Күрежол – экономиканың күретамыры

Күрежол – экономиканың күретамыры

Биыл  Алматы облысында жалпы көлемі 491,6 шақырым жолға  жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыс наурыз айының соңында басталып  кетті. Негізінен отандық шикізат пен материалдар қолданылуда.  Жыл қорытындысында жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымдық автожол учаскелерінде қозға­лыс ашу жоспарланған.  Жалпы, 2020 жылдың қорытын­ды­сында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық автожол­дар­дың 89 пайызы, облыстық, аудандық жолдардың 71 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілуі керек. Бүгінгі таңда облыста бес жер­де жұмыс қызу жүргізілуде. Жаз­да облыс тұрғындары Балқаш көлі­нің жағалауындағы демалыс орын­да­рына заманауи жаңа жолмен жел­дей есіп жететін болады. Келер жылы Тал­дықорған – Өскемен, Талды­қор­ған – Лепсі – Ақтоғай трассалары пай­далануға беріледі. Сонымен қатар Сары­өзек – Қорғас, Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ жолдарын жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қазіргі кезде Жамбыл ауданындағы Қара­қас­­тек – Сұраншы батыр жолы реттелуде. Алакөл, Ес­кел­ді, Жамбыл, Қаратал және Райым­бек аудандарында күрделі жөн­деуге жататын 11 көпірдің де жұмысы ретімен қолға алынды. Жалпы, облыста 300 шақырымды құрайтын 28 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылысымен қатар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» да талапты барынша қатайта түскен. Орталық үстіміздегі жылдың үш айында ел өңірлеріндегі жолдарға 1 398 рет рейд жүргізіп, 1 522-ден астам түрлі олқылықтарды анықтаған. Оның ішінде Алматы облыстық фи­лиалының мамандары жыл басы­нан бері, яғни, қаңтар мен мамыр аралығында аймақтағы күре жолдың 4 171 шақырымына тексеру, бақылау жұмыстарын атқарыпты. – Біз тексеру жүргізген жол­­­дардың 3 551 шақырымы респуб­ли­калық бол­са, 620 шақырымы об­­лыстық ма­ңызға ие. Диагностика және сараптама барысында анық­тал­ған кемшіліктерді жою және қал­пына келтіру мақсатында мердігер ком­па­ния­ларға және «ҚазАвтоЖол» кә­сіп­орнына тиісінше хаттар жол­дан­­ды. Филиал мамандары жалпыға ор­тақ пайдаланылатын автомобиль жол­­дары мен елді мекендер, қала кө­­шелеріндегі жұмыстар мен мате­риал­­дар сапасына сараптама жа­сайды. Халықаралық және респуб­ли­калық маңызы бар автомобиль жолдарының талапқа сай болуын бақылап қана қоймай, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін де қадағалаймыз, – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ғалия Асанова.  

Болат АБАҒАН,  Алматы облысы