Қазақстанда Мароккалық шегірткенің алғашқы таралу ошақтары анықталды, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі. Бұған дейін айтылғандай, 2020 жылы республикада үйірлі және сая шегіртке зиянкестері 824 мың гектарға таралуы күтілуде. Осы болжамдарға сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерімен күрес жөніндегі іс-шараларға ауқымды дайындық жүргізді. Атап айтқанда, республикалық және жергілікті бюджеттерден 1,5 миллиард теңге бөлінді, оларға пестицидтердің әр түрлі топтарының препараттары, сондай-ақ болжанатын барлық алаңға химиялық өңдеу жұмыстары бойынша қызметтер сатып алынды. АШМ мамандары шегіртке зиянкестерінің ошақтарын GPS навигаторлар мен трекерлердің көмегімен іздеу барысында республика бойынша шамамен 40 млн га жер көлемін зерттеу жоспарланғанын атап өтті. Алғашқы қорғау іс-шаралары республиканың оңтүстік аймақтарында 10 сәуірден басталды. Түркістан және Жамбыл облыстарында Марокко шегірткесі 143 мың га алаңда анықталды. Қазіргі уақытта зиянкестер қоныстанған алаңның 67% - дан астамы өңделді. Басқа аймақтарда шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарының анықталуына байланысты химиялық өңдеу жұмыстары басталады. Көршілес мемлекеттермен шекаралас аумақтарда бірлескен зерттеулер жүргізіледі. Бұл туралы ҚР АШМ мамандары РФ, Қытай және Өзбекстаннан келген әріптестерімен алдын ала келісімге келді.