Мамыр айында Польша Сенатының вице-спикері Станислав Карчевский қызметінен өз еркімен кетті. Себеп – биыл оның дәрігер лицензиясы аяқталады. Ол пандемия кезінде негізгі кәсібін жалғастыруды қалаған. Жалпы, саясаткерлердің биліктен кеткеннен кейінгі өмірі, мансабы көзден таса қалады. Әсіресе, ел басқарған азаматтар қоғамдық өмірге араласа бермейді. Мәселен, кейбірі сурет салып, көрме ұйымдастырса, басқалары лекция оқып, кітап жазып, жеке бизнесін жүргізеді. Ресейдегі Путин-Медведев тандемі 12 жылдай жұмыс істеді. Бірақ соңғысы биыл билік тұғырынан ығыстырылды. Соңғы 8 жылда Ресей үкіметін басқарған экс-президент Дмитрий Медведев қаңтар айында Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне ауысты. Осылайша, кезінде 4 жыл көрші елді басқарған саясаткер қауіпсіздік саласымен айналысуға тапсырма алды. Есесіне, Владимир Путин Ресей конституциясына өзгерістер енгізіп, өзінің президенттік ғұмырын ұзартты. Жаңа заң оған 2036 жылға дейін тақтан түспеуге мұрсат береді. Ал 2005-2013 жылдары Иран президенті атанып, елінің ядролық әлеуетін арттыруға барынша үлес қосқан Махмуд Ахмадинежад биліктен кеткен соң Тегеранның ғылым және технология университетіне дәріс оқуға оралам деп уәде берген. 2013 жылы ол тіпті Ирандағы мәдени революцияның жоғарғы кеңесінен университеттегі қызметіне рұқсат та алған. Алайда М.Ахмадинежад Иран қоғамы үшін маңызды фигура болғандықтан, ол саяси процестерден бірден кете алмады. Мәселен, 2015 жылы оның үкіметінде болған экс-министрлер YEKTA Front (бірегей) партиясын құрды. Әрине, экс-президенттің бұл саяси партияға қатысы болуы бек мүмкін. Себебі ол 2017 жылы президенттік сайлауға қайта қатыспақ болды. Бірақ кандидат ретінде тіркеле алмады. Жалпы, көптеген мемлекеттерде президенттің қызметінен кейінгі рөлі, жеңілдіктері конституцияда анық жазылады. Заңмен реттелетін жеңілдіктер АҚШ-тың экс-президенттерінде аз емес. Айталық, қазір бұл ел басшысының жылдық табысы 400 мың доллар. Ал экс-президенттерге өмірінің соңына дейін жылына 213 мың долларлық зейнетақы тағайындалады. Сондай-ақ Ақ үйден кеткен саясаткер өз кеңсесін құрып, оған қызметкерлер ала алады. Алғашқы 30 айда олардың жалақысы жылына 150 мың доллар болса, кейін 90 мың долларға кемиді. Бұдан бөлек, көлік, күзет тегін беріледі. 2000 жылдан бері АҚШ-тың экс-президенттерінің шығыны 70 млн долларды құраған. Ал енді сол азаматтар бүгін немен айналысады? АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон қызметтен кеткен соң Уашингтон қаласында 3 млн долларға үй алып, сонда тұрақтаған. Өз атында қайырымдылық қорын ашып, климаттың өзгеруі, кедейлікпен күрес мәселелерін шешуге атсалысады. Ал Джордж Буш 2009 жылы Даллас қаласына көшіп, құны 3,5 млн доллар тұратын үй сатып алған. Өз атында президенттік кітапхана мен Саяси зерттеулер институтын ашты. Бұдан бөлек, сурет салумен айналысып, 2014 жылы көрмесін жариялады. Онда әлемнің саяси көшбасшыларының портреттері салыныпты. 2016 жылы қызметтен босаған Барак Обама бүгінде қол қусырып отырған жоқ. Тек өзі ғана емес, әйелі де белсенді. Обама отбасы ел астанасында қалған. Бүгінде ол Netflix-ке кино, деректі фильмдер даярлайтын продюсерлік компания құрған. Ал Мишель Обама былтыр Becoming кітабын жазып, оның 10 млн данасы сатылып кетті. Яғни, бестселлер кітапқа айналды. Жалпы, Обама отбасының саяси мемуарларын басу құқығын Penguin Random House баспа компаниясы жеңіп алған, сол үшін алдын ала 65 млн доллар төленді. Бұдан бөлек, Барак Обаманың басты табыс көздерінің бірі – конференцияларға қатысып, лекция оқу. Себебі экс-президентті ондай отырыстарға шақыру ақысы қымбат. Мәселен, былтыр Барак Обама Колумбия астанасы Богота қаласындағы бизнес-конференцияда сөйлеген сөзі үшін 600 мың доллар алған. Ал бұған дейін Cantor Fitzgerald инвестициялық компаниясы үшін 9 лекция өткізген. Әрбірі 400 мың долларға бағаланған. Лекция оқу – АҚШ-тың экс-президенттері үшін табысты кәсіп деуге болады. Кезінде Билл Клинтон Латын елдеріне барып, 200 мың доллар үшін 1-2 сағат «ақыл айтып» кеткен. Джордж Буш та 200-ге жуық лекция оқыған екен. Оның әрбірін 100-175 мың доллардың аралығында бағалаған. Осылайша, ондаған миллион доллар тапқан. Бір қызығы, экс-президенттер билікте болған шағында түрлі себептермен сынаған елдерге (дамушы, автократиялық) кейін ақылы лекциямен жиі барып тұратын көрінеді. Жалпы, АҚШ-тың билігінде болған саясаткерлер бүгінде қалтасы қалың азаматтар. Мәселен, Джордж Буштың байлығы 40 млн долларға бағаланса, Билл Клинтонның есепшоты жайлы ақпарат әр алуан. Біреуі 83 млн доллар десе, басқалары 120 млн доллар деген болжам айтады. Қысқасы, ешкімге алақан жаймайтыны анық. Ал Барак Обама бүгінге дейін 70 млн доллар тапты деген мәлімет бар. Алдағы уақытта оның қаражаты көбейетіні бек мүмкін. Франция президенттері өз елінің бюджетіне соншалық шығын әкелмейді екен. Себебі оларға үкімет жағдай жасағанымен, аста-төк артықшылық жоқ. Бүгінде экс-президенттердің шығыны 10 млн еуроны құрайды. Оларға жылына 65 мың еуро зейнетақы тағайындалып, 2 көлік жүргізушісі, 2 көмекші беріліп, тегін ұшу, теміржолмен қатынау құқығы ұсынылған. Францияның экс-басшылары егер қаласа, Конституциялық сотқа мүше бола алады. Ондай жағдайда оларға 14 мың еуролық жалақы төленеді. Бірақ Николя Саркози, былтыр көз жұмған Жак Ширак ол қызметтен бас тартқан екен. Айтпақшы, сөз болған қос президент қызметтен кеткен соң істі болды. Жак Ширак Париж мэрі атанған кезде бюджет қаражатын шығындағаны үшін сот алдында жауап берсе, 2007-2012 жылдары президент болған Николя Саркози жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталып жатыр. Оның ісі биыл қазан айында қаралады. Британияның экс-премьер-министрлері де жұмыссыз қалмаған. 2010-2016 жылдары үкіметті басқарған Дэвид Кэмерон парламентте қалу құқығынан бас тартып, 2017 жылы қаңтар айында Alzheimer’s Research атты қайырымдылықпен айналысатын ұйымға басшы болып тағайындалды. Ұйым ғылыми зерттеулерге қаражат жинаумен айналысады. Кейін Ұлыбританиядағы Ұлттық азаматтық қызметті басқарды. Обамамен салыстырғанда Кэмерон өзінің саяси мемуарларын арзанға бағалапты, 800 мың фунт. Әлі жарияланбады. Ал 1997-2007 жылдары үкімет басшысы болған Тони Блэр нағыз кәсіпкер екенін қызметтен кеткен соң көрсете білді. Ол түрлі мемлекеттерге, компанияларға консалтинг қызметін көрсететін компания құрып, миллиондаған фунт жинай алды. Бүгінде оның байлығы 30-60 млн доллар аралығында бағаланады. Сондай-ақ Т.Блэр БҰҰ-ның Таяу Шығыс мәселесі бойынша ресми өкілі ретінде де қызмет етті. Иә, билік пен байлық – уақытша берілген мүмкіндік. Оны әр саясаткер әртүрлі пайдаланады. Бірі қызметтен абыроймен кетсе, басқаларын кейінгі ұрпақ есіне де алмайды. Мұны әлемдік тарих пен саясат дәлелдеп келеді. Алайда биліктен кейінгі ғұмырын да қоғамға қызмет етуге жұмсайтын жандар аз емес.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА