Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан Президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті.
Кездесуде Қазақстан Президенті бұл жүздесудің символдық мәні барын айтып, жылы қабылдағаны үшін Сооронбай Жээнбековке ризашылығын білдірді.
– Ұлықтау рәсімінен кейін Бішкек қаласында кездесуіміз – жақсылықтың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз – сол келісімдерді жүзеге асыру, – деді Қазақстан Президенті.
Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, бұдан ары да екі елдің қарым-қатынасының нығая түсетініне сенім білдірді.
Бішкекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен де кездесті.
Мемлекет басшысы президент болып сайлануымен және Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтағаны үшін Қытай Халық Республикасының төрағасына ризашылық білдірді.
– Менің атыма жолдаған жүрекжарды құттықтау хатыңызды алдым. Сайлау қорытындысын Қазақстан халқының маған артқан зор сенімі және Тұңғыш Президентіміз, Сіздің досыңыз Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарын қолдауы ретінде қабылдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың маңызын атап өтіп, Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынастардың сыртқы саясатымыздағы басты басымдықтардың бірі екенін айтты.
– Бұл ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты бар. Кең ауқымды Еуразия құрлығындағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді «Бір белдеу – бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының табысты өтуімен және ҚХР-дың алдағы 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.
ҚХР төрағасы Мемлекет басшысын президент сайлауындағы жеңісімен тағы да құттықтап, биыл Қытайға ресми сапармен келуге шақырды.
– Біз Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, цифрландыру, ІТ индустрия және «жасыл» технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үміттенеміз. Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы мен Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын ұштастыру арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңірек пайдалануға мүдделіміз, – деді ҚХР төрағасы.
Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы, соның ішінде жастардың тағылымдама алмасуларын кеңейту және бірлескен іс-шаралар өткізу жөніндегі екі елдің ықпалдастығын талқылады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен де кездесті.
Мемлекет басшысы Ауғанстан президентіне ілтипат білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың және көпжақты форматтағы өзара тығыз іс-қимылдардың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Президент мырза, сізбен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Бішкек қаласында кездескеніме қуаныштымын. Біздің елдеріміз ынтымақтастықта мол табысқа қол жеткізді. Алдағы уақытта өзара ықпалдастығымызды кеңейту арқылы бұдан да жақсы нәтижелер күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұхаммед Ашраф Ғани Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік жасағанына ризашылық білдірді. Мемлекет басшысын президент сайлауындағы жеңісімен және Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісуімен құттықтады. Ауғанстан көшбасшысы Қазақстан халқының таңдауы арқылы елдің стратегиялық бағдарының сабақтастығын таңдағанын атап өтті.