Ауруханалар құрылысына шетелдік инвестициялар тартылуда. Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі бойынша жаңа денсаулық сақтау нысандарын тұрғызу туралы келісімдерге қол қою рәсіміне қатысты.
Бұл шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қазақстандықтардың денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қолға алынды.
Петропавл қаласында консультативтік-диагностикалық орталығы бар, 500 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысының жобасы туралы құжатты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов пен YDA Holding түрік компаниясының басқарма төрағасы А.Хусейн қолтаңбаларымен бекітті. Аурухана кешені Петропавлдағы қазіргі көпбейінді, бірақ әбден тозған және әр жерде шашырай орын тепкен 7 нысан орнына салынатын болады.
Тағы бір көпбейінді аурухана Түркістан қаласында бой көтермек. Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, BI-Holding компаниясы консорциумы бақылаушы кеңесінің төрағасы А.Рахымбаев және YDA Holding түрік компаниясының басқарма төрағасы А.Хусейн 610 төсек-орындық көпбейінді облыстық медициналық орталық құрылысының жобасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. Ауруханада онкологиялық және кардиологиялық бөлімдер, перзентхананы, жедел медициналық жәрдем стансасын және басқаларын ашу көзделген. Нысан құрылысын 2022 жылы аяқтау жоспарлануда.
Құрылысқа және екі медициналық нысанды жабдықтауға жұмсалатын инвестициялардың жалпы көлемі 50 миллиард теңгеге жуықтайды.
Атап өтер жайт, бұл жобалар денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективті жоспарлары аясында іске асырылады.
Инвестор компанияның басқарма төрағасы Арслан Хусейн Қазақстандағы инвестициялық ахуал қолайлы екенін, инвесторлар үшін жобаларды іске асыруға барлық жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Қабылданып жатқан шаралар еліміздің аурухана секторының инфрақұрылымын жаңартуға, ішкі сұранысты қанағаттандыруға, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын, қолжетімділігін және уақыттылығын арттыруға, сондай-ақ республикамызды Орталық Азия мен ТМД елдері үшін медициналық туризм орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.