Мамырдың 21 күні Қазақстан аумағында ауа райы құбылмалы болады. Көп жерлерде жауын жауып, кей жерлерде тіпті нөсерлетеді. Республиканың бірқатар аумағында найзағай ойнап, жел күшейеді, бұршақ жауып, оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады, – деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.. Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде жел күшейіп, жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Түнде және таң ата кей жерлерде тұман түсіп, бірқатар аумақтарда бұршақ жаууы да ықтимал. Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде күшті жел тұрып, бұршақ жаууы ықтимал, түнде бірқатар өңірде желдің күші секундына 15-20 метрге жетеді, күндіз де солай, екпіні 23 метрге дейін барады. Қостанай, күндіз Жамбыл облысының кей жерлерінде жел күшейіп, бұршақ жауады. Ақмола, Павлодар облыстарының кей аумақтарында жел күшейіп, жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді, бұршақ жаууы да ықтимал. Қарағанды, Атырау, күндіз Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында желдің күші секундына 15-20 метрге жетеді. Маңғыстау облысының кей жерлерінде шаңды дауыл тұрады. Шығыс Қазақстан облысы мен оңтүстікте өрт қаупі сақталады.