Үндістан мен Бангладеш жағалаулары «Ампхан» тайфунынан зардап шегіп отыр, – деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Жел екпіні сағатына 190 шақырымға жеткен. Үндістанның Батыс Бенгалия штатында құлаған ағаштың астында қалған екі әйел қаза тапты. Ал Бангладеште бір адам апат құрбаны болды. Үндістан жағалауларында тұратын 450 мың адам, ал Бангладеште екі миллионнан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Екі елде де эвакуация кезінде қауіпсіздік талаптары сақталды. Кей тұрғындар коронавирус жұқтырудан қорқып, уақытша баспанадан бас тартқан. Халықаралық Қызыл жарты ай қоғамының Бангладештегі бөлімінің жетекшісі Азмат Улла мұндай кезде эвакуация үлкен проблема екенін айтады.
«Ол үшін біз жергілікті билікпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істедік. Олар бізге бірнеше ғимарат тауып берді. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін бұл маңызды. Біз оны сақтауға бар күш-жігерімізді салдық. Біздің басты міндетіміз – адамдардың өмірін аман алып қалу», – дейді ол.Үндістан мен Бангладеште соңғы 20 жылдағы ең сұрапыл тайфун Батыс Бенгалия штатының астанасы Калькуттаға жетіп, желден ағаштар мен бағандар құлаған. Қалада дауылдың салдарынан жарық сөніп қалды.