Алдағы уақытта елімізде көлікті жүргізуге жеке куәлік болса жеткілікті. Өздерімен бірге техпаспорт пен жүргізуші куәлігін алып жүріп, әуре болмайды. Жол сақшылары енді автокөлікке қатысты басқа құжаттарды талап етпейтін болады, – деп хабарлайды AstanaTV. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мәжілісте осындай жаңа құжатты таныстырды. Ведомство заң нормасына бірнеше өзгеріс енгізуді көздеген. Заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдады. Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды мұндай қағазбастылықтан түбегейлі арылтамыз деп отыр. Көліктің иесі екеніңізді растау үшін жеке куәлігіңізді көрсетсеңіз жеткілікті. Жол сақшылары сол арқылы жүргізуші туралы барлық ақпаратты планшеттен көре алады. Яғни, атында қандай көлік бар, сақтандыру полисінің аяқталу мерзімі мен техникалық тексеруден өткен уақыты, тіпті қанша айыппұлы барынан хабардар бола алады.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: «Бума-бума қағазды тасудың не қажеті бар? Бір ғана куәлік жетеді. Алайда, Қазақстан аумағынан сыртқа шыққан кезде, барлық құқық белгілеуші құжатты өзімен бірге алып жүру міндетті. Сонымен қатар, полицейлер пайдаланатын планшет көшеде тұрған бейнекамералармен интеграцияланатын болады. Мұндай жүйе полиция қызметкерлеріне жүргізушілердің тәртіп бұзушылықтарына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», – дейді.Құқық қорғау органы мұндай тәжірибені ішінара қолданып көрген. Бұл елдегі көлік ұрлығы мен нөмірсіз жүру деректерін азайтуға сеп болыпты. Сонымен қатар, ведомство көліктің қосалқы бөлшектерін техникалық паспортсыз сатуға тыйым салмақ. Заң өз күшіне енсе, ереже бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл да ұрланған темір тұлпарларды сату жағдайын болдырмас үшін жасалып отыр.