Жүрекке Абай сөзін сақтаған жан...
Жүрекке Абай сөзін сақтаған жан...
Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан асыл сөздің, шешендіктің небір маржандарынан қорытып, саралап, бойына сіңіріп, бүгінгі күнге жеткізген халық ауыз әдебиеті екені белгілі. Ал сол мол мұраны бірден-бірге, ұрпақтан-ұрпаққа сары алтындай сақтап, шаң жуытпай, кірлетпей алып келушілер халық ақындары мен жыраулары. Сонау өткен тар, қапас заманда халық мұңын жырлаған, елдің, жалпының жоғын жоқтаған, халқымен бірге қуанып, бірге қайғырған, әділін айтып, шындық ақиқат үшін күрескен осындай дәуір үніне ақындық дауыс қосқан, халқының қасиетін жанымен ұққан, ойы – өрелі, шешен, жүйріктердің бірі – халық ақыны Төлеу Көбдіков.

Ақындық өнеріне ол туған ұяда қа­наттанды. Халық «ер жігіттің үш жұрты бар» десе, Төлеудің ең өнерлісі де, үлгілісі де нағашы жұрты болған. Анасы көпке әйгілі Қуандық Абайдың замандасы, ұлы ақынмен айтыста сөз қағыстырған... Нағашы атасы Сабырбай, оның інісі Түбек, олардың әкесі Ақтайлақ би, Байғара шешен, қу дауысты Құттыбай, нар дауысты Нарынбай би, қалың Найман ішінде он жеті ақын шыққан Сыбан руынан тарайтын, шешендіктен алдына жан салмаған, әйгілі адамдар болған.

Нағашылары туралы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында былайша суреттеледі. «...Қадырбай (автор Сабырбайды шартты түрде осылай алған) бұл мәжілістер тұсында даңғыл жолға түскендей боп, жазы­лып кетті. Кейде соғып өлең айтып кетеді. Өзі жаңылып, ұмытылып қалған жерлер болса, жалт етіп Қуандыққа қарайды. Әрі сұлу майда мінезді Қуандық әкесінің мүдірген жерлерін тез айтып, есіне түсіріп жібереді.

...Сыбан ойыншыл, сауықшыл ел бола­тын. Әсіресе, осы ауыл – Қадырбайдың әкесі Ақтайлақ заманынан бері қарай айтыс пен әннің базары. Кішкентай күнінен бері сол қалың думан ортасында өскен Қуандық мынандай ойын-қызықтың жаны іспетті.

...Осы кеште Абай мен Қуандық қатар отырып, әзілмен, әнмен, айтыспен де көп жарысты... Бұрын айтысқа көп салынбаған Абай әуелі ән жағынан салмақ салып, сөз­дерін ойланқырап, бөгеліңкіреп айтып отырды. Сыбан ішіне Арқаның көп сұлу әндері жайылмаған екен. Абай соларды айтумен және ырғақ нақысын жақсы жет­кізумен Қуандық әнін баса берді». Бұл жерде автор Қуандықтың Абаймен тізгін таластыра, үзеңгі қағыстыра айтысқанда әнге де, тер­меге де дес бермей бәсекелескенін суреттейді.

Осындай ортадан шыққан Төлеу Көбдіков қаршадайынан домбыра тартуға, өлең айтып, ән салуға әуестенді. Баласының қабілетін бірден байқаған анасы Қуандық сөз өнерінің құдіретін ерте кезден ұғын­дырып, үлкен үміт артқан. Баласы Төлеуді Абайға әлденеше апарып кейіннен сәлем айтып өзін жіберіп отырған. Ондағы ойы ұлының ғажайып өнер – поэзияға жақын болып, содан нәр алғанын қалаған. Абайдың әңгімесін, ақыл кеңесін, өсиет сөзін естіп өскен Төлеу ақын ұлы ақын жайында есте­ліктер жазған. Абай бойынан өзі аңдаған мінезбен қасиеттің терең адамгершіліктің кесек сипаттарына ұқсап бақсам деген ізгі ниет ұстанған:

– Абай сөзі бар ма алмайтұғын,

 

 

Бекер деп мына жері нанбайтұғын.

 

 

Нұр төгіп шам-шырақтай жарық қылар

 

 

Қайдағы қараңғыны жанбайтұғын.

 

 

Жүрекке Абай сөзін сақтаған жан

 

 

Қарыны ашып, өзегі талмайтұғын.

 

 

Бір көрген қайта-қайта көргісі кеп,

 

 

Сұлудай сүйсе, мейір қанбайтұғын.

 

 

Саф алтын Абай сөзі меруерт-маржан,

 

 

Теңіздің тереңінен теріп жазған.

 

 

Білгенге бұдан қымбат зат болмайды,

 

 

Әрине, ұқпағанға судан да арзан.

 

 

Жарыққа шығарған соң Абай сөзін,

 

 

Оянып көп адамға берген сезім.

 

 

«Іші алтын, сырты күміс» қымбатты өлең,

 

 

Үлгі боп ақындардың ашқан көзін.

«Ұлы Абайдың дидарын көріп, аузынан ұлағатты сөз естіп, қолынан дәм татқан адам­дардың біздің кеңес заманға келіп жеткендері санаулы. Сондай бақытқа кенелгендердің біреуі – Төлеу Көбдіков. Ақын Абаймен кездесуден кейін былай дейді: «Абай сөйле­генде мейлі ескі ғасырларда болып өткен пайғамбарлардан сөйлесін, мейлі патшалар­дан сөйлесін, қандай әңгіме айтса да, сол айтылып отырған затты көз алдына елестетіп, көрініп тұрғандай ұғынатын еді. Адамға сөздің кестесін өрнектеп, ұғындырып айтуы сондайлық мейлі ескі тарихтан сөйлесін, сөз ұғуды талап етіп, құлағын төсеп, көңіл бөлген ынталы талапты адамның бір сәтке әңгімесін тыңдаған адам баласы өмірлік азығын арқалап шығуына болады».

Төлеудің тағы бір артықшылығы, аз-көпті Абаймен көріскені туралы ғибрат-естелігінің бірінде Абай мен Қуандықтың әңгіме жайын былайша баяндайды: «Әңгіме өлең жайына көшкенде апам, мынау балам­ның талабы жақсы, өлеңің бар ма, оқып көр­сін деп тілек білдіргенде, Абай қалың дәп­терге жазған өлеңді алып маған берді де: «түсінбейсің ғой» деді. Бұрын Абайдың жас­тық жайлы өлеңдерін қызығып жаттап жүрген­дігімнен, дәптерді алысымен қонақ­үйге апарып, түні бойы, таңертең ерте де көп оқыдым... Абайдың сөз орамы, өлеңді ұй­қастыруы – ол кездегі ешбір ақынға ұқса­майтын артықша екенін ағарғандай едім. Өзім түсініп, қызығып оқыған жерлерімді жаттап, жазып алып отырдым». (Абай музейінің қоры, КП-17/3 «Абай туралы» естелігі 1945 жылдың 30 қаңтарында жазған).

Төлеу ақындық өнерге зор баға бере отырып, Абайдың дәстүрін үлгі етті. Ол сөзді орны-орнымен құрайтын, арасына татым­сыз, жеңіл сөз араластырмайтын қасиетті ақындықты іздеген. Сондықтан да 1915 жы­лы жазған бір өлеңінде:

– Айтушы аз, оқушы кем, күтуші жоқ,

 

Жібектің жүн болмағы түтпегеннен.

 

Өлеңді үлгі демей, жынды дейді,

 

Бұл сөзді жай жүрелік жүктегеннен,

– деп ақындықтың қадірі кеткенін аша отырып жазады. Ақын осы өлеңімен Абай дәстүріне жай ғана еліктеп қоймай, сыншыл реализм дәстүрін меңгере бастағанын байқатады.. Төлеу ақын өлеңнің қадірін білмеуді сынап, «айтушы» мен «тыңдаушыдан» бірдей биіктікті талап етеді және оған үшінші «күтушіні» қосады. Абайдың «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде «айтушы мен тыңдаушы көбі надан, бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» деп келетін жолдары барын білеміз.Ұлы ақынның осы өлеңінің стиліне еліктеу мәнері Төлеуде анық.

Ақынның:

– Хордың қызы, перінің жігітіндей,

 

 

 

 

Көрінеді бұл күнде жастар маған.

 

 

 

 

Жас өмір қараңғыда зая кетіп,

 

 

 

 

Арманым осы өмірде жас болмаған,

– деуі көкірегін жарып шыққан шындық пен өкінішті аңғарады. Осынау жыр жолдары Абайдың:

– Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім,

– деп келетін өлеңімен үндесіп жатыр.

Төлеу ақын «Қойгелдіге» өлеңінде дәулетіне мастанып, Құдайын ұмытқан пасық та тоғышар байдың портретін тамаша бейнелейді:

– Дәулеті – мол, кесек,

Мал болғанмен қайыр жоқ,

Ойланғаны – есеп.

Күші – адал, сүті – арам,

Бейне хайуан есек.

Тәуір кісі дер еді

Өзіндей оттап, былшылдап

Не болса соны жесек.

Басымызды шұлғып

Байдікі жөн десек.

Ақын шындықты Қойгелдінің бетіне баса отырып, қайрымсыз сараң байды сын тезіне алады. Әжуамен кекеп-іліп, мазақ қылады. Сонымен бірге, осы өлеңінде сынау, мінін бетіне айту ғана емес, өз кемшілігіңді түзет деген ишара да жатыр. Төлеудің бұл өлеңінен Абай үлгісін ұстана отырып, соған еліктеп, ақынның «Дүтбайға», «Бойы бұлғаң» өлеңдеріннің құрылысымен жазылған екенін байқаймыз. Ақын қазақ поэзиясында сатира саласын жаңа белеске көтерген Абай ізімен адам портретін жасауға ұмтылған.

«Өз дәуірінің қатал сыншысы, елдегі сорақылықтардың бітіспес міншісі» болған Абай сияқты Төлеу де арнауларында елдегі топас байлардың тамаша портретін жасап, жыр семсерімен аяусыз түйрейді. Ол өткір сөздерімен Қойлыбай мінезінің айқын қырларын дәл танытады.

Сексенге келгенше қолынан қаламы түспеген Төлеу ақын ақындық өнер туралы да жыр тербеген. Осы тақырыпта «Сыр», «Әрхамға», «Өзіңе талап» сынды өлеңдер жазған.

– Алдыңғы Абайлардан болмасам да,

Әлімше шығарушы ем сөзден өрнек,

– дейді ақын. Өлең өнеріне ақынның қояр талабы қатаң.

– Өлеңге әркімнің-ақ құмары бар,

Ішінде аз-маз ғана ұғары бар.

Көн жамап былғарыға былғамалық,

Әр сөздің өз жөнімен ұғары бар

, – деп өлеңге сыншылдықпен қарайтынын бай­қа­тады.

Төлеу ақын «Өлеңге әркімнің-ақ құмары бар» деп қазақта ақындар көп екенін айтады да, «ішінде аз-маз ғана ұғары бар» деп, да­рын­ды ақындардың саны одан аз екенін біл­діреді. Бұл жерде ұлы Абайдың:

– Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы?

– деген ойымен мазмұндас, үндес екенін көреміз.

Төлеу ақындық өнерді жырлаумен қатар, осы өнердегі өзі пір тұтқан данышпан Абайға арнап «Абай» атты толғау жазған.

– Қазақтың мәңгі айнасы Абай құтып,

Адамзат алған емес, сөзден ұтып.

Насихат таусылмас көл-дариясынан,

Отырмыз жүзіп ішіп, жалдап жұтып.

Абайдың сөзі бар ма алмайтұғын,

Бекер деп мына жері нанбайтұғын.

Нұр төгіп шам-шырақтай жарық қылар,

Қайдағы қараңғыны жанбайтұғын.

Жүрекке Абай сөзін сақтаған жан,

Қарны ашып, өзегі талмайтұғын.

Халық ақыны Төлеу Абай мұрасын жа­сынан жаттап, өнегелі сөздерін терең түй­сікпен түсініп, бойына құйып, ақындық мұратын үлгі тұта отырып, басқа да ақын­дарды Абайдан үйренуге шақырады. Төлеу Абайдың ұлылығын дүниеге келтірген осы үш бұлақтан мейірі қана сусындаған және халықтың бай ауыз әдебиетінен қоректеніп, жазба әдебиетке жол тартты. Абайдың асқан көрегендігіне, ақындық дарынына қайран қала отырып, Абай өлеңдерін ақындық өнердің өнегелі үлгісі деп мойындады.

Төлеу Көбдіков – жас күнінен өлеңді өнердің биігі деп есептеген ақындық ортада өсумен қатар, ұлы Абайдың өлең бұлағынан қана сусындап өміріне рухани азық, өнеге-ұлағат алған халық ақындарының ішіндегі Абай дәстүрін жалғастырушылардың және ақындық өнердің көшін ілгері жалғастырушы ақындардың көрнекті өкілі.

Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері