Кейінгі кездері әлемдік спорт клубтарының арасында өзіндік орны бар, айтулы жарыстарда жетістіктерге жетіп жүрген «елордалық велоспорт клубы жабылуы мүмкін» деген түрлі қауесет тарауда. Бұл туралы отандық БАҚ өкілдері де бірнеше рет жазды. Жалпы, бұған дейін де «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін екі команда жабылған болатын. Атап айтқанда, 2018 жылы «Астана Моторс» ралли мен «Астана Арланс» бокс командалары жұмысын тоқтатты. Қауіп қазіргі кезде «Астана» велокомандасының да басына төніп тұр. Оған бірқатар дәлел де бар. Ендеше соларға тоқталайық.
Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) коронавирус пандемиясына байланысты жарыстарды өткізбеу мерзімін 1 маусымға дейін ұзартты. Соның салдарынан сәуір айынан бастап «Астана» велокомандасы қызметкерлерінің, команда мүшелерінің жалақысы 30%-ға қысқарды. Шешім ұйым мен демеушілердің коронавирусқа байланысты экономикалық дағдарысы кезінде қабылданған. Sports.kz порталы осы жағдай жөнінде «Пандемия кезінде жарыстардың кейінге шегерілуіне байланысты ұжымның жалақысы 30%-ға қысқарды» деп хабарлады. Аталған жайт туралы қазақстандық «Астана» велокомандасының (Astana Pro Team) бас менеджері Александр Винокуров та мәлімдеме жасады. Бірақ бұл жалғыз елордалық ұжымның басындағы жағдай емес. Cyclingnews порталы көптеген шетелдік команданың наурыз, сәуір және мамыр айларында жалақы мөлшерлемесі төмендегенін жазған.
Бұдан бөлек, клубтың айналасында соңғы уақытта үлкен дау туындады. Ол «Астана» спорт клубының бұрынғы директоры Аманбек Кульчиковтың қамауға алынуымен тікелей байланысты. Наурыз айында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перов ұжымдағы үш қызметкердің үстінен «Қазақстан имиджі мен спортын дамытуға бөлінген қаржыны ұрлады» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Агенттік «Аманбек Кульчиков ақша жымқыру жоспарын құрып, Шәмшиева және Ардавичуспен сөз байласып, ақша ұрлау ойын жүзеге асырған» деп санайды. Олар жалпы құны 2,5 миллиард теңге ұрлады деп айыпталып отыр. Күдіктілердің Алматы мен Нұр-Сұлтандағы элиталы пәтерлері, көліктері, жер телімдері тәркіленді. Жемқорлыққа қарсы агенттіктің дерегінше, Кульчиков 2016-2018 жылдары спорт клубына қажет қаражатты біле тұра, шығындарды асырып көрсеткен. Ақшаның жұмсалғаны жайлы жалған есеп берген. Қазіргі кезде аталған агенттік бұл іске басқа адамдардың да қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдыратыны бар ғой, бұдан біраз уақыт бұрын еуропалық ақпарат құралдары клуб мүшелерінің допинг дауына ілігіп, өмір бойы осы қызметпен айналысу құқынан айырылған атышулы дәрігер Микеле Ферраримен байланысы барын жазған. Енді ол жайында әлемдік басылымдар да хабар тарата бастады. Ал қазақстандық клуб басшылығы мұның барлығы арандатушылық екенін айтып отыр.
Astana Pro Team – «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін команда. Клуб құрамында түрлі кәсіби спорт ұйымдары, соның ішінде футбол, баскетбол және хоккей командалары да бар. Велокоманда Astana Pro Team мәртебесін 2007 жылы құрылған бетте алды. Әр кезеңдерде команда құрамында әлемнің ең мықты шабандоздары болды. Жалпы, «Астана» велокомандасы құрылғалы бері 8 гранд турдың жеңімпазы атаныпты. Гранд турларда 48 рет жекелей кезең жеңімпазы болған. Ішкі чемпионаттарда 39 рет жеңіске жеткен. «Астана» велокомандасының сапында өнер көрсеткен Александр Винокуровтың да олимпиада чемпионы атанғанын мұқым ел мақтанышпен айтып жүр. Велокоманда бұдан өзге 341 жүлдеге қол жеткізген.
Bikeandme.com.ua спорттық порталының таратқан мәліметінен Astana Pro Team командаcының жылдық бюджеті 18 миллион еуроны құрайтынын көруге болады. Әрі әлемдегі қаржысы көп 10 үздік команданың арасында елордалық клуб 5-орында тұр екен. Жыл сайын клубтың жылдық бюджетіне қомақты қаржы аударылады. Әрі бас демеушілердің бірі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы екенін де спорт жанкүйерлері жақсы біледі.
Осы ретте команданы мемлекеттік қазына арқылы қаржыландырудың қажеті жоқ екені, оны басқа да демеушілер мен жарнамалық келісімшарттармен қаржыландыру керек деген ұсыныстар сан мәрте айтылып жүр. Олардың арасында: «Самұрық-Қазына» Astana Pro Team-ді жабу туралы шешім қабылдаса, бұл оңды қадамдардың бірі болар еді. Велоспорттан елдің атын шығару үшін шетелдік ойыншыларға миллиондаған доллар ақша беру ақылға қонымсыз» деп жазғандары да бар.
Міне, осындай шым-шытырық оқиғалардан кейін «Астана» велокомандасының жағдайы одан сайын қиындай түсті. Команданың ендігі тағдыры қалай болар екен деп алаңдаушылық білдіргендер көп. Не десе де, клуб үшін бұл бір қиын кезеңдердің бірі болып тұр.