Биліктен кейінгі ғұмыр
Биліктен кейінгі ғұмыр
222
оқылды
Мамыр айында Польша Се­натының вице-спикері Станис­лав Карчевский қыз­ме­­тінен өз еркімен кетті. Се­беп – биыл оның дәрігер ли­цен­зиясы аяқталады. Ол пан­де­мия кезінде негізгі кәсібін жалғастыруды қалаған. Жал­пы, сая­сат­кер­лер­дің би­лік­­тен кеткеннен кейінгі өмірі, ман­­са­бы көзден таса қалады. Әсі­ресе, ел бас­қарған аза­мат­­­тар қоғамдық өмірге ара­ла­са бер­мейді. Мәселен, кей­бірі сурет салып, көр­ме ұйым­­дастырса, басқалары лек­ция оқып, кітап жазып, жеке бизнесін жүргізеді. Ресейдегі Путин-Медведев тан­демі 12 жылдай жұмыс істеді. Бірақ соңғысы биыл билік тұғы­ры­нан ығыстырылды. Соңғы 8 жылда Ресей үкіметін басқарған экс-президент Дмитрий Медведев қаңтар айында Қауіпсіздік Кеңесі тө­рағасының орынбасары қыз­ме­тіне ауысты. Осылайша, ке­­­зінде 4 жыл көрші елді бас­қар­­­ған саясаткер қауіпсіздік са­ла­сы­мен айналысуға тапсырма алды. Есесіне, Владимир Путин Ресей конституциясына өзге­ріс­тер енгізіп, өзінің прези­дент­­тік ғұмы­рын ұзартты. Жаңа заң оған 2036 жылға дейін тақтан түспеуге мұрсат береді. Ал 2005-2013 жылдары Иран президенті атанып, елінің яд­ро­лық әлеуетін арттыруға ба­рын­ша үлес қосқан Махмуд Ахма­ди­нежад биліктен кеткен соң Те­ге­ранның ғылым және техно­ло­гия университетіне дәріс оқуға ора­лам деп уәде берген. 2013 жылы ол тіпті Ирандағы мәдени рево­лю­цияның жоғарғы кеңесінен университеттегі қызметіне рұқсат та алған. Алайда М.Ахмадинежад Иран қоғамы үшін маңызды фи­гура болғандықтан, ол саяси процестерден бірден кете алмады. Мәселен, 2015 жылы оның үкіме­тін­де болған экс-министрлер YEKTA Front (бірегей) партиясын құрды. Әрине, экс-президенттің бұл саяси партияға қатысы болуы бек мүмкін. Себебі ол 2017 жылы президенттік сайлауға қайта қатыспақ болды. Бірақ кандидат ретінде тіркеле алмады. Жалпы, көптеген мемле­кет­терде президенттің қызметінен кейінгі рөлі, жеңілдіктері конс­ти­туцияда анық жазылады. Заңмен реттелетін жеңілдіктер АҚШ-тың экс-президенттерінде аз емес. Айта­лық, қазір бұл ел басшысының жыл­дық табысы 400 мың дол­лар. Ал экс-президенттерге өмі­рі­нің соңына дейін жылына 213 мың долларлық зейнетақы таға­йын­далады. Сондай-ақ Ақ үйден кеткен саясаткер өз кеңсесін құ­рып, оған қызметкерлер ала ала­ды. Алғашқы 30 айда олардың жа­лақысы жылына 150 мың доллар болса, кейін 90 мың долларға ке­ми­ді. Бұдан бөлек, көлік, күзет тегін беріледі. 2000 жылдан бері АҚШ-тың экс-президенттерінің шығыны 70 млн долларды құраған. Ал енді сол азаматтар бүгін немен ай­налысады? АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон қызметтен кеткен соң Уашингтон қаласында 3 млн долларға үй алып, сонда тұрақтаған. Өз атында қайырымдылық қо­рын ашып, климаттың өзгеруі, кедейлікпен күрес мәселелерін шешуге атсалысады. Ал Джордж Буш 2009 жылы Даллас қаласына көшіп, құны 3,5 млн доллар тұра­тын үй сатып алған. Өз атында пре­зиденттік кітапхана мен Саяси зерт­теулер институтын ашты. Бұ­дан бөлек, сурет салумен айна­лы­сып, 2014 жылы көрмесін жа­риялады. Онда әлемнің саяси көш­басшыларының портреттері салыныпты. 2016 жылы қызметтен босаған Барак Обама бүгінде қол қусырып отырған жоқ. Тек өзі ғана емес, әйелі де белсенді. Обама отбасы ел астанасында қалған. Бүгінде ол Netflix-ке кино, деректі фильмдер даярлайтын продюсерлік компа­ния құрған. Ал Мишель Обама былтыр Becoming кітабын жа­зып, оның 10 млн данасы са­ты­лып кетті. Яғни, бестселлер кі­тапқа айналды. Жалпы, Обама отбасының саяси мемуарларын басу құқығын Penguin Random House баспа компаниясы жеңіп алған, сол үшін алдын ала 65 млн доллар төленді. Бұдан бөлек, Барак Обаманың басты табыс көздерінің бірі – конференцияларға қаты­сып, лекция оқу. Себебі экс-прези­дентті ондай отырыстарға ша­қыру ақысы қымбат. Мәселен, былтыр Барак Обама Колумбия астанасы Богота қаласындағы бизнес-конференцияда сөйлеген сөзі үшін 600 мың доллар алған. Ал бұған дейін Cantor Fitzgerald инвестициялық компаниясы үшін 9 лекция өткізген. Әрбірі 400 мың долларға бағаланған. Лекция оқу – АҚШ-тың экс-пре­зиденттері үшін табысты кә­сіп деуге болады. Кезінде Билл Клин­тон Латын елдеріне барып, 200 мың доллар үшін 1-2 сағат «ақыл айтып» кеткен. Джордж Буш та 200-ге жуық лекция оқы­ған екен. Оның әрбірін 100-175 мың доллардың аралығында ба­ға­лаған. Осылайша, он­даған миллион дол­­лар тапқан. Бір қы­зығы, экс-пре­зиденттер билікте бол­ған ша­ғын­да түрлі себеп­тер­мен сы­на­ған елдерге (даму­шы, ав­то­кра­тиялық) кейін ақылы лек­ция­­мен жиі барып тұратын көрі­не­ді. Жалпы, АҚШ-тың би­лігінде болған саясат­керлер бүгінде қал­та­сы қалың азаматтар. Мәсе­лен, Джордж Буштың байлы­ғы 40 млн дол­ларға бағаланса, Билл Клин­тон­ның есепшоты жай­лы ақ­парат әр алуан. Біреуі 83 млн дол­лар десе, басқалары 120 млн дол­лар деген болжам айта­ды. Қыс­қасы, ешкімге алақан жай­май­­тыны анық. Ал Барак Обама бүгінге дейін 70 млн доллар тапты деген мә­лімет бар. Алдағы уақытта оның қара­жаты көбейетіні бек мүмкін. Франция президенттері өз елінің бюджетіне соншалық шы­ғын әкелмейді екен. Себебі оларға үкімет жағдай жасағанымен, аста-төк артықшылық жоқ. Бүгін­де экс-президенттердің шығы­ны 10 млн еуроны құрайды. Оларға жы­лына 65 мың еуро зейнет­ақы тағайындалып, 2 көлік жүр­гі­зушісі, 2 көмекші беріліп, тегін ұшу, теміржолмен қатынау құқы­ғы ұсынылған. Францияның экс-бас­шы­лары егер қаласа, Конс­ти­ту­ц­иялық сотқа мүше бола алады. Ондай жағ­дайда оларға 14 мың еуролық жа­лақы төленеді. Бірақ Николя Саркози, былтыр көз жұмған Жак Ширак ол қызметтен бас тартқан екен. Айтпақшы, сөз болған қос президент қыз­мет­тен кет­кен соң істі бол­ды. Жак Ширак Париж мэрі атанған кезде бюд­жет қаражатын шығындағаны үшін сот алдында жауап бер­се, 2007-2012 жыл­дары пре­зи­­дент болған Ни­коля Сар­кози жемқор­лыққа қаты­сы бар деп айыпталып жатыр. Оның ісі биыл қазан айында қара­ла­ды. Британияның экс-премьер-министрлері де жұмыссыз қалма­ған. 2010-2016 жылдары үкіметті басқарған Дэвид Кэмерон пар­ла­­ментте қалу құқығынан бас тар­­­тып, 2017 жылы қаңтар айын­­­­да Alzheimer’s Research атты қайы­рым­дылықпен айна­­лы­­сатын ұйым­ға басшы бо­лып та­­ғайын­­далды. Ұйым ғы­лы­ми зерт­­теулерге қаражат жи­нау­мен ай­­налысады. Кейін Ұлыбри­та­­ния­да­ғы Ұлттық аза­мат­тық қыз­мет­ті басқарды. Обамамен са­лыс­­тырғанда Кэмерон өзінің саяси мемуар­ла­рын арзанға баға­лапты, 800 мың фунт. Әлі жария­лан­ба­ды. Ал 1997-2007 жыл­­дары үкі­мет басшысы бол­­ған Тони Блэр на­ғыз кә­сіп­кер екенін қыз­меттен кет­кен соң көрсете білді. Ол түрлі мемлекеттерге, компанияларға консалтинг қызметін көрсететін компания құрып, миллиондаған фунт жинай алды. Бүгінде оның байлығы 30-60 млн доллар аралы­ғын­да бағаланады. Сондай-ақ Т.Блэр БҰҰ-ның Таяу Шығыс мәселесі бойынша ресми өкілі ретінде де қызмет етті. Иә, билік пен байлық – уақыт­ша берілген мүмкіндік. Оны әр саясаткер әртүрлі пайдаланады. Бірі қызметтен абыроймен кетсе, басқаларын кейінгі ұрпақ есіне де алмайды. Мұны әлемдік тарих пен саясат дәлелдеп келеді. Алайда биліктен кейінгі ғұмырын да қо­ғам­ға қызмет етуге жұмсайтын жан­дар аз емес.  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА