Өмірде бірқатар құндылықтар бар. Қоғам үшін ең басты құндылықтың бірі – сенім. Кез келген іске, тірлікке, қарым-қатынасқа, шаруаға, әрекетке сенім керек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құратынын жариялады.
Бұл – азаматтық қоғамды дамыту жолында жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы – ата-бабамыздан келе жатқан «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген даналығына толық сай келеді.
Ел жаңару кезеңіне бет алды. Қазақстанда жоғары биліктің ауысуы еліміздің барлық заңына сәйкес жүргізілді. Бұл Қазақстанның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі фактор екені анық. Елімізде президент сайлауы өтті. Екінші президент сайланды. Халықтың басым бөлігі өз дауыстарын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріп, сенім мандатын қолына ұстатты. Қашанда парасатты шешім қабылдайтын халқымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясатына қолдау білдірді. Тұрақтылық пен тыныштықты таңдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. Ұлықтау рәсімінде жаңа басшы билік пен қоғамның алдында тұрған ең негізгі мақсаттар мен міндеттерді санамалап айтып берді. Енді қол қусырып отыра беруге болмайды. Сайлауалды тұғырнамада межеленген нәрселердің бәрін жүзеге асыру қажет. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, саяси және экономикалық жүйенің тиімділігін арттыру керек боп тұр.
Президент уақыт тынысын тап басып отыр. Өз Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Расында, ел болған соң түрлі пікір болады. Көзқарас та сан алуан. Бірақ бәрімізді біріктіретін нәрсе – Тәуелсіздік, Қазақ елінің мемлекеттілігі.
Осы ретте біртұтас ел болу деген ұғымды бойымызға сіңіру керек-ақ. Әркім білген жағына тарта берсе, береке болмайды. Айтарың, ұсынарың, жеткізерің бар ма? Ұлттық қоғамдық кеңеске ұсын. Ұсынысыңды нақты дерек-дәлелмен дәйекте. Бәрі – ашық. Бағыт – айқын.
Мемлекет басшысының ұсынысы қоғам мүшелері арасынан қолдау тауып жатыр. Кеше Демократиялық күштердің «Қазақстан–2050» жалпыұлттық коалициясы президент сайлауының нәтижелерін қолдады. Миллиондаған қазақстандықтардың пікірі мен көзқарасын білдіретін демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы осындай маңызды кезеңде Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Президентіміздің ел-жұрттың алдына қойып отырған мақсаттарына жету үшін өз үлесін қосатыны даусыз.
Ендігі таңда елдің сеніміне көп нәрсе байланысты. Сенімсіздік синдромын түп-тамырымен жоюдың, жаңа қалыпта өмір сүрудің алғашқы нышандары айқындалды. Әділдік қағидаты осындайда жұмыс істеуі тиіс. Қоғамның тазаруы да сенімге тіреледі. Сенімге селкеу түспеуі керек.