Алматы облысы соңғы жылдары қант қызылшасы өндірісіне үлкен мән беріп, бір кездердегі биіктерді біртіндеп қайта бағындыруға кірісті. Өткен жылы 14 мың гектарға тәтті түбір себіліп, одан ойдағыдай өнім жиналып, жұртшылық екі қант зауыты шығарған құмшекерге қарық болған еді. Биыл қант қызылшасы егістігі көлемі 16 мың гектардан асып жығылды. Соған сай алтын күзден күтіп отырған үміт те үлкен. «Көксу» қант зауыты бірнеше жыл бойы жаңғыртудан өтсе, «Ақсу» қант зауыты кейінгі бірнеше жылда қалыпты жұмыс істеуге көшіп, жергілікті жұрттың негізгі кәсіп көзіне айналды. Алдағы кезде Қарабұлақтағы қант зауытын қайта жарақтандыру және алыс Алакөлдің Бескөл теміржол бекетіндегі алып қант зауытын қалпына келтіру де ойластырылуда. Екі бірдей зауыт жұмыс істегелі және кәсіпорындар мен диқандар арасында түсіністік орнағаннан бері облыста қант қызылшасын өсіруге деген құлшыныс қайта артты. Бұрыннан тәтті түбір өсіретін аудандар қатарына басқа аймақтар да қосыла бастады. Ал Ақсу, Көксу, Ескелді, Сарқан, Қаратал сынды заманында тәтті түбірімен аты шығып, елімізге талай еңбек батырларын тарту еткен аудандар техникалық дақыл алқаптарының аумағын арттыруда. Соның ішінде биыл Ақсу ауданының қызылшашылары ерлеп тұр. Ақсулықтар биыл жалпы алғанда 61 мың 17 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Соның ішінде басты назарды күздік және жаздық бидай мен арпаға аудара отырып, қант қызылшасы алқабын да мүмкіндігінше арттырып, 3 167 гектарға жеткізіпті. Елдің мазасын май ішкендей еткен коронавирусқа қатысты бірқатар қатаң қауіпсіздік шаралары қолға алынғаны аздап кедергі туғызып, егістікке кештеу кіріскенімен, жоспар орындалуда. Шаруалар көктемгі дала жұмыстарын ретімен атқаруда. Олар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты да жақсы сезініп отыр. Қажетті тұқыммен қамтамасыз ету, қосалқы құрал-жабдықтар жеткізу жолға қойылған. Көктем мен күзде бағасы аспандап кететін дизель отынының литрі 165 теңгеден босатылуда. Төтенше жағдайда көсіліп қимылдай алмай қалған шаруа адамдарына төмен пайызбен несиелер де берілуде. Соған сай дәл қазіргі кезде аудан бойынша 528 дана ауыл шаруашылығы техникасы егіс даласында жүр. Аймақта қант қызылшасы өндірісі бойынша жұмыс істейтін алты сервистік-дайындау орталығы да қолдарынан келген көмекті көрсетуде.
Болатбек ҚАБДЕШҰЛЫ, Алматы облысы