Нұрлан ЖҰМАНИЯЗОВ, режиссер: Өнер құрбандықсыз болмайды, жанкештілік те керек
Нұрлан ЖҰМАНИЯЗОВ,  режиссер: Өнер құрбандықсыз болмайды, жанкештілік те керек

Жақында танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты Әзірбайжан Мәмбетовтың төл шәкірті Нұрлан Жұманиязовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Марғасқа өнер мен бүгінгі өмір жайлы әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

– «Адамның басы Алланың добы» деген сөз өнер адамдарына тым жақын секілді. Еліміздің батысы мен шығысын қойып, өнер жолын қуған жандар мұхит асып жатады. Семейге қалай келдіңіз? Шығармашылық байланысыңыз туралы айтсаңыз.

– Мені Семейге өнер, өнерге деген құштарлық жетеледі. Ак­барә­лі Айтибаев екеуміздің ара­мыз­дағы достық алып келді. Ол екеуміз бір әкенің баласы болма­сақ та, атағы дардай Әзірбайжан Мәмбетовтың шәкіртіміз. Өмірде жақын арала­сып шынайы дос болдық, өнерде бір-бірімізді қолтығымыз­дан демеп, қолдау көрсеттік. Оның ізденгіштігі, әр нәрсеге байыппен қарайтыны, парасаты ерекше болатын. Осы күні екеуміз қалай ғана дос бол­дық деп таң қаламын. Өйткені екеу­міз екі түрлі адамдар едік. Тіпті екеуміз­дің де түсінігіміз екі дара болатын. Екі ұғым, екі темпера­мент. Ол кешір­генді мен өлсем де кешпей­тін­мін. Мен көз жұма қараған нәрсені ол ең алды­мен байқайтын. Ол маған сондай қымбат еді. Мені қатты қадірледі. Ессіздігімді кешірді. Тентектігіме көз жұма қарап, бассыздығыма өкпелеген жоқ. Сол кезде дана­лық көрсетіп, демеу болды. Оқ­шау жүретін, барлығын ойға сала­­тын. Мен керсінше аңқау кейіп­те, апыр-топыр жүрдім. Мүм­кін үстірт қарадым. Ол көп ізденіп, кітаптан бас алмайтын.

– Акбарәлі Айтибаев Семей қаласындағы «Дариға-ай» жастар театрының құрылуына өз септігін тигізді. Осы жастар театрының құрылғанына да биыл жиырма жыл толып отыр ғой.

– Жиырма жыл дейсің, ә?! Зымыраған уақыт. «Дариға-ай» театрын құруға келгенде Акбарәлі досымның еңбегі ерекше. Бірақ «Дариға-ай» театрының негізін салушылардың бірі – Дариға Тұранқұлова. Мұны естен шы­ғаруға болмайды. Алайда Акбарә­лінің сол істің басы-қасынан табылуы менің наразы­лы­ғымды тудырды. Әзірбайжан Мәдиұлы­ның шәкірті екеніміз, соның шеберханасынан шыққандығы­мыз болар, қарсылығымды ашық білдірдім. Үлкен артистермен үлкен театр ұжымында жұмыс істейік дедім. Акбарәлі алған беті­нен қайтпады. Ол кезде сон­дай бір кезең болатын. Алып импе­рия­ның құлауы, өліара шақ, бізді қуантты. Дербес елдікті аңсаған біздер үшін бұл айтып бітпейтін бақыт еді. Жаңа мүмкіндіктер ашылып жатты, көбі соны пайда­сына жарата білді. Сол кезде театр ашу деген, жас балалар­мен жұмыс істеу дегеніміз ақымақтық деп ойла­дым. Оларды тәрбиелеп ұшы­рамын дегенше қаншама уақыт деп ойладым. Бірақ ол Семей­де қалып қойды. Жастарға үміт артты.

– Сіз қалай ойлайсыз, досы­ңыз­­дың сол бір үміті ақталды ма?

– Театр болып қалыптасу – ұзақ процесс. «Дариға-ай» ұжы­мын­да менің досым тұтатқан сол бір ұшқын бар секілді. Жасыра­ты­ны жоқ, қойылымдарынан досым­ның қолтаңбасына тән эле­мент­терді көремін. Республи­ка­лық деңгейге көтеріліп, бақ сынады. Байқауда Гран-при жүлде­сін алғанында Акбарәлі досым үшін төбем көкке жетті. Бұл тамаша, таңғаларлық дүние. Өзі кетеді, ал артында қалған түлек­­тері, тәлімін көрген шәкірт­тері биік белеске көтеріледі. Өнер сала­сында өзіңе дейінгі жолды одан ары жалғау қиынның қиы­ны. Ол саған бір зауыт емес, кәсіп­орын емес. Ақ­шаң­ды сала­сың ары қарай дамы­та­сың. Бірақ осы балалар сол бір қысылтаяң шақтан өте білді. Және қалай өтті десеңші. Ұстаздарының үмітін ақтауға талпынғанының өзі неге тұрады. Өлгеннен кейінде әрмен қарай жалғасын табуы, расында да, жүрек тербейтін тәтті сезім. Аз уақыттың ішінде ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс­тың берік орнауы бұл. Сөзсіз соның жемісі. Акбарәлі Айтибаев балалары үшін, яғни шәкірттері үшін тірі. Шәкірттерін көргенде досым өмір сүріп жүргендей елес­тейді. Ең басты өкініш «Акбар» дегенде мен жылап-сықтамаймын, іштей егіліп сағынамын.

– Бүгінде актер, режиссер маман­дықтарын алып шығатын қаншама жастар бар. Олар да өз алдарына отау құрып, ел алдына шығып жүр. Буыны бекіп келе жатқан басқа да өнер ұжымынан облыстық «Дариға-ай» жастар театрының ерекшелігі қандай?

– Бақилық болған ұстазда­ры­ның ұшқынынан күш алып, қуат алуы, сабақ алуын жоғары аза­мат­тыққа балаймын. Өздерін әр­дайым дамытуды тоқтатпауын, өз бетінше ізденгіштігін ерекше­лік­ке балаймын. Өзгелер қаласын қа­ла­масын мойындалып келе жат­қан театр. Ауыз толтырып «Театр» деп айтуға толық негіз бар.

Айдың арғы жағын көре білу көру керек. Әркім айдың арғы беті­нен өзгеше дүние көреді. Өзге­ше әлем бар. Шәкірттеріме де осы сөзді үзбей қайталап айта­мын. Акбарәлі бақилық болған­нан кейін «Дариға-ай» жастар театры әртістерінің көздерінен, тартысқа толы әрекеттерінен аңғардым бұлар күйзеліске түсті. Алайда іштей ыдырамады, ірімеді. Негізі сол. Ол Әзірбайжан Мәдиұ­лы айтпақшы, тірі адамнан идеал жасамау керек, сол сияқты мен оларды керемет деп, идеал жасап отырғаным жоқ. Жас әртістер осы жерді мекендеп, Семейге тұрақ­тап қалып өнер ордасын жасауға болады деп талмай еңбектенді. Мен жоқ жердің бәрі бақытты деп алаөкпе болып жүгірмеді. Осы жерде жүріп-ақ бірдеңеге жетуге болатынын дәлелдеуге тырысты.

– Қазір сізді не алаңдатады, не үш­ін қынжыласыз? Сіздің көрер­мен­­ге ұсынған шығармалары­ңыз­бен осы қоғамды не байланыстыра­ды?

– Байқайсың ба, кез келген нәрсеге әр тараптан үңілген дұ­рыс. Кесіп айту қиын. Бәрінің түбіне жетсе біржақтылық жетеді. Бір жағынан сондай ұрандардың өміршеңдігіне таңырқаймын. Яғни, халық онсыз ары қарай қадам жасамайтын болып тұр ғой. Дамыған қоғамда біржақтылық­пен өмір сүруге болмайды.

Қоғам да солай қайшылыққа толы болуға тиіс. «Өмір – күрес» дегеніміз – сол. Орта ояну керек. Қоғам дүр сілкіну керек. Халық­тың аяққа тік тұрып, ес жиғаны дұрыс. Ауру болса, дерт меңдесе ол ұлттың құрдымға қарай бетал­ға­ны. Халық өзгерсе дейсің. Кому­нистік идеядан арылса, құл­дық қамытынан құтылса, Алаш ерлері не үшін, кім үшін құрбан­дық­қа барды? Үлкен сеніммен арпалысты, өзгереді деді. Демок­ра­тиялық қоғам құрып, басқа арнаға түседі деп күресті. Жүз жыл өтті ештеңе өзгерген жоқ. А.Чеховтың «Дядя Ванясындағы» «Іс істеу керек, мырзалар» деге­нін­дей, әркім өз ісімен айналыс­қаны дұрыс. Жаулап алған құлдық психологиядын арылар күн жетті.

Шоқанның да үлкен трагедия­сы сол. Оған Гасфордтың айтқан айта­ды ғой «Ей, Шоқан, сен үл­кен білімді азаматсың, сен үш жүз жыл құлдықта болған өз халқың­ды құлдықта болмаған халықпен тепе-тең қойғың келеді. Оған кері процесс керек» дейтіні бар. Сол сияқты біздің қоғамда кері процесті бастан өткеріп жатыр. Соған төзе білсек болғаны.

– Ал сол кері процесті өткеріп жатқан бізге не керек? Қандай қойылымдар керек сонда?

– Мәңгілік сұрақ. Әке мен бала арасындағы мәселе. Тургенов айтқан «Отцы и дети». Арасы бір ғана жиырма жас екі буын екіге бөлінеді. Бір-бірін түсінбеу, қа­был­дамау заңдылық. Ол бұған дейінде болған. Бірақ сол заңды­лық­ты қайшылыққа әкеліп тіреп, содан «аһ» ұрып, трагедия жасап, дүрбелең тудыруға болмайды. Сол тартыстан тамаша дүние жа­сап шығаруға болады. Жастар бо­лашағын «былай болжайды» деп кесіп-пішіп тастауға болмай­ды.

Жан-дүниемен сезіну керек. Театр ақыл айту трибунасы емес. Олай болғанда театр өзінің функ­ция­сын жоғалтады. Кейбір театр ұжымдары мен режиссерлер соны ұстанып, сол бағытта жұмыс істеп жүргендер барын көргенде жаның ауырады. Қате ұғым, қауіпті ұғым деп айтар едім. Өйткені оның бәрі бір арнаға бірігу деген сияқты ұранға айналып кете ме дейсің. Шенеуніктердің айтқан пікірін, ұсынысын тура солай ұғынып насихаттап, театр сахнасында соны дәлелдеуге тырысу, соны айту миға сыймайды. Жиналысқа қатысуға барған адам мен театрға келген адам екеуі бір делік. Бірақ екі көңіл күй бар. Рухани ләззатты сезіне білу деңгейі әртүрлі.

– Менің Нұрлан Жұманиязов­тың қойылымынан нені көргенім дұрыс? Мысалға, «Сильва» спек­так­лі­нен дейік.

– Әрекетімізді түсінсе, тың­дау­ға уақыт тапса жақсы. Керек десеңіз, біздің ішімізде «Сильва­ны» танымайтындар да табылады. Мен жалпы көрерменді емес, өнер адамдарын да айтып отыр­мын. Қара халық өзін тәрбиелеу қажет, отыруға үйренгені дұрыс. Бұл қойылым осыдан бір ғасыр бұрын жазылған шығар. Бірақ біз бәрібір өз дегенімізбен жүреміз. Жасы­ратын несі бар біздің қоғам­да, өкінішке қарай, әр адам тарих­ты өзінен бастағысы келеді. Бірақ оның бағасын беретін келе­шек уақыт. Ал айтайын деге­нің жұртқа жетпесе бүгінгі жүгіргенің, керек болса мансап пен атаққа құмартқаның ғана қалып, еткен еңбегің далбаса болып шығады.

– Абайға қаншалық жақынсыз?

– Абайға тек сүйсінумен ғана ғұмыр кешемін. Жақындағым-ақ келеді. Бірақ осылай өмір сүріп жүрмін. Бір білетінім Абай Тәңір арқалатқан жүкті көтерген, на­дан­дық үшін азап көрген дара тұлға. Бәлкім ол да ішкі еркін­дікпен күресіп кеткен болар. Ішкі еркіндікке жету бақыт қой.

– Ашық пікір алмасып, уақыт бөліп әңгімелескеніңіз үшін рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Қуат ҚИЫҚБАЙ