Бразилия сенаторлары Қазақстандағы президенттік сайлаудың өткізілуіне өз бағаларын берді. Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов еліміздегі кезектен тыс президент сайлауын бақылау үшін елордаға келген Бразилия Федеративтік Республикасының Ұлттық конгресінің сенаторлары Франсиско де Ассис Родригеспен және Жакес Вагнермен кездесу өткізді.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы 9 маусымда өткен сайлау Қазақстан халқының халықаралық әріптестері үшін ашық, прогрессивті, демократиялық елде өмір сүруге және еңбек етуге деген ықтиярының айқын көрінісі болып саналатынын айтты.
Өз кезегінде Бразилия президентінің Сенаттағы өкілі лауазымын қоса атқаратын Франциско де Ассис Родригес президенттік сайлаудың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуімен құттықтай келе, учаскелердегі дауыс беру кезеңінде барлық үдерістің ашық әрі жария болғанын атап өтті.
Ж.Вагнер болса, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы жүргізген жұмысқа сүйсінгенін жеткізді. Оның пікірінше, сайлау нәтижелері Қазақстанның демократиялық даму бағытын берік ұстанатынын көрсетеді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан – Бразилия екіжақты қарым-қатынастарының өзекті мәселелерін талқылады және парламентаралық ықпалдастыққа да мән берді.
Бразилия Сенатындағы Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың жетекшісі Родригес мырза елімізбен бірлескен маңызды халықаралық бастамаларды ілгерілетуге, өзара байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстандық СІМ басшысы қарым-қатынастарды дамытудағы парламентаралық дипломатияның маңызына екпін түсіре келе, бразилиялық депутаттарды сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге белсенді түрде жәрдемдесуге шақырды. Өйткені Бразилия – Қазақстанның Латын Америкасындағы басты сауда серіктесі.
Б.Атамқұлов отандық «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы мен бразилиялық Embraer сияқты ірі компаниялардың екі ел нарықтарындағы табысты қызметін үлгі етті.
«Өткен жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы 150 миллион доллардан асты. Бұл көрсеткіш салмақты өсу перспективаларына ие», – деді министр.