Үкімет басшысы Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігінің ұжымына жаңа министр Асхат Аймағамбетовты таныстырды. Қазақстан Президентінің Жарлығымен Күләш Шәмшідинова басқа жұмысқа ауысуына байланысты Білім және ғылым министрі лауазымынан босатылды.
Асқар Мамин К.Шәмшідиноваға жемісті жұмысы үшін алғыс білдіріп, жаңа орында сәттілік тіледі.
«Күләш Ноғатайқызы – тәжірибесі мол басшы. Министр қызметінде қарқынды жұмыс істеп, еліміздің білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосты», – деді Премьер-министр.
Ел Үкіметінің басшысы БҒМ-ның жаңа басшысы Асхат Аймағамбетовтың білім беру саласында тиісті білімі мен үлкен тәжірибесі барын атап өтті. Асхат Аймағамбетов әр жылдары Қарағанды облысының Білім басқармасының басшысы, білім және ғылым вице-министрі қызметтерін атқарды, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды.
Үкімет жетекшісі А.Мамин Білім және ғылым министрлігінің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын айтты. Оның қатарында, мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білімді жаңғырту, сұранысқа ие заманауи мамандар даярлау, білім және ғылымның сапалы жүйесін дамыту бар.