Түркістандық алаяқ «21 мың теңге әлеуметтік көмек алып беремін» деп 10-ға жуық тұрғынды алдап кеткен, – деп жазады Polisia.kz. Түркістан қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бейтаныс жігіт «мемлекет тарапынан беріліп жатқан 21 мың теңге арнаулы әлеуметтік көмекті алып беремін» деп 50 мың теңге алған. Ақшаны алғаннан кейін алаяқ хабарсыз кеткен.
«Бұл оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша қалалық Полиция басқармасына тіркеліп, күдікті іздестірілді. Қалалық полицейлер екі күн ішінде жиналған ақпарат көздері арқылы алаяқты ұстады. Тергеу барысында күдіктінің бұдан бөлек осындай 8 жайтқа қатысы бары анықталды», – деді полицейлер.Жәбірленушілер 400 мың теңге шығынданған. Күдікті қамауға алынды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.