Маңғыстауда 500- ге жуық адам грант алады
Маңғыстауда 500- ге жуық адам грант алады
Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жайсаңгүл Досполова осылай деп мәлімдеді. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп Маңғыстау облысының әкімдігі облыс бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын жасақтап, бекітті. Оның аясында барлығы 17 мың адам екі қолға бір күрек табады деп жоспарланған. Кешенді жоспарға сай іске асатын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде азаматтарды жұмыспен қамту көзделіп отыр. «Жұмыспен қамту шаралары бойынша 8 мың адам тұрақты, 7 мыңы уақытша жұмыс орындарымен қамтылады. Сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуды бітірген 840 адам жұмыспен қамтылса, 600-ден астамы шағын несиемен және 500-ге жуығы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттармен қамтылады»,- дейді Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жайсаңгүл Досполова. Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты республикалық бюджеттен қосымша бір жарым мың адамды қамту үшін 585 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде: мемлекеттік грант – 180 адамға (95,4 млн. теңге), ақылы қоғамдық жұмыс – 1 000 адамға (340 млн. теңге),жастар тәжірибесі – 376 адамға (149,5 млн. теңге). Барлығын қосқанда аталмыш жоспар шеңберінде 19 мыңдай адам жұмыспен қамтылады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» - маңызды бетбұрыс.  Төтенше жағдай режимі кезеңінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жасақталып, бекітілді. Қабылданған құжаттың негізгі мақсаттары: жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу; қосымша жұмыс орындарын құру және табысты болуын қамтамасыз ету; елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдайлар жасау. Өңірде «Жол картасын» іске асыруға 34 млрд. теңге қарастырылып отыр. Жалпы алғанда, 144 жоба қамтылады және 8 жарым мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Мұны жүзеге асыру кезінде уақытша ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік бар. «Жол картасы» мынадай нысан түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қарастырады: әлеуметтік–мәдени нысандары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инженерлік-көлік инфрақұрылымы, елді мекендерді абаттандыру нысандары. Жол картасы шеңберіндегі жобаларға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінулері қажет. Ақтау қаласында- 49 жоба, Жаңаөзен қаласында- 19, Бейнеу ауданында -12, Қарақия ауданында- 18, Маңғыстау ауданында- 17, Мұнайлы ауданында- 9 және Түпқараған ауданында- 20 жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 144 жобаның 142-не мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланып, 130 жоба бойынша іс шаралар аяқталды. Қазіргі таңда, 80 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп бастады. Бұл жобаларға барлығы 3587 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 1346 адам халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс көзін тапты»,- деп атап өтті Жайсаңгүл Досполова. Жазира Қуанышбекқызы