрігерге жүгінген жөн. Денсаулықты сақтау қажет. Ол үшін бізге білімді, сала­уатты өмір салтын насихаттаған дұрыс секілді. Сондықтан бар күш-жігерді қазақ халқының денсау­лығын нығайтуға бағыттау керек. Денсаулық сақтау министрлігінің атауы да сол емес пе?». Бұл – ака­де­миктің ойы. Емдеу дегеніміздің өзі – медицина ұғымын білдіреді. «Денсаулық сақтау мен медици­наны шатастыруға болмайды», – дейді академик. Ал «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, дәрігер Ба­қыт Түменова «аурухана сала бер­ген тиім­ді емес» деген ойды айтады. «Бір қарағанда, 8 мың төсектен асатын және халықаралық стан­дартқа сай дамыған жоғары техно­логиялық ауруханалар желісін құру қызықты идея болып көрінуі мүм­кін. Шын мәнінде, бұл денсаулы­ғымыздың емес, ауруымыздың бей­­несін көрсетпей ме? Сонда біздің медициналық қызметіміз науқастар санының тұрақты өсуін күтетіндей соншалықты нашар жұмыс істей ме?» деген сауалды төтесінен қойды. Б.Түменованың айтуынша, «1978 жылы Алматыда халықаралық ме­ди­циналық қоғам­дастық қабыл­даған Медициналық-санитарлық алғашқы көмек туралы деклара­ция­да алғашқы медици­налық көмек – адам денсаулығына, ал стационар­лық қызмет – ауру­ларға жауапты екені анық айтыл­ған. Меди­ци­на­лық-санитарлық алғашқы көмек арқылы меди­ци­налық қызметтің 80-90 пайызын алуға болады. Яғни, науқастың 10-15 пайызы ғана ауру­ханаға жатқызылуы тиіс еді».  

Арбаны ат алдына қоюға болмайды

– Егер біз кез келген елдің ме­ди­циналық көмегін пирамида түрінде алар болсақ, онда МСАК негізі – салауатты өмір салтын насихаттау, аурудың алдын алу, ерте диагноз қою. Алғашқы медици­налық-санитарлық көмектің негізі неғұрлым мықты болса, бүкіл пи­ра­мида соғұрлым тұрақты болады. Егер сіз іргетасын дұрыс қала­масаңыз, бірінші кезекте пирами­даның жоғары жағында орналасқан технологиялық медициналық кө­мекті көрсетер болсаңыз, онда ол ғимарат құлап қалады. Сон­дықтан медициналық бюджеттің негізгі бөлігі алғашқы медици­налық-са­нитарлық көмекке жұм­салуы ке­рек, – дейді Бақыт Түменова. ХХ ғасырда адамдар негізінен жұқпалы аурулардан көп өлді. Олар­ды екпе егу арқылы құтқарып қалуға болар еді. Өкінішке қарай, өткен ғасыр басында адамдарды жұқ­палы аурулардан сақтап қала­тын вакцина болған жоқ. Ал ХХІ ғасырда жұқпалы емес аурулардан болатын өлім көрсеткіші жоғары. Мәселен, елімізде жүрек-қан та­мыр­лары аурулары, онкология, қант диабеті, созылмалы обструк­тивті өкпе аурулары көбейіп кет­кен. Бұл – өлімнің 82-84 пайызын құрайды. «Елдегі ағайын білім мен меди­цина деңгейіне көңілі көншімейді. Біз керісінше сол ауылдық жердегі шағын отбасылық дәрігерлік амбу­латориялардың желісін құрғаны­мыз дұрыс. Бұл заманауи техноло­гиялармен жабдықталған меди­циналық орталықтарға арналған ғимараттар және медицина қыз­мет­керлеріне арналған жалдамалы тұрғын үй болуы керек. Осылайша, біз медициналық кадрлардың тұ­рақ­тылығы туралы мәселені шешер едік. Бұл үлкен қалаларға да жа­рамды типтік жобалар болуы мүм­кін. Мәселен, Алматыда бірнеше жылдан кейін біртіндеп, үлкен емханаларды отбасылық шағын дәрігерлік амбулаторияларға бө­луге болады. Одан бөлек, медицина қыз­меткерлеріне жалдамалы бас­па­налар салуға мүмкіндік туар еді. Әрі медицина қызметкерлері бас­панаға қол жеткізер еді», – дейді Б.Түменова. «Аман-саулық» қоғамдық қо­рының президенті 16 аурухана сал­ғаннан гөрі еліміздегі бар ауру­хана мен емханаларды қайта жөн­деуден өткізген тиімді деп санайды. Оларды заманауи диагностикалық жабдықтармен жабдықтау қиын емес екенін айтады. «Тағы да біз арбаны аттың ал­дына қойғымыз келеді. Көпбалалы ананың қыста жылы киімі жоқ бес баласын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ол мұндай жағдайда өзіне несиеге қымбат тон сатып алар ма еді? Міне, осы орталықтар желісінің құрылысы да сол «қымбат тон» секілді. Бұл ақшаны медици­налық көмектің сапасын жақсар­туға және медициналық қызмет­керлер жалақысын өсіруге жұм­са­ған әлдеқайда тиімді болар еді», – дейді қор басшысы.     P.S. Қымбат ауруханалар же­лі­сін салған тиімді ме, керісінше өзі­­мізде бар аурухана мен емха­на­лар­ды қайта жөндеуден өткізген ың­ғайлы ма? Қайсысына көбірек қаражат кетеді? Осыған бір сәт ой­ланған дұрыс секілді. Ең тиім­дісі – ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол іздеу. Бізге керегі аурухананың көптігі емес, білікті дәрігер, қажетті диагностикалық аппараттың болға­ны маңызды. Сонда ғана өлім-жітім азайып, аурудың алдын алар едік.  

Гүл БЕКЗАТ